ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Лейшманиоз

Денсаулық
Түркістан облысы бойынша Сырдария өзені жағалауында орналасқан Отырар, Арыс, Шардара аудан-дарында тері лейшманиозы инфекциясының көзі саналатын үлкен құмтышқандар көбейіп кеткен.
Адамдар арасында кездесетін бұл ауру тері лейшманиозы (теріні зақымдайды) және висцеральды лейш-маниоз (ішкі мүшелерді зақымдайды) деп екіге бөлінеді. Түркістан облысы өңірінде орын алған түрі – тері лейшманиозы. Инфекцияның көзі – үлкен құмтыш-қандар, ал оны таратушылар – үндеместер қоздырғышты адамға жұқтырады.
Аурудың белгілері. Лейшманиоз ауруының белгілері құмтышқандардың құлақтарының артқы ұшында инфильтрат, жара түрінде байқалады. Кеміргіштерді шаққан кезде үндеместер ауру қоздырғышын жұқ-тырып, 7-ші күні үндеместердің өздері ауру тарататын мүмкіндікке жетеді. Ауру жұқтырған үндемес шаққан орнында қабынған терімен қоршалған дөңес пайда болады. Алғашқыда дөңестің мөлшері 2–4 мм, соңынан 10–15 мм-ге дейін жетеді. Сонымен қатар айналасындағы қабынған терінің де көлемі едәуір ұлғаяды. 1–2 аптадан соң дөңес ішіне ірің жиналып, жарылған соң, орнында бала алақанындай жара пайда болады. Ем қабылдаған соң жара іріңнен тазаланып, орнында өмір бойы сақталатын тыртықтар қалады.
Жұғу жолдары – аурудың көзі – үлкен құмтышқандар, ал оны таратушылар – үндеместер қоздырғышты адамға жұқтырады. Қоздырғышты тасымалдаушы үндеместер кеміргіштің қанын сорғаннан кейін 6–8 күн өткенде жұқтырғышқа айналады. Ауру жұқтырған үндемес адамды шаққаннан кейін ауру адамға өтеді. Аурудың жасырын кезеңі 2 аптадан 4 айға дейін созылады. Күз, қыс айларында ұзақ уақыт жазыла қой-майды, орнында тыртық қалдыратын жаралар пайда болады.
Алдын алу (профилактикалық) шаралары:
Індет тасымалдаушы үндеместермен күресу үшін көктемнен бастап олардың өніп-өсетін кеміргіштердің індерін көму, бұзылған, бос тұрған үйлердің қабырға саңылауларын сылап-тегістеп, шаруашылық және күл-қоқыстарды арнайы орындарға шығарып, тазалық жұмыстарын жүргізу қажет.
Құмтышқандармен күресу – улы дәрілерді індерге салып, кеміргіштерді жояды немесе санын азайтады. Үй-жайларды, сарайларды, жертөлелерді, қораларды ұзақ мерзімді әсер ететін улы дәрілермен (Альфа-10, Фоварит) залалсыздандыру қажет.
Жеке қорғаныс заттары – бұл неше түрлі репелленттерді (жәндіктер мен кенелерді үркітуші әсерге ие заттар) қолданып, жәндіктердің шағуынан сақтану. Ересек адамдар егістікте жұмыс істегенде жеке бас қорғаныс заттарын қолданып, жәндіктердің шағуынан сақтануы керек. Сонымен қатар үй-жайларда терезе-есіктерге тор іліп, ұйықтарда масахана пайдалану қажет.
Лейшманиоздың белгілері білінген жағдайда тез арада дәрігерге қаралып, уақытында ем қабылдау қажет.

ҚОСАНОВ. Е.Н. – Шардара аудандық дезинфекциялық секторының нұсқаушы-дезинфекторы
Made on
Tilda