ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ҰСТАЗДЫҚ ҰЛЫ ЖОЛДАҒЫ ЖОЛБАСШЫМ

Бұралаңы мен бұлтарысы, қалтарысы мен қатпары көп мына өмірде сан мыңдаған адаммен кездесесің, жүздесесің, кейде тіпті ұзақ жолда сапарлас болуың да ғажап емес. Сол адамдардың ішінде әрқайсысы өзіне ғана тән жақсы жағымен, жағымды ісімен есіңде мәңгі қалады. Ал енді сенің бір жетістікке жетуіңде, биік белесті бағындыруыңда өзіңнен бетер қуанатын адам жаныңнан табылып, тілеулес болса ол да бір ғанибет.
Мен үшін сондай санаулы жанның бірі — Шардара орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін ұзақ жыл абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шыққан Жаңылай Зияшқызы Айдарова.
Құжат бойынша Жаңылай болғанымен біз үшін Сәкен апаймен таныстығым 1998 жылы Шардара орта мектебінде басталды. Мен 10-сыныптың жетекшісі болғандықтан, тығыз байланыста жұмыс істедік. Апай мектептегі мұғалімдер бөлмесінің кіре беріс есігінің қасындағы аядай ғана бөлмеде отыратын. Өзі отырған столдың тартпасында не жоқ дейсің. Шеге, ине- жіп, қайшы т.б заттардың түр-түрі бар. Жұмыс барысында бір нәрсе қажет болса, анасына еркелеген баладай апайға жүгіріп барамыз. Апай жылы жымиып, тартпасынан біз сұраған затты беріп жібереді. Сәкен апайдан ұстаздық ұлы жолдағы ұлағатты үйрендім. "Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, Аристотельден өмірді жақсы өткізу туралы білім алдым" деген екен даңқты қолбасшы Александр Македонский. Ал апайдың жолдасы Қыстау ағайдан мемлекеттік қызметтің қыры-сырына қанықтым. Қасекеңнің жақсы қасиеті — бетің бар, жүзің бар деместен ойын бүкпесіз ашық айтатындығы мен жақсы ісіңе балаша қуанып, оң бағасын беруді ұмытпайтындығы.
2005 жылы Ғылым және білім қызметкерлерінің республикалық форумына делегат болып қатысып, сол кездегі Білім министрі Бірғаным Әйтімовамен кездестік. Республикалық бұл шараға барлық облыстардағы ЖОО ректорлары, колледждердің, Дарын мектептерінің директорлары, облыстық білім басқармасының басшысы Ерғали Сарманов, ал ауданнан айтулы азамат, жақсы істердің жанашыры, қаладағы 16 колледждің директоры Зәкір ағай Талбидинов қатысты.
Форумнан келген соң, ауданда үлкен іс-шара аудандық мәдениет сарайының алдында өтетін болып, жастардың атынан сөйлеу маған тапсырылды. Менен бұрын ширек ғасырға жуық білімнің киелі қарашаңырағы Шардара орта мектебін басқарған, ұстаздардың ұстазы Жамал Өтегенқызы Төлешова сөйледі. "Алуан түрлі жүйрік бар, әліне қарай шабатын" дегендей мен де шама-шарқыма қарай өз ойымды айттым. Сөйлеп болып кетіп бара жатқан едім, Қасекең жас балаша қуанып:
– Орынша, жақсы сөйледің, бірақ Жамал апайға 5, саған 4 ,-деді. Мен күліп:
– Апайдың жасына жеткенде 5 аламын, -дедім. Екі жылдан кейін аудан әкімі аппаратына қызмет ауыстырдым. Жұмысқа тұрған күннің ертеңінде қасымда бір кабинетте отыратын Есенбай ағай сыртқа шығып кеткен еді. Бір кезде аппараттың бір қызметкері келді де, аппаратный болады, жүріңіз,- деді. Аппарат басшысы Қыстау ағай аппараттағы барлық қызметкермен жиналыс өткізейін деп жатыр екен. Кешігіп келгеніме ыңғайсызданып қалдым да, бос тұрған бір орынға отыра салдым. Бәрі 1 минуттай үнсіз отырып қалды. Жан-жағыма қарасам, барлығы маған қарап қалыпты. Мен түкке түсінбей Қыстау ағайға қарадым.
- Орынша, ол орынға бөлім басшылары отырады,- деді ағай. Сол кезде барып "Жазылған заңнан, жазылмаған заңдар қатаңырақ" деген бір ұлы адамның ұлағатты сөзі санама сарт ете қалды да, мектеп пен мемлекеттік қызметтің арасында жер мен көктей айырмашылық барын бір-ақ сәтте ұғындым. Бір күні аудандық әкімшіліктің 2-қабатында бір топ адам әңгімелесіп тұрғанда Қасекең:
– Мұғалім деген бала ойлайтын тар шеңберде қалады. Орынша әкімшілікке сол тар шеңберге сыймаймын деп келді, - деді.
Ер жігіттің бағының артып, бақытының тасуы, абыройлы болуы жан-жарына байланысты болса, Қыстау ағай жар таңдауда жаңылыспаған жан. Сәкен апай көбінесе ағайдан маған жұмысыңа керек болады деп кітаптар, газет-журналдардың қиындыларын беріп жібереді. Қасекең затты қолыма ұстатып тұрып:
– Ой, Орынша, "Хан жарлығынан қатын жарлығы күшті» деген. Мынаны Жаңылай Зияшқызы беріп жіберді,- дейді.
-Қасеке, мақалды заманауи етіп "Әкімнің тапсырмасынан , әйелдің тапсырмасы күшті" деп өзгертейік деймін. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің шәкірті, сөз зергері Зейнолла Қабдолов "Мен - ұстазға жарыған адаммын" дегендей жанымнан дәйім жақсы жандар табылғаны үшін тағдырыма ризамын.
"Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін" деген сөз текке айтылмаған-ау. Марқұм әкем мен анамның көзін көрген, сөйлесем сөзімді ұғатын, игі бастамама қолдау білдіретін жанашыр жандарым аман болғай.
МЕНШІКТІ МЕРЕКЕҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, СӘКЕН АПАЙ!
Орынша ҚАЛШАБЕКОВА–
Түркістан қаласы білім бөлімінің " Оқушылар сарайы" директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Made on
Tilda