ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ержан Көшенов: «НЕГІЗГІ МАҚСАТЫМЫЗ – БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ

Білім
Ауданымыздағы алдыңғы қатарлы мектептеріміз білім деңгейі мен тәрбие сапасы жағынан жақсы жетістіктерімен толығуда. Білім беруде, оқушылар арасындағы олимпиадалық кезеңдерде және ұстаздар арасындағы конкурстарда жетістіктерге жетіп, тек аудан емес республикалық сайыстарда да өз мәртебелерін асқақтатып келеді. Аталған сипаттамаға лайық мектептердің бірі – С.Кәттебеков атындағы жалпы білім беретін мектеп бүгінде білімді, зияткер және заман талабына сай әр бағытқа тиесілі қабілетке ие креативті жеткіншектер мен білімді педагогтар біліктілік қоржындарын толықтыруда. Ол мектеп басшысы мен ондағы әр кадрдың сауаттылығына тікелей байланысты. Осы тұста мектепте атқарылған және енді атқарылатын жұмыстар мен жоспарлар жайында мектеп басшысы Көшенов Ержан Мұхамеджанұлымен сұхбаттасқан болатынбыз. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Сәлеметсіз бе, Ержан Мұхамеджанұлы?! Сұхбатымызды мектептің қазіргі тыныс-тіршілігін таныстырудан бастасаңыз.
– Мен жүрек қалауыммен ұстаздық мамандықты таңдадым. Ұстаз – ұлтты тәрбиелейтіндіктен, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазіргі таңда 2023 жылдан бастап «Сырбек Кәттебеков» атындағы жалпы білім беретін мектепте мектеп директоры қызметін атқарудамын. Мұғалімдердің шығармашылық жұмыс істеуіне жағдай жасай отырып оқушылардың білім, білік деңгейін мектептің басқару жүйесін дұрыс ұйымдастыра білу мектеп басшысына және мектеп әкімшілігіне тікелей байланысты. Өн бойымда ұжымды жұмыла жұмыс жасауға баулу, барды бағалай білу, ниеттес адамдардың ынтымақтастығын нығайту, қабілетіне қарай бейімдеп басқару, жұмыс жасауларына жағдай туғызу, еңбектендіру, кәсіби жағынан жетілдіру, жұмысты нәтижемен бағалау міндеттері тұрды. Алдыма қол жетімді мақсаттар қойып ұжымға бөлінген көшбасшылар арқылы жаңашылдықты енгізуге тырыстым. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме халқымыз, осы орайда мектебімізде деңгейлік оқу бағдарламасын бітірген мұғалімдермен «Парасат» шығармашылық тобы құрылып жұмыс жасауда. Ұжымды ынталандыру мақсатында моральдық, материалдық тұрғыдан марапаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. «Үздік сынып жетекшісі», «Жылдың ең үздік мұғалімі», «Жылдың үздік оқу бөлмесі» номинациялары бойынша мұғалімдерді марапаттау және ынталандыру шаралары дәстүрге айналды.
– Мектептегі ұстаздар мен шәкірттеріңіздің жетістіктері жайлы да айтып өтсеңіз?
– Мектебімізде 201 мұғалім қызмет атқарады, барлығы жоғары білімді. Олардың арасында 62 педагог-зерттеуші, 85 педагог-сарапшы, 24 педагог-модератор бар. Олар біліктіліктерін үнемі жоспарлы түрде арттырып отырады. Мектепте жұмыс жасайтын мұғалімдердің басым көпшілігі осы мектептің түлектері.
Мектепте үлгілі, көшбасшы мұғалімдер баршылық. Осы орайда Гаухар Отарова, Мөлдір Разиева, Гүлзат Көшенова, Ермек Қаппарова, Қызболған Омарова, Ақмарал Тілеу, Ақжан Исмагулова, Қаламқас Нұржанова, Айгүл Омарбекова, Сақыпжамал Бейісбаева, Жахангүл Ұябасарова, Оразкүл Жаңғараева, Алуа Ереханова, Ғалия Қозыбаева, Қыздығой Қайназарова, Рауза Сұраубаева, Айгүл Гафурова, Алма Янгибаева, Айгүл Тәжібаева, Жамила Жасұзақова, Айгерім Тұрысбек, Мұңайтпас Ақжаров, Ермек Нұрғазиев сынды ұстаздарымызды атап өткеніміз артық болмас.
Мұғалімдер сабақта оқушы белсенділігіне қол жеткізу үшін түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып семинарлар мен шеберлік сыныптарын, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдерді тиімді өткізу, мұғалімдердің кәсіби дамуын қалыптастыруға өз үлесін қосқаны сөзсіз. Соның нәтижесінде аудандық, облыстық, республикалық деңгейде түрлі сайыстарға, іс-шараларға қатысып жүлделі орындарды иеленуде.
Былтырғы оқу жылында мектептен 8 алтын белгі, 12 үздік аттестат иегері шықты. Биылғы оқу жылында 5 алтын белгі, 12 үздік аттестатқа үміткер шығып отыр.
Оқыту мен оқу үдерісінің қай бағыты бойынша да, түрлі сайыстар, ҰБТ (ұлттық біріңғай тест) нәтижесінде алға ілгерілеушілік бар. Бұл нәтижеге бағытталған білім баспалдағына сатылап көтеріліп келе жатқанымыздың айғағы.
– Мектептегі оқу мен тәрбие жұмыстары қаншалықты жолға қойылған? Оқушыларыңыз сабақтан тыс уақытта қандай іспен шұғылданады?
– Мектебімізде үйірме жұмыстарының нәтижелері де көңіл қуантады. Биылғы оқу жылында би үйірмесінің оқушылары аудандық, облыстық және Республикалық өнер байқауларына қатысып, жүлдемен оралып бағымызды жандырды. Спорттық жарыстарда баскетбол, волейбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі секциясында көптеген жарыс жеңімпаздары жарқырап шықты. Соның ішінде айта кететініміз, облыстық және республикалық спорттық жарыстарда үнемі жүлделі орынды бермей келе жатқан Абдыхан Айсезім, Төлеп Каусар, Сейсен Мерей, Құрбанбай Мирас, Мамыр Ғалымжан, Молдаберген Бекзат сынды түлектеріміз бар. Соңғы екі жылда Шардара аудандық мектеп лигасында командалық есепте жоғары орындамыз.
Қазақ күресінен оқушыларымыз облыстық, республикалық деңгейде жүлделі орындарды иеленіп жүр. Облыстық турнирлерде Нұраят Оразбек пен Оңалбек, Ержігіт Адырбай, Медет Болатбай, Марлен Сарсен сынды оқушылар мектебіміздің мақтанышы. Сонымен қатар Қызылорда қаласында қыздар арасында еркін күрестен өткен жарыста Жұмабай Мөлдір ІІІ орынды иеленді. Халықаралық турнирде Ақылбек Өтесинов І орын, Нұрислам Мүсір ІІ орын, Ернар Кабидоллин ІІІ орын иеленсе, Петропавл қаласында өткен жарыста Убайдулла Арайлым І орын иеленіп, Азия чемпионатына жолдама алды.
Ұстаздарымыз да оқушыларға білім берумен қатар, өздерін дамытып, түрлі конкурстардан жүлделі орындарға ие болып мектебіміздің мәртебесін көтеріп келеді. Атап өтер болсам, Түркістан қаласында өткен «Тәрбие ісінің үздігі-2024» байқауынан ДТЖЖО Э.Балташева жүлделі ІІІ орынды иеленіп қайтты.
– Ержан Мұхамеджанұлы, мектепте оқушылар үшін арнайы жабдықталған қандай кабинеттер бар?
– Мектебімізде арнайы жабдықталған 3 кабинет – химия-биология және физика-информатика кабинеттері, 2 лингафонды мультимедиялық кабинет, демеушілер атынан математика және қазақ тілі кабинеттеріне интербелсенді тақталар орнатылды.
Шардара ауданының білім бөлімі әдістемелік кабинетінің жоспарына орай «Кәсіптік бағдар беру– сапалы маман кепілі», «Қазақ әдебиеті сабақтарында құндылықтарды игеру арқылы жеке тұлғаны дамыту», «Ұлттық құндылықтар. Ар-ұят, Ұлттық мүдде.Талап» тақырыптары бойынша аудандық тәжірибелік семинарлар өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып өткізілді. Ал химия-биология пәнінен аудандық 2 рет «Ашық есік күні» болды.
– Әлеуметтік сала бойынша мектепте қандай жұмыстар атқарылды?
– Биылғы оқу жылында төртінші тоқсан бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 6 отбасынан шыққан 9 оқушы анықталды. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 40 оқушыға киім-кешекке ауданға сұраныс беріліп, 28 оқушыға 40500 теңгеден қаражат түсірді. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» демеушілігімен бірінші сыныпқа баратын 8 оқушыға сөмке және мектепке қажетті құрал-жабдықтары берілді. «Аmanat» партиясы Шардара аудандық филиалыныңың төрағасы Е.Бекеттің демеушілігімен екі оқушыға сөмке табысталды. Ауыл мешіті қызметкерлерінің демеушілігімен аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан 7 оқушы мектеп формасымен толық қамтамасыз етілді. Ауыл кәсіпкерлері және мектеп мұғалімдерінің демеушілігімен 15 отбасынан шыққан 17 оқушы толық мектеп формасы және мектепке қажетті барлық заттармен толық қамтамасыз етілді.
Қамқоршылықтағы 1 оқушы мен көпбалалы отбасынан шыққан 2 оқушыға қаржылай 40 мың теңгеден берілді.
Республикалық “Мектепке жол” акциясы аясында демеушілерден 366000 теңге көлемінде қаражат жиналып, аталған қаражатқа 16 отбасыдан шыққан 20 оқушыға қаржылай көмек және мектеп формасы мен мектепке қажетті құрал жабдықтар алып берілді.
2023-2024 оқу жылында жалпы бастауыш сыныптар бойынша 430 оқушы бар. Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес 1-4 сынып білім алушылары және 5-8 сыныптар бойынша 54 оқушы толығымен мектеп асханасынан бір мезгіл тегін тамақпен қамтылды. Осы орайда мектеп асханасына оқушыларды тамақтандыруға орын жетіспейтіндіктен екі үлкен үзіліске бөлдік.
Мектебімізде сонымен қатар «Жүрегім толы мейірім» атты қамқорлық қайырымдылық акциясы қыркүйек және ақпан айында екі рет ауыл кәсіпкерлері және мектеп ұжымы демеушілігімен ұйымдастырылды. Осы акцияға түскен қаржыға жартылай жетім, тұрмысы төмен және көп балалы отбасынан шыққан оқушылар толық киім-кешекпен қамтамасыз етілді.
– Ержан Мұхамеджанұлы, басшы болып келгелі атқарған жұмыстарыңызды атап өтсеңіз. Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– ХХІ ғасыр – білімділердің ғасыры. Өркениетті ел боламыз десек, әлемдік үрдістен қалыспауға тиіспіз. Ол үшін жоғары нәтижеге жету керек. Нәтиже – көреген, заманауи басшы мен ынтымақты, табысты ұжымның бірлесе еңбек еткенінде ғана көрініс береді. Сондықтан мен мектебіміздің, жас ұрпақтың жаңашылдыққа сай болуы мен жұмысты табысты жүргізу үшін өз білімім мен біліктілігімді үнемі дамыту үстінде боламын. Біздің мектебіміз, біздің оқушыларымыз, біздің ұжым тек алда болуға лайықты.
– Көшенов Ержан мырза, сұхбат бергеніңізге үлкен рақмет! Биылғы оқу жылын жоғарғы деңгейде аяқтап, жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан: Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda