ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Тыл ерлері – Ұлы Жеңістің жанқияр жанашырлары Құдайберген Асанұлының өнегелі өмір жолы

ҚР қарулы күштері
«Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер» дейді дана халқымыз. ХХ ғасырдың ең қаралы кезеңдерінің бірі — 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ел басына төнген дәл осындай зұлмат уақыттың көрінісі еді. Бұл — тек майдан шебінде жаумен шайқасқан жауынгерлердің ғана емес, тылда тынымсыз еңбек еткен еңбек ерлерінің де қаһармандық шежіресі.
Ол кезеңде майдан мен тыл егіз ұғымдай болды. Қан майданда ерлік көрсеткен сарбаздардың жеңісіне тылдағылардың төккен маңдай тері мен қажырлы еңбегі үлкен үлес қосты. Осындай елге ерен еңбек сіңірген азаматтардың бірі — Құдайберген Асанұлы.
1936 жылы 2 қаңтарда қазіргі Мақтаарал ауданына қарасты Прогресс ауылында дүние есігін ашқан Құдайберген атамыздың балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарымен тұспа-тұс келді. Мектеп табалдырығын аттамай жатып-ақ өмірдің ащы дәмін ерте татып, еңбекпен есейді.
«Бала еңбегі — балауса ерлік» десек, Құдайберген Асанұлы да сол балғын жасында-ақ тылдың бел ортасында жүріп, еңбек майданына араласты. Қар суынан үсіп, шіліңгір күн астында күйіп, егін басында жүріп шөп шапты, астық жинады, отын тасып, колхоз жұмысына белсене қатысты.
– Ол кезде «Универсал» деген тракторға суды шелекпен таситынбыз. Сусыз қалса, трактордың суы қайнап, орталықта өшіп қалатын. Аналарымыз қыстың қақаған аязында да мақта теріп, оны үйге әкеліп, от жағып қазанға салып кептіретін. Ол уақытта кептіргіш деген атымен жоқ. Бәрін қолмен істейтінбіз, – деп еске алды Құдайберген ата.
Иә, тылда тер төккен жандар – бейбіт күннің нағыз батырлары. «Еңбек түбі – береке» деген халық даналығы дәл осындай азаматтарға арналған. Қиын-қыстау сәттерде қажымай, мойымай еңбек еткен Құдайберген Асанұлы тәрізді тұлғалардың маңдай терінде бүгінгі тыныш өмірдің негізі жатыр.
Соғыс аяқталып, ел еңсесін тіктей бастаған шақта, 1948 жылы Құдайберген ата алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. 1964 жылы отбасы жағдайына байланысты Мақтаарал ауданының Славян совхозынан Мақталы совхозындағы «Жайлаукөл» ауылына қоныс аударып, еңбек жолын осы жерде бастады. Өзбекстанның 40 жылдығы атындағы совхозда трактор айдап, Амангелді совхозында да механизаторлық етті.
1968 жылы Шардара қаласына көшіп келген соң, №2 автобазада шофер болып құрылыс материалдары комбинатында, жылжымалы механикаландырылған колонналарда еңбек етті. 1984-1987 жылдары астық қабылдау мекемесінде қойма меңгерушісі болып, 1993 жылы абыроймен зейнетке шықты.
Бірақ еңбекпен өткен жылдар оның рухын шаршатпады. 1992 жылдан бастап жүрек қалауымен имандылық жолына бет бұрып, сол жылдан бастап аудандық орталық мешітте азаншы қызметін атқара бастады. Бұл қызметті 2021 жылға дейін абыроймен жалғастырды. Қасиетті Қажылық парызын да өтеп қайтты.
Құдайберген Асанұлы – тыл ардагері ғана емес, тағылымды тұлға. Оның өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, тарихқа тірі куә. Өмірлік жары Хатша Нұриддин қызымен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 18 немере мен 23 шөберенің саялы бәйтерегіне айналып отыр.
Ұзақ жылдық адал еңбегі мен тылдағы ерлігі ескерусіз қалған жоқ. 1990 жылы Кеңес Одағының «Еңбек ардагері» атағына ие болса, 2015 және 2020 жылдары Ұлы Жеңістің 70 және 75 жылдық мерейтойларына арналған медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, Шардара қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Шардара қаласына – 50 жыл» мерекелік медалі де оның кеудесіне тағылды.
Құдайберген Асанұлы – елінің еңсесін тіктеген еңбек майданының ері, ұрпағына өнеге болар асыл тұлға. Тарихтың тереңінен сыр шертетін осындай ардақты жандардың өмірі — ұлттың қазынасы.
Бейбіт көктемнің самалы соққан сайын, сол сұрапыл соғыстың жаңғырығы алыстап бара жатса да, тыл ерлерінің ерлігі – жүрегімізде мәңгілікке сақталуға тиіс. Өйткені «Өткенді ұмытқан – болашаққа қадам баса алмайды».
Аяжан Сәрсенбайқызы
Made on
Tilda