ШАРТАРАП ШАРАЙНА

КІТАПТАР ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ

Білім
23 сәуір – Ұлттық кітап күні қарсаңында бүкіл еліміздің білім мекемелерінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар Түркістан облысының Шардара ауданындағы "Қоссейіт" жалпы білім беретін мектебінің кітапханасында да жоғары деңгейде өткізілді. Мектеп оқушыларын кітап әлеміне жетелеп, білім бұлағынан сусындатуға бағытталған бұл мәдени шаралардың басты мақсаты – жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятып, олардың әдеби шығармаларды тереңінен талдау қабілетін шыңдау және халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарын насихаттау болды. Мұндай шаралардың жүйелі түрде ұйымдастырылуы балалардың рухани дүниесін байытып, олардың жан-жақты дамуына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.
Кітап – адамзаттың рухани байлығының сарқылмас қайнар көзі! Кітап – жас ұрпақтың болашағының жарқын серігі, олардың өмір жолындағы сенімді бағдаршысы! Кітап – адамды білім шыңына жетелеп, ақылды досындай болып, өмір атты асау теңізде адаспай жүзуге көмектеседі. Біз кітап арқылы өзіміздің бай тарихымызды, ұлы ғұламаларымыздың мұраларымен танысып, олардың даналық ойларын бойымызға сіңіреміз. Сонымен қатар, қасиетті Отанымыздың көз тартар табиғатын – мөлдір бұлақтары мен асқар тауларын, кең жазира даласын, сылдырлай аққан өзендерін кітап беттерінен тамашалай аламыз.
Кітап – адамды жарқын болашаққа бастайтын бірден-бір құрал! Ол – адамның рухани жан дүниесін байытып, оның ішкі әлемін кеңейтетін алтын кілт. Кітап құдіреті – сөздің күшінде, ой тереңдігінде, сезім нәзіктігінде жатыр.

Кітап оқыған жанның көкірегі ояу, ойы терең, сөз саптауы ауқымды, дүниетанымы кең болады. Кітаппен дос болған адам мәдениетке жақын, рухани бай тұлға ретінде қалыптасады. Кітап оқу – адамның жан-дүниесіне нұр құятын, оны ізгілікке жетелейтін, адамгершілік құндылықтарға баулитын ең маңызды іс-әрекет.
Ұлттық кітап күні аясында мектебімізде сыныпаралық бірлескен кітап оқулары ұйымдастырылды. Бастауыш сынып оқушылары өздерінің сүйікті кітаптарын таныстырып, оқыған шығармалары туралы әсерлерімен бөлісті. Мұғалімдермен болған сұхбаттар барысында кітаптың адам өміріндегі маңыздылығы мен оның баға жетпес құндылығы туралы ой-пікірлер ортаға салынды. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, жауаптар алды.
Бұл шара кітап әлемінің сиқырлы құпияларын ашуға, оқушылардың оқу мәдениетін қалыптастыруға, сөздік қорын молайтуға, жан-жақты дамыған, рухани мәдениеті жоғары ұрпақты тәрбиелеуге зор үлес қосты.
Біздің мектебімізде өткен бұл іс-шаралар – жас ұрпақты кітап оқуға баулып, олардың бойында кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған игі бастама. Бұл шараның жалғасын тауып, әрі қарай дамитынына сенімдіміз.
БЕСБАЕВА Камила – Қоссейіт жалпы білім беретін мектептің кітапхана меңгерушісі
Made on
Tilda