ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам дерті

Бүгінде отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандар жиі кездеседі. Ағымдағы жылдың 15 сәуірінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заңға қол қойған болатын.
Жуырда осы заңның қолданылу аясында аудан әкімінің мәжіліс залында аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Қожабекова Наталья Сұңғатқызы мен «Кө-мек» дағдарыс орталығының басшысы Жүсіпова Малика Әбдрашқызы «Зорлық-зомбылықтың алдын алу мен салдарымен күресу» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.
Семинарға аудандық әлеуметтік сала қызметкерлері, жалғызілікті қарттар бөлімі мен кәмелеттік жасқа толмаған балалар бөлімшесі, «Қасиет» орталығының, Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы «Қамқорлық» орталығының, аудандық білім бөлімінің, «Рақым-сауап» орталығының, Орталық кітапхананың, Мәдениет сарайының қызметкер қыз-келіншектері қатысты.
– Мен Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің Түркістан облысы бойынша өкілімін. Құрметті қыз-келіншектер осыдан екі жыл бұрын 2022 жылдың 5 қарашасында Адам құқықтары туралы заң қабылданған. Сол заң аясында барлық өңірлерде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдіктері ашылып, қазіргі таңда жұмыс жасап жатырмыз. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және оның өкілдері еліміздегі әр адамның бұзылған құқықтарын қалпына келтіруін дұрыс жолға қойып, сол бойынша құқықтық-ағарту жұмыстарын жүргізеді. Басқа өңірлерге қарағанда Түркістан облысы құқықтық сауаттылық жағынан ең төменгі орында. Өз құқығымызды білмеуден, құқықтық-ағарту жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен біздің көптеген азамат-азаматшаларымыз алаяқтардың, жемқорлардың, теріс діни ағымдардың жетегіне кетіп жатыр. Біздің мақсатымыз құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру. Осы орайда – 17 та-мызда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілдігі жанынан сараптамалық кеңес құрылды. Сараптамалық кеңеске әр ауданның өкілдері іріктеліп алынды.
Сараптамалық кеңестің Шардара ауданы бойынша сарапшысы Қуаныш Ерназарұлы сайланды. Маған осы кісі арқылы байланыса аласыздар, - деді Наталья Сұңғатқызы.
Сонымен қатар, Наталья Сұңғатқызы еркінен тыс қыз алып қашудың қылмыс екенін айта келіп, лудомания тақыры-бында сөз қозғады.
Семинар барысында аудандық «Мейірім» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлдықыз Зейнеділова сөз алды.
– Қыз алып қашу дәстүрін екі жағдайда қарастырған жөн. Егер екі жақтың ата-аналары, екі жас келісіп қызды алып қашса, онда ол орынды мәселе. Ал қыздың еркінен тыс алып қашу – үлкен қылмыс. Жақында мынадай жағдайға куә болдым. Жігіт пен қыз кездесіп жүреді. Жігіт Астанада жұмыс жасаса, қыз Шымкентте жоғарғы оқу орнында студент. Жігіт қызды келісімімен алып қашады. Бірақ түнгі сағат үште қыз «Үйге кетемін, мені еркімнен тыс зорлап алып қашты» деп айғай шығарады. Сонымен әлгі жігіт жақ алып қашқан қызға қомақты қаражат беріп, әрең дегенде құтылады. Соңында білгеніміз, қыз және оның ата-анасы ұйымдасқан түрде, жігіттен ақша бопсалайды екен. Міне, қоғамда осындай да сұмдық жағдайлар болып жатыр, - дейді Ұлдықыз Зейнеділова.
Зорлық-зомбылыққа отбасылы әйелдер де көп ұшырайды. Олардың көпшілігі үнсіз қалуға мәжбүр. Отбасының бұзылмауын ойлайтын аналар баланы әкесіз өсіргісі келмейді.
– Аудандық ауруханаға зорлық-зомбылыққа ұшыраған келіншектер түсіп жатады. Біз алғашқы көмек көрсетеміз. Олармен жұмыс жасау барысында әйелдер зорлық-зомбылыққа қанша ұшыраса да, қайтадан өз отбасына барады. Өйткені біздің менталитетке жат. Оны, біріншіден, әке-шешесі қабылдамайды. Екіншіден, бала-шағасын әкесіз өсіргісі келмейді. Мемлекет тарапынан қанша көмек болса да, әйел адам өз құқығын түсінбейінше, бұл әрекет жалғаса береді. Әсіресе ауылдық өңірлерде құнсыздану процесі жиі кездеседі. Себебі, қыз балаға "саған анау болмайды, мынау болмайды" деп көп тыйым салып, шектеу қоямыз. Менің ойымша, қазіргі таңда ата-ана қыз балаға өзінің құндылығын көбірек айтып, түсіндіруі қажет, - дейді Орталық аурухананың психологы Қамқа Ерғалиева.
Отбасы – махаббат пен тыныштықтың, мейірім мен шаттықтың мекені. Сондықтан да отбасын құрған ерлі-зайыптылар отбасы құндылығын сақтауы қажет. Мейірім мен махаббатқа бөленіп өскен баланың болашағы да жарқын.
Семинарда «Көмек» дағдарыс орталығының басшысы Жүсіпова Малика Әбдрашқызы қоғамдағы ата-ана жауапкершілігінің әлсіреуін ашына айтып, балаларға мұқият болуды, уақытында олармен сырласу керектігін айтты.
– Қазіргі қоғамда «Ұят болады» деген ұғым бірінші тұр. Кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың біздің орталыққа келгенін көргенде жүрегің ауырады. Ата-ана баланы мектепке апарғанда білім береді деп апаруы керек. Ал тәрбиені отбасы беруі керек. Себебі орталыққа келген өрімдей 11-12 жасар қыздармен жұмыс жүргізу барысында әкесінен, өгей әкесінен, ағасынан, туыс ағасынан түнгі он екіде, төртте, таңғы бесте зорланатындығы анықталып жатады. Оған кім кінәлі? Ол кезде ата-ана қайда болды? Осыны ойла-нуымыз керек,- деді Малика Әбдрашқызы.
Қызу пікірталаста он құрсақ көтерген, алтын құрсақты ана, Төменгі тоғай елдімекенінің тұрғыны Лаззат Орынбаева сөз сөйлеп ауданымыздың әл-ауқаты күннен-күнге артып келе жатқанын, қыздарымыздың тәр-биелі екендігін, жақсы тәрбие беріліп отырғандығын тілге тиек етті.
– Біз тұратын кішкентай ғана Төменгі тоғай елдімекенінің ұйымшылдығын, ауызбіршілігін мақтана айта аламын. Ватсап желісіндегі топта ауылда болып жатқан зорлық-зомбылық әрекеттерін ауызбіршілікпен ше-шуге атсалысады. Отбасындағы ұрыстың көпшілігі әлеуметтік жетіспеушіліктен туындайды емес пе? Сондай тұста аталарымыз қаражат жағынан қол ұшын созуға атсалысады. Барлық елдімекенде қарияларымыз, ауыл билері белсенді болса, келеңсіз жағдайлар азаяр еді, - деді Ләззат Орынбаева. Сонымен қоса, семинарда аудандық Әжелер алқасының мүшесі Нұртаева Есенкүл мен Серікбай Маргарита секілді аналар өз ойларымен бөлісіп, тақырыпты аша түсті.
Ия, ата-ананың жұмысбастылығы балаға дер кезінде тәрбие бере алмауына себепкер болуы мүмкін. Бірақ жұмыстан тыс уақытта қадағалап, баламен жақын қарым-қатынас орната білсе, бұл мәселенің түйіні ше-шіледі деп ойлаймыз.
Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda