ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Мамандығым – мақтанышым

Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең күрделі де жауапты қадам. Мамандық таңдау әр адамның жауаптылығы мен сенімділігін қажет етеді. Мамандық таңдауға қадам жасау үшін ең алдымен түрлі ақпараттарды саралап, адам өзіне не қажет екенін, не қолынан келетінін анықтап алғаны жөн. Қолынан не келетінін, не қалайтынын, таңдаған мамандыққа деген сүйіспеншіліктің нақтылығына деген ішкі сенімі мен мүмкіндіктерін анықтау қажет.
Адам өмір бойы өзіне азық болатын кәсіп иесі болу үшін өзін танып, саралап, мұқият зерттеу керек. Сол іске деген бейімділігі мен қызығушылығы, алдағы мүмкіндіктер мен үлкен жетістіктерге жету жолдарын түсін-гені жөн.
Адам бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерді білу керек. Егер бойдағы қасиеттерді саралай білсе, мамандық таңдауда кедергі болмайды. Содан кейін ғана оқу орнын таңдауға болады.
Мамандық таңдауда ата-ана, туған-туыс, мұғалімдер кеңес беретіні заңдылық. Дегенмен әр жас түлек өз мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ең бастысы жоғары оқу орнындағы оқу процесінің өзіндік талаптарын білу керек.
Кейде ата-аналар баласының мүмкіндіктерін ескермей, өз қалауларын тықпалауға, қаржы жағынан көп пайда әкелуі мүмкін деп баланың таңдауына шектеу қойып жатады. Әрине ол ата-ананың бала кезінде жүзеге аспаған арманы болуы да мүмкін. Мамандық таңдаудан қателескен ата-ана, сол арманын баласы арқылы орындауға тырысуы мүмкін. Ондай жағдайда жас түлек өз арман-мақсаттары мен болашағын ойлағаны абзал. Өз мүмкін-діктері мен жүрек қалауын, алға қойған мақсаттан шегінуге болмайтынын табандылықпен дәлелдей алса, алынбайтын қамал болмас.
Нақты қадам жасалып, таңдаулар анықталған соң, мамандық алудың қыр-сыры басталады. Барынша сапалы білім алу үшін нақты жоспар құру керек. Жоспарды жылдарға, негізгі және қосымша деп қарастыру қажет. Алға қойған мақсатқа қол жеткізуде өмірде түрлі қиыншылықтар кездесуі мүмкін. Ол үшін әрине, ішкі түйсік пен шыдам, қажымас еңбек керек.
Мамандық таңдауда кейде біржақты пікірдің қалыптасуы да мүмкін. Яғни ата-анасының айтқанынан шық-пай, солардың ығымен жүру (өз мақсатын тұншықтыру), сол кәсіптің тек материалдық тұрғыдан ғана пайдасын ойлау, өз қалауының не екенін ажырата алмау, басқалардың жетегінде кету, кездейсоқ грант иегері атанып, ақылы оқуға мүмкіндік болмау, тек диплом алуды ғана ойлау. Бұл пікірдің барлығы мамандық таңдау барысында өте мұқият таңдау жасаудың алғышарты болуы керек.
Алғышартты айқындап алудың негізгі белгілерін анықтап алу керек.
Ең алдымен сіз нені қалай-сыз? Сол мақсатқа жету жолында күресе білесіз бе? Жеке тұлға ретінде өз ұстанымыңызды ылғи сақтай аласыз ба? Басқалардың пікірі сіз үшін маңызды ма? Тағы басқа да сұрақтар нақтылануы шарт.
Мамандық таңдау – жас-өспірім шақтағы маңызды шешім. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жастың ал-дында бірнеше мамандықтан өзіне лайықтысын таңдау міндеті тұрады. Әрине мамандықтың жаманы жоқ, дегенмен оған икемділік пен қабілет қажет. Кейде мамандық таңдай білмегендіктен жұмысқа деген құлшыныс та азаяды. Сондықтан да өз мамандығына деген қызығушылықтың болмауы, жұмыс сапасының нашарлығы, басқа салаға кетіп қалу жағдайлары да кездеседі. Әр адам өзін дамыту үшін білім алып, сол біліміне сай мамандыққа ма-шықтануы керек. Әр адамның өмірі өз қолында және өміріндегі көп уақыты мен күші осы кәсіпке жұмсалатын болғандықтан, өзі үшін дұрыс таңдау жасау өте маңызды. Мамандықты дұрыс таңдау үшін түлектер қажетті мамандық бойынша түрлі мағлұматтарды интернет-ресурстардан алып, өз қызығушылықтары мен бейімділіктерін ескеруі керек. Жоғары оқу орындарында мектеп түлектері үшін өткізілетін ашық есік күндеріне қатысу, мамандық таңдау мен соған сәйкес оқу орнын таңдауда маңызды орын алады.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық иесі атану – өмірдегі басты қағида. Өмір жолында биік белестер мен алар асулар молынан болу жолында мұқият қадам басып, даңғыл жолда көрер жақсылығымыз көп болғай.
Д. УЗАХБАЕВА –
С.Ерубаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің Кәсіби бағдар беру педагогы
Made on
Tilda