ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Шардараның армрестлинг саңлақтары ел чемпионатында топ жарды

Спорт
«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демекші, шардаралық армрестлинг шеберлері тағы да өз мықтылығын дәлелдеді. Жуырда Жамбыл облысының Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасының армрестлинг чемпионатында Түркістан облысының оғландары ерекше өнер көрсетті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған білекті балуандар арасындағы тартысты додада "Шардара Армспорт" құрамасы 25 алтын медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте өзгелерден оқ бойы озық шықты! «Ердің даңқы – елмен, елдің даңқы – ерімен» дегендей, бұл жеңіс ауданымыздың 60 жылдық мерейтойына ерекше тарту болды.
Жеңіс тұғырынан көрінген шардаралық жас спортшылар ел мерейін үстем етті. Жас жеткіншектер арасында сынға түскен 36 келі салмақта Сайлау Иманғали, 40 келі салмақта Абдымутали Әділхан, 45 келі салмақта Ибрагим Бекнұр, 50 келі салмақта Әбдікерім Бағжан, 55 келі салмақта Аязхан Сүндет, 60 келі салмақта Назар Заңғар, 65 келі салмақта Әшім Азат, 70 келі салмақта Сапархан Бекнұр алтыннан алқа тағынды.
Ал қыздар арасында 40 келі салмақта сынға түскен Зиядулла Айзере, 60 келі салмақта Сымбат Сарсенбаева жеңімпаз атанса, жасөспірім ұлдар қатарында 50 келі салмақта Әмірхан Думан, 55 келі салмақта Маманияз Жасурбек, 60 келі салмақта Мелдебек Болат, 65 келі салмақта Ибрагим Әділет, ал жасөспірім қыздар арасынан 60 келі салмақта Оралбай Ұлжан, 65 келі салмақта Эльмұрат Ұлболсын, 70 келіде Оразхан Ырысты ел чемпионы атанды.
Жастар арасындағы сын да тартысты өтті. 55 келіде Зәрубек Санжар, 65 келіде Ерсайын Мейрамбек, 70 келі салмақта Самат Мұқасан, 75 келі салмақта Басымбек Нұрболат, 85 келі салмақта Хали Қасымжомарт, 110 келі салмақта Айтбек Бекет, 110 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Роман Данияр алтын медальға қол жеткізді.
Ерекше құрметке лайықты спортшылардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандар арасында 90 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Құралбаев Ұлықбек. Ол өз қарсыластарын қапы қалдырып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Бұл жеңіс – тек спортшылардың ғана емес, еліміздің мақтанышы! Батылдық пен табандылықтың символына айналған "Шардара Армспорт" құрамасын шын жүректен құттықтаймыз! Ел даңқын асқақтата берулеріңізге шын жүректен тілектеспіз!
Made on
Tilda