ШАРТАРАП ШАРАЙНА

“ШАРДАРА АРМСПОРТ”: ҚУАТ ПЕН ЖЕҢІС ЖОЛЫ

Спорт
Қазақтың даңқты спорт тарихында ойып тұрып орын алған «Шардара Армспорт» клубы биыл өзінің 28 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл – тек бір спорт клубының ғана емес, ұлттық рухтың, қажырлы еңбектің,
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ерлік пен төзімділіктің шежіресі.
Қол күрес – білектің ғана емес,
рухтың да шайқасы

Қол күресі – бұл жай ғана білектің күшін сынайтын спорт емес, жүректің мықтылығы мен ерік-жігердің мықтылығын дәлелдейтін тартыс. Бұл – текетірестің, төзімділік пен мықты рухтың алаңы. Қарсыласты жеңу үшін тек күш қана емес, зерделі ой, стратегиялық есеп, тамаша техника мен тегеурінді дайындық қажет. Сондықтан да армрестлинг – бүгінгі таңда бүкіл әлем мойындаған нағыз батырлар спорты.
Қазақстанда қол күресі спортын әлемдік деңгейге көтерген «Шардара Армспорт» клубының орны ерекше. Бұл – тек Қазақстанға ғана емес, әлемге әйгілі болған спорт мектебі. Оның әрбір жеңісі – қазақ спортының биіктен көрінуіне қосылған үлес, көк байрағымыздың көкте желбіреуіне себепкер болған жетістік.

Шардарадан бастау
алған әлемдік деңгейдегі клуб

Бұл даңқты клубтың негізін қалаушы – қажымас қайраттың, темірдей тәртіп пен табандылықтың иесі, бүгінде Шардара ауданының әкімі қызметін атқарып отырған іскер де талапшыл басшы Арман Қарсыбаев.
1996 жылы Алматыда студент болып жүрген жас Арман қол күрес спортына қызығып, жарыстарға қатысып өз мүмкіндігін сынап көреді. Жоғары жетістіктерге жетеді. Спорттың бұл түрінде қазақ жастарының алар асуы зор екеніне сенген ол туған жеріне оралып, болашақ чемпиондарды дайындау ісін қолға алады. Клубтың алғашқы қадамдары қарапайым ғана жағдайда жасалды – үй ауласындағы ескі сарайда қара темірлерден жасалған құрал-жабдықтармен жас спортшылардың ынта-жігермен дайындыққа кірісті. Бірақ осы аз ғана мүмкіндіктің өзі үлкен армандардың бастауына айналды. Біз 2000-жылдардың басында жас Арманмен сұхбаттасқанымызда, ол клубтың болашағы мен өз армандары туралы айтқан болатын. Бүгінде, арада жиырма жылдан астам уақыт өткенде, біз оның сол кездегі жоспарларының толықтай іске асқанын көріп отырмыз.
2001 жылдың 9 ақпаны – «Шардара Армспорт» клубының ресми күні деп белгіленді. Дәл осы күні алғаш рет 12 спортшы Шардарадан облыстық чемпионатқа аттанып жүлделі орындарды иеленіп қайтты. Бұл күннен бастап тарих беттері жаңа парақтармен толықты.

Жеңіске жетелеген қажырлы еңбек

Бүгінгі таңда «Шардара Армспорт» – әлемдік деңгейдегі ең үздік спорт клубтарының бірі. Бұл – тек спортшылардың ғана емес, жаттықтырушылардың, жанкүйерлердің, бүкіл қазақ халқының ортақ жеңісі.
✔️ 113 – Әлем чемпионы
✔️ 115 – Әлем чемпионатының жүлдегері
✔️ 74 – Әлем кубогының иегері
✔️ 347 – Азия чемпионы
✔️ 284 – Азия чемпионатының жүлдегері
✔️ 75 – Азия кубогының иегері
✔️ 498 – Қазақстан чемпионы
✔️ 85 – Халықаралық турнирлер жеңімпазы
✔️ 70 – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері
✔️ 130 – Қазақстан Республикасының спорт шебері
Бүгінде шағын ауладан бастау алған клуб дүниежүзілік спорт аренасында Қазақстанның мақтанышына айналды.

Шардара – чемпиондар ұстаханасы

Қазіргі уақытта 500-ден астам спортшы тұрақты түрде осы клубта жаттығады. Клуб тек қол күресімен шектелмейді, мұнда: Гір көтеру, Дзюдо, Ауыр атлетика, Каратэ, Асық ату, Найза лақтыру, Ядро лақтыру, Таэквондо, Бокс, Пауэрлифтинг сияқты спорт түрлері де қатар дамып келеді.
Жас спортшылардың алаңсыз дайындалуы үшін барлық жағдай жасалған. Клубтың үлкен қамқорлығының бірі – жаттығуға қатысушыларға арналған тегін автобустар. Бұл – болашақ чемпиондарға көрсетілген зор қолдау.
Клубта бүгінде 32 жаттықтырушы еңбек етуде. Олар өз тәжірибесін жас буынға үйретіп, чемпиондардың жаңа толқынын тәрбиелеп келеді.

Қазақ спортының даңқты жолы – «Шардара Армспорт»

Бұл клуб – жай спорт мектебі ғана емес, рух пен жігердің тоғысқан ордасы. Бұл – жастардың өз мүмкіндігін шыңдайтын, армандарын іске асыратын қасиетті мекен.
Әлем чемпиондарын тәрбиелеп отырған бұл ұжым қазақ рухының мықтылығын дәлелдеп келеді. Болашақта жаңа белестерді бағындырып, халықаралық ареналарда жаңа рекордтар орнатарына сенім мол!
«Шардара Армспорт» күні құтты болсын!Барша спортшыларға мықты денсаулық, жігерлі рух, толайым жеңістер тілейміз! Қазақстан спорты жасасын!
Made on
Tilda