ШАРТАРАП ШАРАЙНА

«Ұлы Жеңіс – ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі»

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері мен Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толуына орай Алатау батыр ауылдық округінде Германиядағы Кеңес әскерлері тобы (ГКӘТ), Варшава келісім шарт әскерлері тобы (ВКШӘТ) республикалық ардагерлері қоғамдық бірлестігі мүшелерінің қатысуымен «Ұлы Жеңіс – Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты мерекелік іс-шара өтті. С.Кәттебеков атындағы жалпы білім беретін мектептің алдында бастау алған бұл кездесуге аталған бірлестіктің Мақтаарал, Жетісай, Қазығұрт, Арыс, Төлеби, Шардара аудандарындағы ардагерлері мен мектеп оқушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
С.Кәттебеков атындағы жалпы білім беретін мектептің алдындағы алаңға ҚР Мемлекеттік Туын алып келіп, Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін іс-шараға қатысушы ардагерлер Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Одан кейінгі кезекте мектептің оқушылары әскери дайындық бойынша көріністер көрсетті.
Сол сияқты республикалық ГКӘТ, ВКШӘТ ардагерлері қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшілері Абдулла Бедасов пен Қалдыбай Нұржігітов құттықтау сөз сөйлеп, соңынан соғыста және бейбіт өмірде қайтыс болған ардагерлердің рухына құран оқылды.
Негізгі іс-шара ауылдық мәдениет үйінде өз жалғасын тауып, Мемлекеттік Әнұран орындалып, соғыста, бейбіт өмірде қаза болған ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін Алатау батыр ауыл әкімінің орынбасары Тасов Сәбит Қалдыбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдық бірлестіктің алдағы атқаратын жұмыстарында жетістіктер тіледі. Мереке құрметіне бір топ ардагерлерге шапан жабылды.
Мерекелік шарада Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ізтілеу Алтынбектің құттықтау сөзінен кейін ардагерлерге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ержан Нұраховтың Алғыс хаттарын табыстап, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков құттықтау сөзінің соңында бүгінде 80 жасқа толып отырған ағасы Келдібек Тоқсанбаевтың да Германияда әскери борышын өтегенін, сол кісі арқылы ол жақтағы әскери өмірмен таныс екендігін атап өтті.
Республикалық ГКӘТ, ВКШӘТ ардагерлері қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі Бедасов Абдолла бірлестіктің алғаш рет Түркістан облысында 2022 жылы құрылып, кейіннен республикалық деңгейге жетіп, тіркеуден өткенін, қазір құрамында 40-тан астам филиалы бар бірлестіктің дені Түркістан облысында екенін, алдағы басты мақсат ардагерлердің ерліктері мен еңбектерін кейінгі ұрпаққа дәріптеп, олардың бойында отансүйгіштікті, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіріп, салт-дәстүрімізді қалыптастыру екендігін өз баяндамасында атап өтіп, қатысушы ардагерлерге қоғамдық бірлестік төрағасы Бақыт Тастановтың, Шардара аудандық филиалы директоры Қалнияз Сүйесіновтың Алғыс хаты мен «Ынтымақ жолы» қоғамдық қорының «Еселі еңбегі үшін – Жеңіске 80 жыл» медалін табыстады. Олардың қатарында Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ізтілеу Алтынбек, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Байдулла Рахматуллаев, Семей полигоны ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуелбек Кубенов Алатау батыр ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қуан Сейсен тағы басқалар бар.
Жиында Жетісай, Мақтаарал, Арыс, Қазығұрт, Төлеби және басқа да өңірлердегі филиалдардың төрағалары құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік шараны ұйымдастырушыларға деген алғыстарын білдірді.
Мерекелік шарада «Ақ маржан» бишілер тобы би билеп, С.Кәттебеков мектебінің оқушылары музыкалық қойылымдар көрсетіп, патриоттық рухтағы әндер орындалды.
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda