ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Көкжөтел: белгілері, алдын алу шаралары

Көкжөтел – жедел таралатын, көбінесе 8 жасқа дейінгі балаларда болатын жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы қысқа таяқша тәрізді бактерия (Bordetella pertussіs).
Қоздырғыш бактериялар науқас бала жөтелгенде оның демі мен қақырығы арқылы тарап, сау балаға жұғады. Бактериялар баланың тыныс органдарында өсіп-өнеді.
Жұғу жолдары.
Көкжөтелдің жұғу көзі – науқас адамдар. Олар, әсіресе, аурудың бастапқы кезінде өте жұқтырғыш келеді. Көкжөтелдің кез келген түрі басқа адамдар үшін өте қауіпті. Әсіресе көк-жөтел ұстамасы қысып, қатты жөтелген кезде сақтанған жөн. Өйткені қақырық бөлшектері 3 метрге дейін ұшады. Егер көкжөтелге тұрақты өмірлік иммунитеті қалыптаспаған болса, бұл сырқатпен кез келген жастағы адам ауыруы мүмкін.
Клиникасы.
Инкубациялық кезең 3 күннен 15 күнге дейін созылады (орта есеппен 5-8 күн). Ауру ағымы үш кезеңнен тұрады – катаральды, спазмалық жөтел кезеңі және босату кезеңі. Катаральды кезеңде құрғак жөтел, кейде тұмау болады. Дене қызуы субфебрильді немесе қалыпты. Бұл кезеңнің ерекшелігі – тұрақты қатты жөтел. Емге карамастан, жөтел үнемі күшейе береді, тіпті шектеулі ұстамаға соқтыруы мүмкін. Бұл кезең 3-14 күнге созылады.
Спазмалық кезеңде жөтел ұстама сипатында болады. Ұстама кезінде қысқа жөтел арасында демді ішке тартқан сәтте ысқырық секілді дыбыс шығады. Ұстамадан кейін қою шырыш шығады, науқастың құсуы да мүмкін. Ұстама кезінде баланың беті қызарады, одан соң көгереді, мойнындағы тамырлар ісініп, көздері қанталайды. Ырықсыз нәжіс не несеп бөлуі мүмкін. Тіл сыртқа шығып, көзден жас ағады.
Босату кезеңінде жөтел ұстамасыз болады, 2-4 аптаға созылады. Аурудың орташа ұзақтығы 6 апта шамасында, бірақ одан да ұзақ болуы мүмкін. Көкжөтел қатты асқынған жағдайда пневмонияға ұласуы мүмкін.
Көкжөтел белгілері.
Көкжөтел әсіресе өмірдің алғашқы айларындағы балаларға қиын. Біріншіден, балада қарапайым суықтың белгілері пайда болады: мұрынның ағуы, безгек, қалыпты жөтел. Бірте-бірте жөтел күшейіп, ұстамалы жөтелге айналады. Осы әлсірететін жөтел ұстамалары кезінде мидың қан айналымы бұзылады, оттегі ашы-ғуы, нәтижесінде психиканың бұзылуы және әртүрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі пайда болады.
Асқынулар
Көкжөтел өкпенің қабынуы (пневмония), мидың зақымдануы сияқты асқынулармен қауіпті.
Көкжөтелдің алдын алу
Көкжөтелден қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі – вакцинация. Көкжөтелге қарсы егу 2, 3, 4 және 18 айлық жастағы балаларға көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, «В» гепатитіне, гемофильді инфекцияға және полиомиелитке қарсы бір мезгілде кешенді вакцинамен жүргізіледі. Бұдан әрі 6 жастағы балалар АбКДС күшейткіш дозасымен егіледі.
Аурудың белгілері пайда болған кезде эпидемиологтар мыналарды ұсынады: - уақтылы медициналық көмекке жүгіну, өзін-өзі емдемеу, тек дәрігердің нұсқауы бойынша ем қабылдау;
- бөлмені жиі желдетіп, дымқыл тазалау жүргізу;
- жөтелген кезде ауызды жабу, қолды жиі жуу;
- ата-аналарға науқас балаларды ұйымдасқан ұжымдарға, мектептер мен МДБҰ-ға және т. б. жібермеу ұсынылады.
Вакцинация – аурудан қорғаудың жалғыз жолы, балаларыңызды уақытында вакцинациялаңыз! Есіңізде болсын, ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған дұрыс!
С.ҚАЙЫРШардара аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы
Made on
Tilda