ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Әкем — менің ардағым

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толуына орай барлық жерде іс-шаралар өткізіліп, соғысқа қатысушылардың ерліктері болашақ ұрпаққа дәріптеліп, отансүйгіштіктері арттырылуда. Осы орайда мен де соғыс майданында болған әкем Қанай Тоғысбеков жайлы қысқаша болса да айтып өтуді жөн деп таптым.
Менің әкем Сыр бойында (Жамантоғайда) 1908 маймыл жылы туылыпты. Бір әке, бір шешеден 21 ағайынды (біреуі қыз) екен. Сол кездегі оба, шешек ауруларынан 20-сы қайтыс болып, жалғыз менің әкем-ақ тірі қалыпты. «Ес білгенде бірінші піскен арпа, бидай, кейін қауын тасып, әке-шешемді асырадым» деп отыратын. Бейнетке жараған соң қой бағып, тереңдігі 40, 50, 60 құлаштық құдықтарды қазып, оны шегендеумен айналысқан. Өте күшті, қайратты, қажырлы әкем, соғыс басталғанда 33 жаста екен. Көп қойшылар "броньмен" қалып, кейбіреулері қашып-пысып жүргенде, менің әкем өз еркімен соғысқа аттаныпты. Ол кезде жаяу, атты әскерге 80 келіге дейінгі салмақтағы адамдарды алады екен. Бұл кісінің салмағы 125 келі болғандықтан, жұмысшы батальонға Магнитогорскіге, Челябинскіге жіберіпті. «10-12 шақырым жердегі жұмыс орнына жүгіріп барып, заводтағы қара жұмысты істеп, қайтадан казармаға жүгіріп келетін едік» дейтін. Күні өте суық, түп деген түкірік жерге түспейтін жер екен. Тапсырмасын 2-3 есе асыра орындап, мақтауға ілігіп жүреді. Бір бөлімде 12 адам жұмыс істеген, ішінде бір татармен әкеміздің басы бірікпей «Казах Канай» деп мазақ еткен татарды сабайды екен. Ол басшыларына айтып барса, «өзің тыныш жүр» деп, қайтарып жібереді екен. Сүйтіп орысша үйрене алмай қалғанын айтып отыратын. Зауыттағы жұмыстан шаршағанына қарамай, 7-8 шақырым жердегі бидайдан көтергенінше арқалап әкеліп, жолдастарын қарқ қылып, алғыс алып жүреді. Осындай еңбекқорлығының арқасында, үлкен абыройға ие болған. Еңбекқорлығының шет жағасын өзіміз де көрдік. Отырған жеріміз екі үйлік жер болғанымен, жарты гектардан асатын. Соны Малюткамен қазғандай, үлкен арық етіп қолмен қазып сыртын қоршап тастайтын. Әкемізде 20 бауырының күші бар дейді екен. Оған сенбейін десең, бабасы Баян деген кісі батыр болған. Халық Баян – батыр, немесе "Жезтырнақ" дейді екен. Қолы күшті, тақымы мықты, ұстағанын тартып алатын қарулы кісі екен. «Жаман тоғай» деген жерде құстың тұмсығы кірмейтін ну орман болған. (Кейін өзеннің алды байланған соң, теңіздің астында қалды) Оның ішінде неше түрлі жыртқыш аңдар мекендеген. Сол кемердің жағасында үлкен жылан (айдаһар) пайда болып, халық қорқып далаға шыға алмай қалады. Біреулер «Сені батыр, батыр дейді. Батыр болсаң, анау айдаһарды шапшы» дейді. Атының көзін шүберекпен байлап, айдаһардың жүретін жолында күтіп, бір жартастың тасасында отырып, жанынан өтіп бара жатқан айдаһардың басынан қылышын салғанда, өткір қылыш айдаһардың басын қақ бөліп түсірген екен. Ол кісіден ешкім көкпарды тартып ала алмаған. Сол кісінің ұрпағы - әкем Қанай соғыстан аман-есен келіп, біздерді өмірге әкеліп, бірақ немере сүйе алмай, 63 жасында, менің 19 жасымда мәнгілік мекеніне аттанып кетті.
Әкем қайтыс болғаннан соң өмір мені ерте есейтті. Еңбекке ерте араласып, үлкендердің қасында көп жүріп, адал еңбек пен бақытқа жетуді мақсат еттім. Әкемізді ардақ тұтып, өзім де сондай әке болуға ұмтылдым. Қандай жетістікке жетсем де әке өсиеті мен рухының арқасы деп білемін. Шүкіршілік етемін. Барлық әке аман болсын деп тілеймін.
Тұрғанбек ҚАНАЕВ –
еңбек ардагері, «Құрмет»
орденінің иегері
Made on
Tilda