ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Шардараның шарболаты – Әлемнің шыңында

2025-05-21 11:28 Спорт
Жақында елорда төрінде өткен пара дзюдодан Әлем чемпионатында жерлесіміз, Шардара ауданының мақтанышы, Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Құлмырза Бексұлтан Нұрланұлы жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің көк байрағын желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатты. Бұл – күллі Шардара жұртшылығының, еліміздің қуанышты сәті болып, мәртебемізді биіктетті.
Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Әлем-дік додада 38 елден барған 300-ден астам мықты спортшылар өз шеберліктерін сынады. Осындай тартысты жарыста 81 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз балуан Бексұлтан Құлмырза татамиге төрт рет шығып, барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, әлем чемпионы атағына ие болды.
Батырын құрметтеген ел – берекелі ел. Жеңімпаз ұланымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған салтанатты шарада аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев жүрекжарды лебізін білдіріп, Бексұлтанның бұл жеңісін – жастарға үлгі, ел рухын көтеретін тарихи жетістік деп бағалады.
– «Еңбек – ерлікке жеткізер, ерлік – елдікке жеткізер» дейді дана халқымыз. Бексұлтанның бұл жеңісі – табандылықтың, қажырлы еңбектің, патриоттық рухтың жемісі. Мұндай жеңістер өскелең ұрпақтың бойын-дағы жігер мен намысты оятып, спортқа деген қызығушылығын арттырары сөзсіз, – деді аудан басшысы.
Қуанышты сәтте Құлмырза Бексұлтанға аудан әкімі темір тұлпардың кілтін табыстаса, оның сенімді серігі, білікті бапкері Нұрбол Молдарахметұлы Шаймановқа 500 000 тең-гелік қаржылай сертификат табыстады.
Еліміздің намысын қорғаған ердің еңбегі еш кетпейді. Бұл жеңіс – тек бүгіннің ғана емес, ертеңгі ұрпақтың бойына сенім ұялатар өнеге болары сөзсіз. Ендеше біз де жерлесімізді жеңісімен құттықтай келе, алдағы байрақты бәсекелерде сәттілік серігі босын деп тілек білдіреміз.
Аяжан ТӘЖІ