ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Орман және дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі

Төтенше жағдайлар

Табиғат байлығының бірі – орман. Оның қоршаған ортаны қорғаудағы маңызы өте зор. Табиғат тепе-теңдігін сақтап тұрушының негізгі себепшісі де сол – орман. Алайда ондағы әртүрлі өсімдіктер мен жануарларға үлкен залал тигізетін қатердің бірі өрт екені белгілі. Өрттің негізгі себептеріне тоқталсақ, олардың табиғи факторлар есебінен орын алатыны өз алдына, адамзат тарапынан себепші болуы да басты мәселе болып тұр.
Біздің өңірдегі құрғақ және желді климат, шөптесін өсімдіктердің көп болуы, орман, дала өртінің тез өріс алуына мүмкіндік туғызады. Орман және дала өрттерінің өсуі көбінесе аумақты қажет емес қалдықтардан тазарту және ауыл шаруашылығы жерлерін қажет емес өсімдіктерді немесе қалдықтарды жағу жұмыстарын жүргізу барысында орын алады. Осы жұмыстарды жүргізу кезінде тиісті бақылау жүргізілмеуінен, минералданған жолақтарының болмауынан, жақын орналасқан орман алқаптарына жалын тарап, артынша түзелмейтін шығынға әкеліп отыр.
Аймақ тұрғындары төменде көрсетілген ережелерді сақтауы тиіс:

• шабындық, егістік, орман алқаптарында қураған шөптерді, қоқыстарды өртеуге және бақылаусыз қалдыруға жол бермеуді;
• ауа-райы құрғақ, ыстық және қатты жел кезінде от жақпауды;
• демалыс орнынан кетерде алауға су құйып, құм немесе топырақ сеуіп кетуді, жанып жатқан қалдықтар мен сіріңкені лақтырмауды;
• егер өрт аумағында болсаңыз өзіңіздің күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, оның таралу бағытын, және шығу бағдарын анықтап құтқару қызметіне 101, 112 нөмірі арқылы хабарлауды.

Орман мен далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметі, орман шаруашылығы мен төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлерінен құралған мобильдік топ арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қазіргі таңда далалық және егістік алқаптарда рейдтік шаралар жүргізілуде. Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаменті тарапынан бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа табиғи өрттер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.
Өрт – тілсіз жау. Орман, тоғайлы, далалық алқаптарда өрт оқиғаларын болдырмас үшін қарапайым қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс.

Е.Сыздықов —Шардара ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау капитаны

М.Әбдіхани —Шардара қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны
Made on
Tilda