Қазіргі кезде жастар мен жасөспірімдер арасында бұзақылық фактілері көптеп тіркелуде. Оның ішінде соңғы жылдары елімізде тарихи ескерткіштерді, рухани-мәдени құндылықтарды, қоғам мүлкін қасақана жою, тып-типыл тонау әрекеттері жиі орын ала бастады. Аялдамаларда сынған әйнек, қираған орындық, жабыстырылған, жұлынған хабарландыруларды жиі көреміз. Қоғам меншігіне атүсті қарайтын, өзгенің мүлкін сыйламайтын, ойына келгенін ойрандап, қасақана қиратып, бүлдіріп жүретін бұзақыларға шектеу қою мәселесіне Мемлекет басшысы да баса назар аударып отыр. Вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Вандализмнің жастар арасында өршуінің себебі – бүгінгі қоғамның дерті – ата-ананың баламен айналысатын уақытының жоқтығы. Балаға ата-ана тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбесе, дұрыс тәрбие берілмесе, олар вандализм арқылы өзіне назар аударуға мәжбүр болады. Жасөспірім өз бойындағы агрессиялық мінез-құлықты, әрекетті, дұшпандық пен жеккөрушілікті қоғамға ашық білдіріп, мәдени құндылықтарға зиян келтіріп, тұтастай алғанда қоғамға қауіп төндіреді. «Бала тәрбиесі отбасынан басталады» демекші, әрбір ата-ана өз баласына қоғамдық орындарда өз-өзін ұстау, қоршаған ортаны таза ұстау, көше шамдарын сындырмай, қоқыстарды арнайы жәшіктерге тастау секілді қарапайым дүниелерді үнемі айтып отыруы қажет. Вандализмге қатысты деректер әр өңірде өршіп тұр. Вандалдық әрекет жасағандардың жауапкершіліктен жалтарып кететін кезі аз емес. Көбінде айыппұл төлеп, қоғамдық жұмысқа тартылумен шектеліп жатыр. Жастар мұндай қадамға алды-артын ойламай, жастық желікпен барып жатады, балаға тәрбиені отбасынан бастауымыз қажет. Еліміздің болашағы – жастар, сондықтан да еліміздің болашағы жарқын болсын десеңіз, отбасында анасы қызына өзінің тәлім-тәрбиесін беріп отырса, ұл балаға әкесі өз тәрбиесін, ақылын айтып, дұрыс жолға бағыттап отыру қажет.
Қ.Жансейтова — «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің әдіскері
Қ.Жансейтова — «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің әдіскері