ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Облыстық робототехника байқауында жерлестеріміз биіктен көрінді

Білім
Қазіргі таңда робототехника саласы ғылым мен техниканың тоғысқан ең озық бағыттарының бірі саналады. Бұл салада бала қиялы шындыққа айналып, болашақ инженерлердің алғашқы қадамдары жасалады. Ғылым мен шығармашылықты, ұлттық құндылықтармен ұштастырған осындай игі бастаманың бірі – «Turkistan First off-season» байқауының ұлттық кезеңі Шардара ауданында өтті.
Түркістан облысының Білім басқармасына қарасты Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен, М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатта өткен байқауға облысымыздың ең үздік робототехника командалары қатысты. Түркістан, Төлеби, Созақ, Сарыағаш және Шардара аудандарынан бірнеше команда жиналып, өзара бақ сынасты.
Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, олардың шығармашылық ойлау қабілетін арттырып, әлемдік білім мен ғылымға бағыттау болды. Бұл жолғы сайыс «Су асты мәселелерін шешу» тақырыбына арналды. Себебі жаһандық маңызға ие су асты әлемі туралы біз білмейтін тұстар әлі де көп. Тақырыптың өзектілігі жас өнертапқыштарды терең ізденіске жетеледі.
Сайысқа қатысқан командалар қатарында Төлеби ауданының мамандандырылған “Дарын” мектеп-интернаты, Сарыағаш қаласындағы №69 жалпы білім беретін мектеп, Түркістан қаласындағы №33 мектеп, Созақ ауданынан Н.Төреқұлов атындағы IT мектеп-лицейі және Шардара ауданынан бірқатар оқу орындарының командалары болды. Атап айтсақ, М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернат, №16 кәсіптік колледж, М.Горький атындағы мектеп, Шардара мектеп-лицейі, Қ.Сағырбайұлы атындағы мектеп және №12 жалпы білім беретін мектеп командалары сайыстың көрігін қыздырды.
Мектеп-интернат директоры Қанайбекова Баян байқаудың ашылуында сөз сөйлеп, барлық командаларға сәттілік тілей отырып, өз мектебінің жетістіктерімен бөлісті:
– Робототехника саласы елімізде қарқынды дамып келеді. Осы бағытта біздің мектептің оқушылары Анталияда өткен халықаралық байқауда жүлделі орындар алып, еліміздің абыройын асқақтатты. Білікті ұстаз Саудабаева Маржан апайдың табанды еңбегінің нәтижесінде, біздің мектеп тек Шардара емес, еліміз үшін мақтанышқа айналып отыр. Шардараның бренді – су қоймасы мен білекті балуандар болса, енді робототехниканы да брендке айналдыруды мақсат етіп отырмыз, – деді мектеп басшысы.
Сайыстың басты серіктестерінің бірі – «ROBOTURKESTAN» Түркістан облысы білім беру және спорттық робототехника федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Оразхан Бексұлтан балалардың болашақ ғылымға қосар үлесін ерекше атап өтті:
– Балалар су асты әлемін зерттей отырып, роботтар арқылы нақты проблемаларды шешу жолдарын ұсынуда. Бұл – үлкен жетістік. Сайыс нәтижесінде жеңіске жеткен командалар Орта Азияға жолдама алады. Биылғы байқауға оқу жылының аяқталуына байланысты әдеттегіден аз команда қатысты, бірақ сапа жағынан биік деңгейде өтті, – деді ол.
Жүлдеге лайық деп танылған командалар қатары мақтанышпен атап өтуге тұрарлық. 14-17 жас аралығында Төлеби ауданының «TolebiDaryn» және Шардара ауданынан «ShardaraDaryn» командалары Орта Азия елдерінде өтетін кезеңге жолдама ұтып алды (жетекшісі – Маржан Саудабаева және Усербаева Салтанат). Ал М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп пен аудан мектептерінен құралған құрама команда оқушылары құрған «Shardara» командасы (жетекшілері Саудабаева Маржан және Раушанова Маржан) 6-10 жас аралығында Талдықорған қаласында өтетін Орта Азия додасына жолдама иеленді.
Білім мен ғылым жолында қажымай еңбек етіп, жаңа технологияны игеруге бел буған жас өнертапқыштарға сәттілік тілейміз! Болашақ осындай талапты, зерек жастардың қолында!
Аяжан ТӘЖІ.
Made on
Tilda