ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ШАРДАРА – ШҰРАЙЛЫ ӨҢІР, БЕРЕКЕЛІ ШАҢЫРАҚ!

Шардараның 60 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті

Мереке қарсаңында халық игілігі үшін «Болашақ» саябағын ашып отырғанымыз – біз үшін үлкен қуаныш. Қаламыздың кіреберісіне сән беріп, салауатты өмір салтын насихаттайтын, жұртшылыққа шаттық сыйлайтын мұндай игі істер көбейе берсін. Құтты болсын! Осы саябаққа егілген ағаштармен бірге болашақ ұрпағымыз да тамырын тереңге жайып, гүлдене берсін. Мерейтой қарсаңында дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға амандық тілеймін! Шардарамыз көркейе берсін, саябақ баршаңызға құтты мекенге айналсын! – деп, ізгі лебізін жеткізді.
Аудандық мәслихат депутаттары атынан сөз сөйлеген аудандық мәслихаттың төрағасы Мүтәлиев Бұлтбай Лесбекұлы да:
– Ауданымыздың бүгінде алпыс жылдық мерейтойын абыроймен атап өткелі отырмыз. Осы Шардараны құрған аталарымыз бен әкелеріміз, ағаларымыздың бірқатары өмірден өтті. Сол кісілердің ерен еңбегінің арқасында теңіз жағасында жаңадан құрылған Шардара ауданы бүгінде кемелденіп, облыста ойып алар орны бар ірі өңірге айналды. Міне, соның бір жалғасы іспетті керемет саябақтың ашылуын өткізіп жатырмыз. Сондықтан аудан әкімі мен барша халықты осы игілікті іспен құттықтаймын, – деп жылы тілегін арнады.
Бұдан соң зиялы қауым өкілдері салтанатты түрде саябақтың лентасын қиып, ондағы демалыс орындары мен көгалдандыру жұмыстарының сапасын көріп, игі іс тындырып, халықтың ризашылығына ие болған азаматтарға алғысын жаудырды.

Мерекелік шара одан әрі жалғасып, №4 шағын аудан аумағында баспана кезегінде тұрған азаматтар мен азаматшаларға Шардара ауданының 60 жылдығына орай 60 пәтердің кілттері табыс етілді.
Қазақстан Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысы («Тұрғын үй – коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы») аясында салынған бұл тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтары мен аз қамтылған отбасыларын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді көздейді. Қоныстанушылардың тұрмыс-тіршілігіне лайықталып, жайлылық тұрғысынан заманауи талапқа сай бой көтерген баспаналарда тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасалған.
Жаңа қоныстанушыларды Шардара ауданының 60 жылдық торқалы тойымен құттықтаған аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы:
– Үйлеріңіз мерекелі де берекелі шаңыраққа айналсын! Ертеңгі күні осы отаулардан түрлі салада елімізге адал қызмет ететін азаматтар мен азаматшалар өсіп шыға берсін. Шардарамыз өркендей берсін! – деген ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ Үкіметіміздің тұрғын үй–коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі қаулысын жүзеге асыруда ауданның құрылыс саласын дамытуға сүбелі үлес қосып, жаңа тұрғын үйлердің салынуына ұйытқы болған кәсіпкерлер – Бектасов Дәулетбек Төлбасыұлы мен Қарабаев Ержан Қошқарұлы көпшіліктің ризашылығына бөленгені үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты сәтте аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков 60 пәтер иеленушіге жаңа тұрғын үйлердің кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Бағалы құжатқа ие болғандардың қатарында Кантакова Гүлнәр Шегебайқызы, Алимкулова Дана Наханбайқызы, Сұлтанова Жадыра Ералықызы, Адаева Зәуре Тәңірбергенқызы және басқа да азаматтар бар.
Пәтерлі болғандардың атынан көпбалалы ана Сұлтанова Жадыра Ералықызы сөз алып, аудан басшысы мен құрылыс жұмыстарын жүргізген кәсіпкерлерге айрықша алғыс айтты.
Мерекелік шараның аясында аудандық спорт кешенінде Шардара ауданының 60 жылдығына орай Өзбекстан Республикасы қол күрес шеберлері мен жергілікті спортшылар арасында салтанатты кездесу ұйымдастырылды. Мұнда да аудан басшылары құттықтау сөз сөйлеп, білектілерге жеңіс тіледі.
Абай алаңында өткен салтанатты шарада «Шежіре» ауылы мен тарихи жәдігерлер көрмесі көпшіліктің көңілінен шықты. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев бастаған топ көрмелерді аралап, ауыл шаруашылығына арналған заманауи техникалармен танысты. Елдің ертеңі – еңбекте екендігін ұғындырған бұл көрме – өңірдің өркендеуінің айғағы болды.
«Келіні жақсының – керегесі алтын» демекші, бірдей ұлттық үлгіде киінген 60 келіннің ел ағаларына иіліп сәлем салуы – салт-дәстүріміздің жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқандығының жарқын көрінісі болды. Сонымен қатар аудандық «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қолөнерші ақ жаулықты әжелері Ағманова Болсынай, Ибрагимова Оңласын, Дошимова Күнімхан, Ахатаева Ұлболсын, Қалубаева Әшіркүл және орталықтың еңбек терапия маманы Сайдакбарова Наргиза 60 құрақ көрпе тігіп, оны 60 әже жиылған қауымға паш етті.
Құрақ көрпешелерді көпшілікке Ағманова Болсынай апамыз жыр шумақтарымен былайша таныстырды: Шардара болғаннан соң тұрағымыз, 60-жылдыққа 60 құрақ көрпеше құрадық біз. Өйткені құрақ, ою-өрнек, тоқыма. Көшпенділермен ілесіп келе жатқан Ұлы ағымымыз. Қуанатын да, шаттанатын да күн бүгін,
Айқара ашып Шардара аспанының түңлігін. Уа, халқым, қабыл ал, бүгінгі тойға арналған. 60 ақ жаулықты аналардың 60 құрақ "шашуын". Сонымен қоса, «Шардара ауданына – 60 жыл» деп жазып, пісірген таба нанын ел ағаларына ұсынып, бірлік пен берекенің белгісін көрсетті. Абай алаңында мектеп оқушылары ұйымдастырған флешмоб пен ретро көрмелер – өткен күннің өшпес естеліктерін қайта тірілткендей әсер берді. Көрмеде ретро көліктер, ескі дүкен мен мектеп жабдықтары, тұрмыстық бұйымдар көпшілікке ұсынылды. Сонымен бірге Шардараның брендіне айналған СЭС тарихы, «Хамит» балық зауыты мен «Шардара – Армспорт» клубының жетістіктері де көрініс тапты. Аудандық мәдениет сарайында жалғасын тапқан, мерекелік жиын барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев көпшілікті мерейтоймен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді:
– Қадірлі жерлестер! Ардақты ағайын!
Бүгін біз киелі де қасиетті Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойын зор мақтанышпен атап өтіп отырмыз. Алпыс жыл – тарих үшін қысқа мерзім болғанымен, бұл кезеңде ауданымыз елге танылып, талай белесті бағындырды. Бұл жетістіктер – Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің, туған жерге деген жанашырлықтарыңыздың жемісі. «Туған жерге туыңды тік» деген ұлағатты сөзге сай, баршамыз бірігіп, Шардараны өркендетуге үлес қоса берейік. Ынтымақ бар жерде – ырыс бар. Береке мен бірлік ешқашан ортамыздан ажырамасын! Мерейтойымыз құтты болсын! – деді аудан басшысы.
Шара барысында «Шардара: 60 жыл – 60 белес» атты мерейтойлық кітаптың тұсауы кесілді. Бұл туынды – ауданның кешегі мен бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндаған, болашаққа бағдар болар құнды еңбек. Кітаптың авторы Сәбит Лаханов көпшілікке кітаптың мазмұнын таныстырып, тұсаукесер салтанатында сөз сөйледі.
Салтанатты жиында аудан басшысы Арман Романұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер мен азаматтарға «Шардара ауданына 60 жыл» мерекелік медалін табыстады.
«Өнерлі ел – өрелі ел» дейді дана халқымыз. Кештің сәнін келтірген – Шардараның тума таланттары, бүгінде еліміздің сахналарында өнер көрсетіп жүрген жерлестеріміз – Мөлдір Бақытжанқызы, Асқар Жайлаубаев, Азамат Әлиакбаров, Бақберген Омаров, Айзада Асылхан мен Ахмет Молдағұлов туған топырағына деген сүйіспеншілігін әнмен өрнектеп, «Жұлдыздар» би ансамблі елге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мереке «Алты Алаш» алаңында «Шаттыққа бөленген – Шардара» атты салтанатты гала-концертпен жалғасып, алаңға жиналған көпшілікті аудан әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешов аудан әкімінің атынан Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, ыстық лебізін жеткізді. Шараға Республикаға танымал «МузАрт» тобы қатысып, қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлады.
Гала-концерт барысында танымал әншілер Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жанәбілов және аудан өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, кешті сәніне сай әрледі. Алаң түрлі-түсті отшашулармен көмкеріліп, ел есінде қалар тамаша кешке айналды.
«Тарихын таныған ұлт – тозбайды» демекші, 60 жылдық мерейтой – тек мереке емес, ұрпаққа тағылым, өнеге. Туған жерге тағзым ету – әрбір азаматтың парызы. Шардара – асқақ рухтың, алғыр ойдың, бірлік пен татулықтың мекені. Алдағы уақытта да ауданымыздың абыройы асқақтап, мерейі таси берсін!
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ, Аяжан ТӘЖІ

Made on
Tilda