ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Жас сарбаздар слеті өтті

ҚР қарулы күштері
Өскелең ұрпақты жоғары азаматтық белсенділік пен патриотизмге тәрбиелеу, жеке тұлғаның Отан алдындағы жауапкершілік сезімін ояту, әскери қызметке деген құрметін қалыптастырып, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды, батылдық пен қайсарлықты бойларында дамыту мақсатында Түркістан облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Мақтаарал аграрлық колледжі базасында «Жас сарбаз – патриоттар қозғалысы» слеті өтті.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Шабыт» жобасы аясында өткізілген облыстық бұл шараға өңірдегі 19 колледждің әскери-патриоттық клубтары қатысты.
Сайыстың бірінші кезеңінде қатысушы командалар өз оқу орындарының «Жас сарбаз» клубы жұмысын екі минуттық бейнеролик арқылы презентациялады. Екінші кезеңде Калашников автоматын жартылай бөлшектеуден және жинақтаудан жарысып, үшінші кезеңде «Тәуелсіз Елімнің Ұланымын!» атты әдеби музыкалық айналымға кезек берілді.
Түркістан облысы Білім басқармасының білім беруді дамыту орталығының әдіскері К.Нармухамедова, облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының бөлім меңгерушісі О.Әбішев, Сарыағаш ауданындағы №60 мектептің алғашқы әскери дайындық жетекшісі Н.Орынбаевтың төрелік етуімен бірінші орынды Мақтаарал аграрлық колледжінің «Жалынды жастар» әскери-патриоттық клубы жеңіл алды.
Екінші орын Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі мен №17 колледжге бұйырса, үшінші орынды №16 колледж, Кентау көпсалалы колледжі мен Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжі иеленді.
Слет соңында қатысушылар Мақтаарал аграрлық колледжі оқушыларынан құралған өнерпаздармен бірге «Мен қазақпын» әнін хормен бірге орындап, ерекше патриоттық рух мен сезімнің тамаша көрінісін паш етті.
Ауданымыздағы №16 колледждің «Жас сарбаз» патриоттық клубының жетістікке жетуінде колледж басшылығы мен колледждің жастар ісі жөніндегі инспекторы Жаулибаева Венера Абилкасимқызының,N16 коллед "Жас сарбаз" әскери-патриоттық клубының жетекшісі әскери ұйымдастырушы Әбдіжаппар Нүркен Әбдірахманұлы мен Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігі жанындағы әскери-патриоттық клуб төрағасы Әлиасқар Шералиевтердің де қосқан үлестері мол. Өйткені олардың тарапынан үнемі қолдаулар көрсетіліп, түрлі бағдарламалар ұсынылып отырды.
Еліміздің болашағы болып табылатын патриоттық клуб мүшелеріне алдағы кезде де білім мен еңбекте мол жетістіктер тілейміз.
Жаңабай ӘЛІҚҰЛҰЛЫ
Made on
Tilda