ШАРТАРАП ШАРАЙНА

“Тарих тағылымы”атты апталық өтті

Білім
С.Ерубаев атындағы жалпы білім беретін мектепте тарих және география пәні бірлестігі мұғалімдері «Тарих тағылымы» атты пән апталығын өткізді. Апталықтың мақсаты – оқушыларға еліміздің өткен тарихы мен табиғатын таныстыра отырып, оларды құрметтеуге тәрбиелеу, таным көкжиегін кеңейту және пәнге деген қызығушылықты арттыру болды. Бұл шара оқушылардың өз елінің тарихын, ұлы ғұламалардың өмір жолын зерттеп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етті. Сонымен қатар, апталық ойлау қабілетін жетілдіріп, оқушылардың әлемді түсінуіне жол ашты.
Апталықтың ашылуында әдіс-бірлестік жетекшісі К.Табылдиева сөз сөйлеп, мұғалімдер мен оқушыларға сәттілік тіледі. Пән мұғалімдері еліміздің тәуелсіздігі жолында елеулі еңбек еткен тарихи тұлғалар туралы сұрақтар қойып, географиялық қызықты тапсырмалар мен ойындар ұйымдастырды. Оқушылар белсенділік танытып, қызығушылықтарын арттырды.
Апталық барысында К.Табылдиева 8-сыныптарға «Түркі ғалымы М.Қашқаридың туылғанына 995 жыл» тақырыбында, Ж.Мамлеева 9 «А» сыныбында «Қазақтың ұлы ғалымы Қ.И. Сәтбаев» атты танымдық сабақ өткізді. П.Ахметова 7 сыныптарда «Махамбет Өтемісұлы» тақырыбында, Н.Қошуақов 9 сыныптарда «Құқықтық тәрбие» тақырыбында дәріс жүргізді. Р.Байман 11 «Ә» сыныбында «ҚР Конституциясына 30 жыл» атты дөңгелек үстел мен пікірталастар өткізді. А.Жолдасбекова 8 сыныптар арасында «География лидеры» атты сайыс сабақтарын ұйымдастырды. Оқушылар тарихи мәліметтер жинап, тың деректермен ой бөлісті.

Апталық соңында белсенді қатысқан сыныптар мен оқушыларға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, директордың бейіндік оқу ісі жөніндегі орынбасары Д.Асылбеков өз сөзінде ашық, танымдық сабақтардың, пікірталастар мен дөңгелек үстелдердің жоғары деңгейде өткенін, оқушылардың белсене қатысқанын және апталықтың сәтті ұйымдастырылғанын атап өтіп, қорытындылады.
ТАБЫЛДИЕВА Гүлшат–
Әдіс бірлестік жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі
Made on
Tilda