Қазіргі заманда білім беру мен оқушыларға бағыт-бағдар беру саласы жыл сайын өзгеріп, дамуда. Профориентация сыныптан тыс оқыту процесінің маңызды бөлігі болып табылады. Технологиялар мен интернеттің кең таралуы нәтижесінде профориентацияны (професиялық бағдар беру) жүргізудің жаңа әдістері пайда болуда. Олар мектеп оқушыларына өздерінің болашақ кәсібін таңдауда көмек көрсетуге бағытталған. Онлайн сауалнама жүргізу – осы мәліметтерді жинаудың ең тиімді әдістерінің бірі. Аталған процесте ата-аналар және оқушылардың пікірі мен ұстанымдарының маңыздылығы ерекше. Бұл мақалада онлайн сауалнаманың артықшылықтары мен тиімділігі және оқушылар арасында профориентацияны тиімді жүргізудің заманауи әдістері туралы қарастырамыз. Сандық технологиялардың дамуымен қоса, мектептерде сауалнамалар мен тесттерді онлайн түрде жүргізу мүмкіндігі артты. Google Forms, SurveyMonkey сияқты платформалар арқылы команда құрып, оқушыларға кәсіби бағыттау тесттерін жіберуге болады. Бұл тесттер оқушылардың қызығушылықтары мен қабілеттерін анықтап, олардың қандай мамандықтарға сәйкес келетінін көрсетеді. Нәтижелер тез өңделіп, оқушыларға жекелендірілген қайтарым жасауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге онлайн сауалнаманың басты тиімділігі жылдамдық пен қолжетімділікте. Яғни, жедел түрде үлкен көлемде мәліметтер жинауға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, уақыт тапшылығы жағдайында маңызды. Қолдануға ыңғайлы. Ата-аналар мен оқушыларға өздеріне ыңғайлы уақытта және ыңғайлы жерде сауалнамаға қатысу мүмкіндігі болады. Және олардың қатысу деңгейін арттырады. Деректердің дәлдігі, автоматты түрде талдау және мәліметтерді жинау процесі қателерді азайтып, нәтиженің дәлдігіне ықпал етеді. Осы орайда жуырда Сырбек Каттебеков атындағы жалпы білім беретін мектебінде 10-11 сынып оқушыларынан және олардың ата-аналарымен профориентацияға қажетті маңызды мәліметтерді жинап талдауға, оқушылардың кәсіптік бағдарын нақтылауда, ата-аналардың пікірі мен ұсыныстарын анықтау мақсатында онлайн форматта диагностикалық сауалнамалар жүргізілді. Сауалнама қортындысы көрсеткендей ата-аналардың баласының мамандық таңдаудағы болашағына бейжай қарамайтындығы, баланың таңдаған саласына мән беруі және баланың пікірімен қызығушылығын қолдайтындығы анықталды. Мәселен, сауалнама мазмұнында «Балаңыздың болашағы туралы қаншалықты жиі ойланып, онымен бұл тақырыпта сөйлесесіз?» деген сұраққа ата-аналардың 85%-ы үнемі сөйлесіп, ақылдасып отыратындығы анықталды. Оқушылардың алынған диагностика барысында басым бөлігі болашақ мамандық таңдау мәселесіне ерекше назар аударады. Оқушылардың 78%-ы болашақ мамандықтары жайлы ойлана бастағанын және кәсіби бағыт бойынша кеңес қажет екенін атап өтті. Оқушылардың 85%-ы кәсіби кеңес алудың маңызды екенін айтты. Тәжірибелі мамандармен немесе тәлімгерлермен байланыс орнатып, нақты кеңес алуды қажетсінеді. Онлайн сауалнама оқушылардың кәсіби бағдарлау тақырыбына үлкен мән беріп отырғанын көрсетті. Негізгі басым бөлігі болашақ мамандықтарын анықтау жолында цифрлық құралдар мен онлайн ресурстарды пайдалана алады. Қазіргі заманда профориентацияны жүзеге асыруда сандық технологиялардың орны ерекше. Осыған байланысты, мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін онлайн платформалар мен цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу керек екендігін нақтылап отыр. Онлайн сауалнамалар, виртуалды саяхаттар, кәсіби сынамалар, әлеуметтік медиа мен мобилдік қосымшалар оқушыларға өз болашақтарын анықтауда үлкен көмек көрсетеді. Заманауи тәсілдерді пайдалану арқылы білім мекемелері мен педагогтар жастарға уақыт талабына сай, жан-жақты бағдар беру мүмкіндігін арттыра алады. Осылайша, оқушылар өз қызығушылықтары мен қабілеттеріне сәйкес келетін мамандықты таңдап, табысты болашақ құруға әзірленеді. К. ЕРКИНБЕКОВА – Сырбек Каттебеков атындағы ЖББМ-нің Кәсіби бағдар беру педагогы