ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Кітап – рухани қазына

Төтенше жағдайлар Білім
Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына» деп ақын, ойшыл Әлішер Науаи айтқандай, кітапты өздеріңе дос, ақылшы етіп алса болашақта ел тұтқасын мықты ұстар азамат болады деген сеніммен аудандық балалар кітапханасының қорына келіп түскен балаларға арналған жаңа кітаптар жайлы айтып өту орынды деп білемін.
«Фолиант» баспасынан 2023 жылы жарық көрген «Комикстегі әлем тарихы», «Комикстегі жаратылыстану», «Комикстегі астрономия» атты Марк Барфилд кітаптарында ежелгі заманнан қазіргі заманға дейін орын алған тарихи оқиғаларға және адам ағзасының ерекшеліктері, жан-жануарлар әлемінің қызықтары мен ғылыми бағыттағы жаңалықтар туралы ақпараттарға қанық боласың.
Танымал американдық жазушы Стивен Кингтің «Жасыл миль» романында оқырмандарды Луизианна штатында орналасқан суық тау түрмесіндегі түрлі оқиғалардың куәсі болуға шақырады.
Сонымен қатар кітапханадан «Алматы – болашақ» баспасынан 2023 жылы жарық көрген Амангелді Кеңшілікұлының «Мұқағали ғасыры» атты прозасы және Қанат Нұрмахановтың «Жошы хан – көшпенді тайпаның ұлы» тарихи фэнтези романын тауып, оқи аласыздар.
М. Кенжебаеваның «Математика» атты балаларға арналған энциклопедиясы балаларды математика курсының негізгі ұғымдары мен терминологиясымен таныстырады. Кітап математикаға қызығушылық танытатын жеткіншектерге өз білімдерін толықтыруға және жүйелеуге мүмкіндектер береді.
Ақын Жадыра Байбұланованың «Сезім сөздігі» атты жыр жинағына махаббат жырлары, патриоттық тақырыптағы өлеңдері енген. Шығармаларда қаламгердің нәзік сезімі мен ішкі бұлқыныстары, табиғатқа тамсанысы мен өмірге деген құштарлығы көрініс тапқан.
Аз жазса да саз жазуға тырысатын талғампаз жазушы Мұхтар Анарбектің «Періште махаббат» кітабында шығармалар арқылы студенттік жылдарға, жалпы жастар өміріне саяхат шегеді. Махаббат, адамгершілік және достық тақырыбының көркем тілмен, жанды мысалдармен баяндалуы автор шығармаларының өзіндік ерекшелігі болып табылады.
Қазақ спорт жанрының негізін қалаған көрнекті журналист, жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың үш томдық шығармалар жинағының бірінші томына оның «Ол орамал жоғалмайды», «Жүрек ұйықтауды білмейді», «Нар тәуекел», «Егеулі найза» повестері, «Құс жолы», «Жәмила және жеңгем», «Танкі мінген Тарғапбай» тағы басқа да әңгіме, новелла, эсселері енгізіліп отыр.
Жазушы Алтыншаш Жақиянованың «Ана, сені сағындым» кітабы – балаларға арналған екінші кітабы. Кітап прозалық шығармалардан тұрады. Жас оқырманның түсінігіне бейімделіп жазылған тәрбиелік мәні бар оқиғаларға құрылған шығармалары тілге жеңіп, ойға қонымды.
Жазушы қаламынан шыққан шығармалар балаларға ой тастайтын, қиындықтарға мойымай, өмірде кездесетін әрбір оқиғаға шынайы көзбен қарауға, еңбектенуге шақыратын тұщымды дүниелер.
Аудандық орталық кітапхананың балалар кітапханасы бөлімінен мұнан басқа да кітаптарды таңдап алып қызығушылықпен оқып шығуларыңызға болады. Келіңіздер! Жаңа кітаптармен достасып, рухани байлығымызды арттыра берейік.
Гүлнұр НАҒЫЗХАНҚЫЗЫ–
Шардара аудандық балалар кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі
Made on
Tilda