Жер-дүниені сілкіндірген II дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл. Соңғы мәліметтер бойынша бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллиондай адамын жалмаған қан майданда қазақстандық жауынгерлердің де жан аямай шайқасқаны мәлім. Осы соғыста КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Осындай жоғары мәртебеге ие болған қазақ азаматтарының саны 103 деген мәлімет бар. Осылардың алғашқы легінде 18 жасында майданға аттанып, 20 жасында Батыр атанған Тоғанбай Қауымбаев та бар. Қауымбаев Тоғанбай 1922 жылы 20 наурызда Көктөбе ауылында (бұрынғы Қызылқұм ауданы, Оңтүстік Қазақстан өлкесі) дүниеге келген. 1939 жылы Тимирязев атындағы орталау мектепті бітірген соң Шымқорған совхозында малшы болып істеген. 1942 жылы 2 қаңтарда Қызылқұм ауданының әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына алынады. Әуелі Түркістан әскери округінің №69 атқыштар дивизиясының Сталин атындағы лагерінде әскери жаттығудан өткен соң 1942 жылы 15 наурызда Ресейдің Тула қаласы арқылы Смоленск бағытындағы майданға түседі. Осы Смоленск майданының №69 атқыштар дивизиясының 237 полкінде Тоғанбай барлаушы болды. Сожь өзенін жаудан босатудағы ерлігі үшін барлаушы Тоғанбай III дәрежелі Даңқ орденімен наградталады. РСФСР – дің, Украина, Польшаның қалаларын азат етудегі ерлігі үшін бірнеше орден-медальдарға ие болады. Днепр өзенінің бергі бетіндегі Радуль қаласында тұрып, 69 – дивизияға өзеннен өтуіне мүмкіншілік жасағаны үшін Қауымбаев Тоғанбайға 1943 жылы қазан айында Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Төрт айға созылған Днепрден өту операциясында Тоғанбай Қауымбаев 69 атқыштар дивизиясының 237 полкінде болса, Абылай Әлімбетов те осы 69 атқыштар дивизиясының 303 полкінің құрамында ерлік жасап, өзгелермен бірге екеуіне де КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиуымының 1943 жылғы 30 қазандағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігін айта кеткеніміз абзал. Бұл қазақстандықтардың, оның ішінде жерлестеріміздің ерліктерінің бір көрінісі болды. Жиырма жасында «Алтын жұлдыз» таққан қазақ жауынгерін алдыңғы шептен алып, штабқа жіберген. Қаһарман атанып, өзінің айтуы бойынша, онда ол кезде атағы дүркіреп тұрған генерал Сабыр Рақымовтың адъютанты болып тағайындалған екен. Бұл туралы білікті заңгер, әрі жазушы Нығмет Төлендиев осы Тоғанбай Қауымбаев пен Сабыр Рақымов туралы «Екі жұлдыз» атты деректі шығарма жазып, кітап етіп шығарған. Тоғанбай Қауымбаев 1944 жылы кіші лейтенант курсын бітіріп, 1945 жылы Мәскеуде Жеңіс шеруіне қатысады. 1946 жылы Армиядан оралған соң, запасқа шыққан Т.Қауымбаев 1947 жылы үйленеді. 1948 жылы Алматыдағы 2 жылдық заң мектебін бітірген. Шәуілдір ауданының соты болып 1953 жылға дейін қызмет атқарған. Кейін Шымкенттегі 3 жылдық колхоз және совхоз басшыларын дайындайтын партия шаруашылық мектебін бітірген соң, түрлі салаларда қызмет істейді. Жоғары партия мектебін (1962) бітірді. Оңтүстік Қазақстан облысында, Алматы қаласында түрлі салаларда жұмыс істеді. Ленин, 1-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Жетісай ауданындағы Ленин совхозында аға агроном болып істеп 1982 жылы Құрмет демалысына шыққан. Осы совхозда бірнеше жыл ардагерлер кеңесінің төрағасы болған. 1956 жылы Ленин совхозы ұйымдастырылған. 1957 жылдан бастап совхоз орталығына тұрғын жайлар мен орта мектеп, балабақша, мәдениет үйі, кітапхана және стандартты аурухана салына бастайды. Осы мәдени ошақтардың тез әрі сапалы салынып, іске қосылуына тиісті жерлерге барып рұқсат алып, еңбек еткен Батыр аға. Әсіресе орта мектептің осы заманғы талапқа сай салынуына көп еңбегі сіңді. Совхоз орталығына көгілдір от – «газ» әкелуге Мәскеу қаласына барып рұқсат алып, жобасын бекітуге атсалысты. Жылы су ауылындағы (бұрынғы Ленин совхозы) №25 мектептің директоры Утелбаева Гүлнара Лесбекқызы: – Біздің мектебіміздің Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаевтың атсалысуымен 2007 жылы құрылысы басталып, 2008 жылы пайдалануға берілді. Батырдың құрметіне мектебімізде 2010 жылы «Ерлік» музей ашылып, түрлі кездесулердегі фотосуреттері, газетке шыққан мақалалары кітаптары мен заттары қойылды. Мектеп алдына бюсті орнатылып мерекелі күндерде оған гүл шоқтарын қоямыз. Мектепке Батыр атаның есімін беру жұмыстары атқарылуда, – десе, ардагер журналист, «Ақпарақ» газетінің директор – бас редакторы Жаппар Ғаппар: «Батыр ағамен «Жеті сыр» газетінде қызмет жасап жүргенімде бірнеше рет кездесіп, сұхбаттар жасадым. Соғыс жайлы, Кеңес Одағының Батыры, генерал Сабыр Рахымовпен кездесуі жайлы айтып берді. Жыл сайын Жеңіс мерекесінде Мәскеудегі парадқа қатысуға шақырту алатын. Мен «Жолыңыз, жататын орныңыз тегін, көмекшіңіз бар. Мені де ертіп барыңыз. Сіздің арқаңызда Жеңіс парадын көріп қайтайын» дейтінмін. Ол кісі денсаулығын айтып, келіспеді» дейді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов 2012 жылы 90 жасқа келген Тоғанбай атаның үйіне барып, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 67 жылдығымен арнайы құттықтаған. Әрине, қан майданда толарсақтан саз кешіп, қар төсеніп, мұз жастанған ардагер ағаларымыздың ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі болсын деп Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Асқар Исабекұлы батыр ағамызға Шымкент қаласынан үй берген болатын. Облыс басшысы осы үйде немере-шөбересімен тұрып жатқан ардагер батыр атамызды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, өзіне зор денсаулық, отбасына бақыт-береке тілеген. Арнайы алып келген сый-сияпатын тапсырған. Батырдың жары Шәрбану Қауымбаева да өңір басшысының ыстық ілтипатына разы болып, аналық ақ алғысын білдірген. Бейбіт күнде де өзгелерге өнеге болған ақсақал 92 жасында өмірден озды. Жұбайы Шәрбану Қауымбаева екеуі бір ұл, 3 қыз өсіріп, олардан немере, шөберелер өрбітті. Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаевқа өмірден өткенінен кейін де үздіксіз құрмет көрсетіліп, туыстары мен демеушілердің қолдау көрсетуімен бюстері, ескерткіштері қойылып, мереке сайын ерлігі өскелең ұрпаққа насихатталуда. Осыдан екі жыл бұрын Оңтүстіктің шырайлы Шымқаласында "Қазақтың қос батыры" тақырыбында Кеңес одағының батырлары Сабыр Рақымовтың 120 жылдығы мен Тоғанбай Қауымбаевтың 100 жылдығына байланысты үлкен салтанатты іс-шара болып өтті. Онда «Шымсити» қалашығында орналасқан №135 мектеп ауласына Қазақстанға еңбек сіңірген танымал мүсінші Тілеуберді Бинашевтің авторлығында қоладан құйылған батыр атамыздың ескерткіші орнатылды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Мұқан Шыңғыс Жұмабекұлы сөз сөйлеп, Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаев туралы тарихи деректерден үзінділер келтіріп, батырдың Днепр өзенінен жүзіп өтіп жаумен шайқасқандағы ерлігі жайлы айтып, көпшіліктің көз алдына сұрапыл соғыстың сын сағаттарын бір елестетті десек артық айтқан болмаймыз. Шыңғыс Жұмабекұлы қала әкімінің құттықтау сәлемін жеткізіп, осы шараға белсене атсалысқан азаматтарға, атап айтқанда Момынбекова Жадыра ханымға, Елғонов Пердехан, Рахымбердиев Үсен, Қожаев Орынбасар, Молдабеков Әділбек, Қалдыбаев Бақыт сынды азаматтарға Мұрат Әйтенов мырзаның атынан марапат қағаздарын салтанатты түрде тапсырды. Сондай-ақ, қоғам қайраткері Тілегенов Өстемір мен «Кеңес Одағының батыры Қауымбаев Тоғанбай» атындағы қордың төрағасы Үкібаев Марат Қынабекұлы ағаларымыз құттықтау сөзге шығып батыр атамыз туралы қызықты деректерді көпшілікке тарту етті. Іс-шара барысында №135 мектеп оқушылары да өздері дайындаған Ұлы Отан соғысы туралы сахналық қойылымдарымен шараның сәнін келтірді. Ақын бауырымыз Нұрлан Тотанов өзінің «Тоғанбай ата туралы толғауын» оқып жиылған жұрттың жүрегіне бір тебіреніс тудырған болатын. Елімізде Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығына орай биыл да ауқымды шаралардың қолға алынғаны белгілі. Соның бірі Жетісай ауданының орталық саябағындағы Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаевқа қойылған ескерткіш болды. Саябақтағы Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есімдері жазылған мемориал тақта қасына қойылған бұл ескерткіштің ашылу салтанатында Тоғанбай Қауымбаевтың өмірбаяны таныстырылғаннан кейін қоғам қайраткері, Түркістан облысының Құрметті азаматы Тойым Жүнісов, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, қоғам қайраткері Исатай Бөгенбай, Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаевтың қызы Алтын Қауымбаева және Кенжебек Бөриевтер лентасын қиып, ескерткіштегі жамылғыны түсірді. Алғашқы құттықтау сөзге шыққан Бақыт Асанов қазіргі Жылы су ауылында батырмен ауылдас болып, бір дастарханнан дәм татқанын, ерліктері мен өнегелі істерін талай тыңдағанын, батырмен бірге болған сәттерін бақытты күндерге балайтынын атап өтті. «Әр сөзін салмақты, мағыналы етіп айтатын, тәртіп бар жерде жетістік болатынын айтып отыратын біртуар тұлға еді. Ерлігін, есімін ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, отансүйгіштікке тәрбиелеу бәріміздің бірінші борышымыз» деді. Келесі кезекте Алматыдан келген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы қордың вице–призеденті Қарсыбай Абдуахат құттықтау сөз сөйлеп, өзінің Д.А. Қонаев атындағы қордың президенті Елдар Асқарұлы Қонаевтың атынан осындай ескерткіш тұрғызып, ел батырын ұлықтауға атсалысқан ұйымдастырушыларға деген алғысын білдірді. Сол сияқты Тойым Жүнісов, Марат Үкібаев өз құттықтау сөздерінен кейін батырдың ерліктері жайлы айтып, мектептер алдына ескерткіштері қойылып, мұражайлары ашылып жатқанын, 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткендігін атап өтті. Түрлі деңгейдегі мүшайраларда топ жарып жүрген ақындар Мұхтар Құралов пен Нұрлан Тотанов батырға деген арнау өлеңдерін оқыды. Манас Досмұратов әкесі Досмұратов Жұматайдың Украина майданында бірге соғысқан қаруласы Тоғанбай Қауымбаевқа арнаған өлеңін оқып беріп, «Ерлік» мұражайының қызметкерлеріне табыстады. – Біздер Шымқорған совхозында тұрғанымызда Тоғанбай атамен менің әкем Ермахан қызметтес болды. Шәрбәну жеңешем әйелдер арасынан алғашқы қарлығаш болып совхозда кассир қызметін атқарды. Міне, бүгінгі шараға қызы Алтын, Қуандық баласы, шөберелері келіп отыр. Юра баласы Мәскеудегі іс-шараға байланысты келе алмады. Әкем Ермахан соғыста жүргенде Тоғанбай Қауымбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағының берілгенін «Красная звезда» газетінен оқып біліп, қасындағыларға «Міне, менің жерлесім Тоғанбай батыр атанды. Ура! Біз немістерді жеңеміз!» деп қаруластарына серпін берген. Мен екі қарулас – Тоғанбай мен әкем Ермахан жайлы өзімнің «Ел ағасы – Ермахан», «Шымқорғанның қызғалдағы» кітаптарымда кеңінен жазғанмын, – деді салтанатты шарада Қоңырбаева Айжамал Ермаханқызы соғыстан Батыр болып оралған Тоғанбай Қауымбаевқа Шымқорған совхозында да үй салынып берілгендігін айтып өтті. Мерекелік шарада батырдың қызы Алтын әкесі – Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаевқа осындай ескерткіш тұрғызып, есімін мектептерге, көшелерге беріп, мұражайлардың ашылуына атсалысып жүрген барлық ел ағаларына, аудан басшыларына, туысқандарына деген шексіз ризашылығын білдірді. Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін қонақтар Жылы су ауылындағы №25 жалпы білім беретін мектеп ауласындағы батырдың бюстіне гүл шоқтарын қойып, мектептегі «Ерлік» мұражайында қойылған батыр пайдаланған заттар мен әскери киімдері, атақтарының куәліктері, батыр жайлы жазылған газеттер мен кітаптар, фото суреттермен танысып, өздері де мұражайға әкелген заттарын табыстап, мұражай қорын толықтырды.
Мектептегі кездесуде еңбек ардагері Айдархан Бапишев Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуына өзінің үлесін қосып, ата-бабасының рухы қолдап, елге Батыр болып оралып, бейбіт өмірде де жастарға отансүйгіштікті, батырлықты үлгі еткен Тоғанбай Қауымбаевты барша қазақ халқы мақтаныш ететінін, оның куәсі ескерткішінің ашылуы мен оған гүл шоқтарының қойылуы екендігін атап өтіп, сондай батыр жастар елімізде көбейе берсін деген тілегін айтты. Батыр рухына тағзым ету шарасы Жылы су ауылындағы орталық мешітте еске алу асымен, зиялы қауым өкілдерінің Тоғанбай Қауынбаев туралы естеліктер айтып, рухына құран оқумен аяқталды. Дегенмен осындай үлкен мерекеде Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаевтың есімі көшелер мен мектептерге беріліп, оған тек туыстары мен демеушілер ғана емес, биліктегі басшылар да қатысқанда Батырдың рухы бұдан да асқақтап, биіктеген болар ма еді. «Ештен-кеш жақсы» дегендей ол күндердің келер кезі жақын сияқты. Өйткені, Тоғанбай Қауымбаевтың есімін мектепке, көшеге беру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толуына, Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаевтың ескерткішінің ашылуына арналған бұл шараның өскелең ұрпаққа берген тәрбиелік мәні үлкен болды. Ерлеріміздің есімдері мен ерлік істері осылайша оларға құрмет көрсету арқылы ұмытылмай мәңгі есте сақтала берсін! Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ