ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Жерлестеріміз 9:0 есебімен жеңіске жетті

Спорт
Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойы аясында ерекше маңызға ие ауқымды спорттық шара – қол күресінен халықаралық деңгейдегі тартысты дода ұйымдастырылды. Бұл бәсекеде қазақ елінің намысын әлемге әйгілі "Шардара Арм-спорт" спорт клубының білекті спортшылары абыроймен қорғады.
Азия құрлығының таңдаулы командаларының бірі саналатын Өзбекстан құрамасына қарсы өткен бұл жекпе-жек – шын мықтыны анықтайтын сәт болды. Жетіле дайындықпен келген шардаралық жігіттер тоғыз салмақ дәрежесінде өзбек спортшыларымен күш сынасып, жанкештіліктің, шеберліктің және жеңіске деген жігердің жарқын үлгісін көрсетті.
Әр салмақта өткен сайыс – көрермендердің делебесін қоздырып, тартысқа толы сәттер көп болды. Соңында, «Шардара Армспорт» клубының оғландары өздерінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, қарсылас команданы 9:0 есебімен айқын басымдықпен тізе бүктірді.
Жеңіс қуанышын бөлісуге келген аудан әкімі Арман Қарсыбаев шардаралық спортшыларды бұл жарқын жетіс-тіктерімен шын жүректен құттықтап, арнайы марапаттар табыстады. Сонымен қатар, спортсүйер қауымға ризашылығын білдіріп, ауданның спорт саласындағы жетістіктері алдағы уақытта да еселене беретініне сенім білдірді.
Шардараның білекті жігіттері бұл жеңіспен тек ауданның ғана емес, тұтас елдің абыройын асқақтатты.
Аяжан ТӘЖІ
Made on
Tilda