ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Туберкулезден сақтанайық!

Денсаулық
Туберкулез ауруының бактериялары қоршаған ортада өте төзімді келеді. Бұл аурудың қоздырғыштары қарым-қатынас арқылы туберкулездің микробактериясын бөліп шығаратын сырқат адамнан сау адамға ауа арқылы және туберкулез ауруына шалдыққан сиырдан, қойдан, түйеден, мысықтан, иттен және басқа жануарлардан жұғады. Сау адам ауру адаммен үнемі қарым-қатынаста болса, оның үстіне организмнің ауруға қарсы-лық көрсететін күші төмендесе, яғни әлсіресе, онда туберкулезбен ауруы мүмкін. Сондықтан отбасыларында туберкулезбен ауыратын адамдары бар үйлер тазалық пен гигиенаға ерекше мән бергендері жөн. Ал туберкулезбен ауыратын малдан ересек адамдар мен балаларға ауру жұқпай тұрғанда дереу құтылу керек. Ауру адаммен отбасында ғана емес, жұмыста, қонақта болғанда және кездейсоқ қарым-қатынас жасалғанда жұғуы мүмкін, мұны да ескеру керек. Туберкулез – адамның әр түрлі органдарын зардап шеккізеді. Мысалы, өкпені, бронхтарды, сүйекті, бүйректі, жыныс мүшелерін зақымдайды. Ең жиі кездесетіні – өкпе туберкулезі.
Егер де екі аптадан астам жөтел, тершеңдік, салмақтың жоғалуы, кеуде қуысындағы ауру сезім, қан түкіру, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі сияқты бір көрсеткішін байқасаңыз дер кезінде дәрігерге көрінуіңіз қажет.
Туберкулез ауруын жұқтырмас үшін:
- адам жеке бас тазалығын сақтап, құнарлы тағамдармен тамақтануы, таза ауада көп жүріп дене шынықтыру жаттығуларымен айналасып тұруы қажет.
- үй бөлмелерін таза ұстап, күнделікті ылғалды тазалық жүргізіп, желдетіп тұруларыңыз керек.
- үйде науқас адам анықталса басқа отбасы мүшелеріне жұқтырмас үшін дер кезінде туберкулезге қарсы емдеу мекемесіне жатып емделуі қажет.
-туберкулезге қарсы емдеу мекемесінде емделіп жатқан науқаспен кездесуге барғанда міндетті түрде бет перде тағуыңыз керек. Өзіңіздің, туған-туыстарыңыздың, айналаңыздағы қоршаған адамдардың денсаулығы Сіздің қолыңызда!
Қ.ШЫНАХАН–
Шардара аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы
Made on
Tilda