ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Футболдан Болатбек Юнусов атындағы облыстық турнир өтті

Спорт
Өткен аптада Юнусов Болатбек Кақанұлының 63 жас мерейтойына арналған футболдан ересектер арасында облыстық ашық турнир өтті.
Турнирдің салтанатты ашылуында еліміздің Әнұраны орындалып, Шардара қаласының әкімі Олжас Айдосов турнирге келген барша қонақтарды, қатысушыларды мерейтоймен құттықтап, Болатбек Қақанұлын «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-сияпат көрсетті.
Сонымен қоса, Шардара аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Айдаров, аудандық мәдениет саласының ардагері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Әбдіғаппар Айдаров, Болатбек Қақанұлының досы Қайназаров Баянбайлар сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Юнусов Болатбек Кақанұлы 1960 жылы 25 қаңтарда Өзбекстан Республикасының Самарқанд облысындағы Нұрата ауданында дүниеге келген. 1967-1971 жылдары Шардара ауданының Жібекші ауылындағы Ғ.Мұратбаев, 1971-1977 жылдары Көксу ауылындағы С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектептерде оқыды. Еңбек жолын 1978-79 жылдары «Қызылқұм» совхозында №22 жылжымалы механикаландырылған колоннада жұмысшы болып бастады. 1979-1984 жылдары Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтын бітіріп «Инженер-механик» мамандығын алып шықты. 1984 жылы «Шардарақұрылыс» басқармасына қарасты №1 автобазаға жұмысқа қабылданып, сол мекемеде жанармай бекетінің бастығы, механикалық жөндеу цехының бастығы қызметтерін атқарды. 2004 жылы Шардара қаласындағы №16 кәсіптік лицейде механик, 2006 жылдан зейнет жасына дейін Аудандық балалар саз мектебінде директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Отбасында екі ұлды тәрбиелеп өсірді.
Мінсіз қызметі үшін «Шардара ауданына 55 жыл», «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» төсбелгілері мен «АМАNАТ» партиясының, аудандық білім бөлімінің және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының «Алғыс хаттарымен» марапатталған.
Жүлде қоры 3 миллион теңгені құрайтын бұл дода екі күнге ұласты. Турнирге қатысқан 15 команданың ішінен жүйріктер алдыңғы орыннан көрінді. Аяқ доп шеберлерін атап өтер болсақ, І орын – Шардара ауданы, ІІ орын – Сарыағаш ауданы, ІІІ орын – Мақтаарал ауданы, ІV орын – Келес ауданы, V орын – Шардара қаласының екінші мөлтек ауданы командалары ие болды.
Жүлделі орын алған команда ойыншылары медаль, Дипломмен марапатталып, қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ турнир барысында белсенді ойын көрсеткен футболшылар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда: Сабырдинов Мекемтас – үздік қақпашы, Ілімов Қуан – үздік қорғаушы, Тұрдыбай Әсет – үздік жартылай қорғаушы, Әбілқасым Мақсат – үздік шабуылдаушы, Кенже Сержан – ең шебер ойыншы аталымдары бойынша марапатталды. Үздік ойыншыларға да бағалы сыйлықтар табысталды.
Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda