ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Біз әлі талай биіктерді бағындырамыз

Қазіргі таңда салауатты өмір салтын сақтау, спортпен айналысуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау білдірілуде. Біздің ауданымызда қол күрес спорты жылдан-жылға кең қанат жайып, қарқынды түрде дамып келеді.
Өзім бала кезден спортқа қызығып, спортпен айналысатынмын. «Қол күрес» спортымен айналысқанды ұнатып, осы спорт түрінен чемпион болуды арман еттім. Алайда мен оқыған жылдары «Қоссейіт» жалпы білім беретін мектебінде «қол күресі» спортын үйрететін жаттықтырушылар болмады. Аудандық жарыстарға қатысып, ұтып келемін, бірақ облыстық жарыстарға қатысқанда жеңіліс табатынмын. Сол себепті де мен өзім осы спортты қолға алып, ауылымыздан чемпиондар шықса екен деп мақсат еттім. Мектепті бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтына «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға құжат тапсырдым.
Осы тұста «Қоссейіт» жалпы білім беретін мектебінің директоры Қалшабекова Орынша апайдың жақсылығын айтып өтсем артық болмас. Себебі мен екінші курсты бітіргеннен кейін осы кісіге барып жұмысқа алуын сұранған едім. Ондағы мақсатым – қол күрестен шәкірт тәрбиелеу еді. Менің қабілетімді сезді ме білмедім, мені техникалық қызметкер ретінде жұмысқа қабылдады.
Өзім тұратын Қоссейіт ауылында қол күрес үйірмесі 2015 жылдан бастап ашылып, жаттықтырушы ретінде қызметімді бастадым. Мектепте ол кезде қажетті құрал-жабдықтарды айтпағанда спорт залымыз да болмады. Мектеп директоры маған мектептің алдындағы бұрын кішігірім асхана ретінде салынған бөлмені беріп, балаларды сонда жаттықтырып жүрдім. Кейін Орынша апайға айтып ауылдық мәдениет үйінен бөлме алуға көмектесуін сұрадым. Осылайша қол күрес спортына қажетті құрал-жабдықтарды өзім дәнекерлеп, өзімше жаттығу құралдарын жасаған кездерім де болды. Ауданымыздың ардақты азаматы Арман Қарсыбаев та сол тұста маған қолдауын білдіріп, жаттығуға қажетті құрал-жабдықтарды бөлді.
Екі жылдан кейін менің шәкіртім Есен Ерасыл облыстық чемпионаттарда жақсы нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. Кейін ол Қазақстан Республикасының, Азияның чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды. Шәкірттерімді атап өтер болсам, Сәрсенбай Асылжан, Назар Заңғар, Көшербай Ернұр, Сапархан Бекнұр, Серікұлы Бейбарыс, Есенбай Бекзат, Бекхан Нұрислам, Сүттібек Нұрсұлтан, Самат Мұқасан, Есенбай Бекзат, Есен Мейрамбек, Бекмұрат Мирас, Патилда Мейрамбек, Жолдыбай Сұңқар, Серік Ерсұлтан, қыздар арасында Қалдыбай Анель, Исенбай Назерке сынды спортшыларымыздан Қазақстан Республикасының, Азия, Әлем чемпионаттары, Әлем жүлдегерлері шықты.
Қазіргі таңда Қоссейіт ауылынан 100-ге тарта бала жаттығады. Олардың арасынан 7 Әлем чемпионатының жүлдегері, 10 Азия чемпионы, 5 жүлдегер мен 10 ел чемпионы топ жарды. Бүгінде шәкірттерім алдағы Әлем чемпионатына дайындалуда.
Шардара армрестлерлерінің ұстазы Арман Қарсыбаев «Ауданның қай жерінде болмасын қол күреспен айналысуға ниет білдіріп жатқандар болса әрқашан көмектесуге дайынмын. Мен әркез Қазақстанның әр ауданы белгілі бір спорт түрімен тыңғылықты айналысса, елімізде бұқаралық спорттың көкжиегі кеңіп, дені сау, деңгейі биік ұрпақ өсіп шығуына арқау болатынын айтудан жалықпаймын» деген болатын. Мен де еліміздің спорт саласына өз үлесімді қоссам деген ниеттемін.
ЕРГЕШОВ Бекмұрат Ғаниұлы –
Қоссейіт жалпы білім беретін мектептің жаттықтырушысы
Made on
Tilda