ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Днепрден жүзіп өтіп, жау шебін бұзған батыр

ҚР қарулы күштері
Киров аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне жаңадан орналасқан кезім болатын. Түс мезгіліне таянғанда көшеден азалы әуен есітіліп, бәріміз сыртқа шықтық. Сол кездегі Советская көшесімен табытты көтерген оншақты сарбаз, оның алдында азалы әуен ойнаған әскерилер мен қолдарына кішкене жастықшаларға бір-бірден медалдарды қадап алған жиырма шақты солдат жаймен қадам басып келеді екен.
Сұрастыра келе табыттағы Кеңес Одағының Батыры полковник Абылай Әлімбетов екенін білдік. Өмірінің соңғы жылдарында Қызылорда, Жамбыл облыстарында әскери комиссариятта, Талдықорған және Гурьев облыстарында ДОСААФ облыстық комитеттерінің басшысы қызметін атқара жүріп, жастарды әскери патриоттық рухта тәрбиелеу бағытында белсенді жұмысын одан әрі жалғастырып жүрген Абылай Әлімбетов Мәскеуде кенеттен қайтыс болады. Кеңес Одағының Батыры Покрышкиннің жеке ұшағымен Шымкентке, одан әрі автобуспен Киров ауданының орталығына (қазіргі Асықата поселкесі) жеткізілген кезі екен.
Жиналған қаралы қауым батырдың өмірбаянымен таныстырылып, «Мир» кинотеатрының артындағы саябаққа жерленді. Бәріміз қабіріне бір-бір уыстап топырақ салып, әскерилер аспанға оқ атып, салют берді. Арада көп уақыт өтпей басына белгі қойылып, газға жалғанып «Мәңгілік алау» жанып тұратын болды. Сол кез 1973 жыл болса, міне оған да қазіргі таңда 52 жыл өтіпті.
Абылай Әлімбетов Шардара ауданында 1921 жылы дүниеге келген. Балалық шағы Қызылқұмның «Бәйгеқұдық», «Ақдала» ауылдарында, Сырдың бойында өтеді. Отызыншы жылдары халық құмнан көшкенде әкесі қайтыс болып, 1935 жылы Шайқы атасы оны Бостандық ауданындағы Құмсан балалар үйіне өткізеді.
Абылай Құмсанда тәрбиеші болып жүріп, осында тәрбиеленген Кафияға үйленеді. Ол өзі сияқты жетім өскендердің аяғынан тік тұрып кетуі үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Сол үшін де оларға тәрбиеші болады.
Абылай Әлімбетов 1941 жылдың желтоқсан айында Бостандық аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, 1942 жылғы қаңтардың бас кезінде Шыршық қаласында құрылған 69 атқыштар дивиязиясы құрамындағы 303 атқыштар полкінің қарамағына келеді. Алғашқы әскери дайындықтан өткен полк ақпан айында Батыс майданға – Сухиничи станциясы маңына апарылады. Жан-жағы ну орман, қақаған аяз. Тың әскери бөлімше болғандықтан полк бірқатар барлау-соғыс қимылдарын жасайды. Бұдан соң әскери бөлімше біраз уақыт қорғаныста болып, немістер қорғанысты талай рет бұзуға әрекет жасағанымен зор шығынға ұшырап, әрдайым тойтарылып отырады.
Осылайша атқыштар полкінің автоматышылар ротасында болып, барлаушылар тобымен талай рет барлауға барады.
Брянск өңіріндегі және Украина жеріндегі ұрыстарда өзінің тапқырлығын көрсетіп, Десна өзені арқылы өткенде ол өз взводындағы жауынгерлермен бірге жаумен бетпе-бет шайқасып, алғы шепті алады.
Абылай Әлімбетов әсіресе Днепрден жүзіп өту кезінде ерекше көзге түседі. Қуатты өзеннің оң жақ биік жағалауын немістер «Шығыс жал» деген берік тосқауылға айналдырып, «Кеңес солдаттары Днепр арқылы ешқашан да өте алмайды» деп жариялайды.
Абылай жолдастарымен бірге қайыққа мініп, оң жағаға бет алады. Сол жағалау төмен орналасқан, сондықтан алақандағыдай көрінгендіктен жау пулеметтері мен минометтері, зеңбіректерінен атылған оқтар Днепрдің айдынына жаңбырдай жауып тұрды. Жау оғынан тесілген қайықты тастап Абылай жолдастарымен жағаға жүзіп шығады.
Малмандай су болған киімдерін шешіп тастап, оңтайлы сәтті күтіп тұрады. Биік жардан себелеп тұрған оқ саябырсыды-ау деген кезде Абылай жаудан тартып алған пулеметті немістердің өзіне қарай бағыттайды. Осы сәтті күткен басқа Кеңес әскерлері де жапа-тармағай жүзіп шығып, ұрысқа кірісе бастайды. Осылайша жаумен бетпе-бет айқас басталады. Абылайдың жеке өзі он бес неміс солдатын жайратады. Басып алған плацдармда күні бойы жаудың өршеленген бірнеше шабуылын тойтарып, полк жауынгерлерінің өзеннен өтуіне мүмкіндік жасайды. Осы ұрыста ауыр жараланып, жартылай топыраққа көміліп, контузияда жатқан жерінен табылған Абылай госпитальға жіберіледі. Абылай госпиталда жатқанда Днепрдегі шайқас батырларының бірі ретінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы қазанның 30 жұлдызындағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы өзіне де берілгенін есітіп, біледі.
Бұл жаңалық Оңтүстік Қазақстанға, туыстарына да жетті. Сал болып жатқан ағайыны Бекжан қуанышты хабарды естіп аяққа тұрып, жүріп кетеді.
1945 жылдың көктемінде Шығыс Пруссиядағы кескілескен ұрыстарға және Кенигсбергке жасалған атақты шабуылға қатысқаны үшін А.Әлімбетов комсорг болған полктегі ондаған офицерлер мен солдаттар ордендермен және медалдармен наградталды. Бұл шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін Абылайдың өзі де «I Дәрежелі Отан соғысы» орденімен наградталды.
Бұдан кейін де соғыста бірнеше рет жаумен бетпе-бет келіп ерліктің үлгісін көрсеткен, бейбіт күнде де қоғамға өзінің еңбегін сіңірген Абылай Әлімбетовке деген халықтың, мемлекетіміздің құрметі де ерекше болды.
Абылай Әлімбетов Тимирязов атындағы әскери академияда Төлеп Ибраймовпен бірге оқып, жақсы қарым-қатынаста болады. Біршама уақыт бірге де тұрған. Абылай кенеттен қайтыс болғанда табытын елге жеткізуге, кейінгі еске алу іс-шараларына қатысқан Төлеп кейіннен Шардара аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына басшылық жасайды.
Шымкент қаласындағы 11–шағынауданда, Жетісай ауданының Асық ата кентінде көшелерге батырдың есімі берілген. Асық ата кентіндегі батырдың жерленген жерінде Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына орай еске алу шарасы өткізіліп, онда Лесбек Бекжанов, Таймас Рүстемов, Тәшман Шекеровтермен қатар әскери қызметкерлер естеліктерін айтты. Соңынан Абылай Әлімбетовтің рухына дастарқан жайылып, ас беріліп, құран оқылды. Сол іс-шарада Астанадағы Батыр атамыздың ұрпағы жас музыкант-студент Пірназаров Райымбек Мүбәшірханұлы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы құрметіне Кеңес Одағының Батыры Абылай Әлімбетовке арнап шығарған «Ардагерлер алауы» атты композициялық шығармасы көрсетіліп, көшірме видеосы батырдың қызы Майраға табыс етілді.
Ауданымызда да батырға деген құрмет ерекше. «Тұңғыш Президент саябағында» бюсті қойылып, оған әр мерекеде гүл шоқтары қойылып, құрмет көрсетіледі. Шардара қаласында бір көше батырдың есімімен аталады. Қ.Тұрысбеков ауылдық округіндегі бір мектепке Абылай Әлімбетовтің есімі 1990-1991 оқу жылында берілген. 1915 жылы Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 70 жыл толуына орай жаңа мектептің құрылысы басталып, оқушылар 2016-2017 оқу жылында жаңа ғимаратта ауысып, білім алуларын жалғастырды. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында мектеп ауласында Абылай Әлімбетовтің бюстінің ашылу салтанаты болып, оған батырдың жұбайы, еңбек және тыл ардагері Кафия, қыздары мен күйеу балалары, жиендері, Абылай Әлімбетов қайтыс болғанда Мәскеуден алып келуге қатысқан туысы Мақұл Кенжебековтер сөз сөйледі. Сол сәттерге біз де куә болғанбыз.
Одан кейінгі жылдарда Кафия жеңгеміз қыздары Ләйла, Ләззат, Майрамен бірге 2019 жылы 97 жасында өмірден өткенше жыл сайын Жеңіс мерекесінде келіп, Асықатадағы Абылай Әлімбетов атындағы саябақтағы батырдың жерленген жерінде, Шардара қаласындағы «Тұңғыш Президент саябағындағы», Тұрысбеков ауыл округіндегі Абылай Әлімбетов атындағы мектептің ауласындағы батырдың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, немере інісі, полиция ардагері Шораев Қасымбек Шәкіратұлының үйінде батырдың рухына құран оқытып, қонақта болып жүрді.
1943 жылы Абылай Әлімбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенін естіген Оңтүстік Қазақстандықтар бір миллион 200 мың қаржы жинап, Батырдың есімімен аталатын бронепоезд жасатып, майданға жөнелткен болса, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығына орай асықаталық туыстары Дүйсен Қожанақов, Жақсыбек Тобақабылов, немере інісі Кенжебеков Тойлыбай Мақұлұлының ұйымдастыруымен саябақ түгелдей жаңартылып, көгалдандырылып, мерекелі күні үлкен іс-шараға дайындық жұмыстары атқарылуда.
Батырларымызға деген құрмет әрқашан күн тәртібінен түспей биылға Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығын лайықты атап өту шаралары жасалуда. Өйткені олар соған лайықты Отанымызды қорғаушылар болды. Осындай керемет мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызда амандық, атқарып жүрген жұмыстарыңызда мол жетістіктер тілейміз. Соғыс ардагерлерінің ерліктері жастарымызға үлгі болып, даңқы асқақтай берсін!
Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda