ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Заңсыз балық қабылдап, сату – қылмыс

Шардара қаласы Шардара су қоймасына жақын жерде орналасқандықтан қала тұрғындары теңізден балық аулап, сатып пайда көруде. Бірақ бұл әрекет құқықбұзушылық, табиғатқа үлкен зиян келтіру болып есеп-теледі. Осыған орай облыс прокуроры табиғатты қорғау заңдарының қолданылуын бақылау мақсатында аудан, қала прокурорларына тапсырмалар берген. Онда заңсыз жер қойнауын пайдаланушылар мен заңсыз балық аулау мәселелерінің алдын алу көзделген. Осыған орай аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен аудан әкімшілігінде жиын өтті.
Оған аудан прокуроры Әлі Алмас Ермекұлы, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Шералы Әділханұлы, аудандық дербес бөлім басшылары, «Атамекен» ҰҚП Шардара аудандық филиалы, Балық инспекциясы, «Қаз-сушар» аудандық бөлімшесі басшылары мен кәсіпкерлер, аудан тұрғындары қатысқан жиынды аудан әкімінің орынбасары Қаратунов Еркебұлан Абдугафурұлы ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі «Балық аулау және оны сатумен айналысу, жеке үйлердегі балық қабылдау пункттері» бойынша аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Рүстемов Өмірбек Бақтыбекұлы баяндама жасады.
Аудандағы балық шаруашылығы саласы жөнінде мәлімет берген Өмірбек Бақтыбекұлы бұл бағытта бір қатар шаралардың қабылданып, жүзеге асырылғанын атап өтті. Ауданда бес балық өңдеу зауыты, сонымен қатар 41 балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлер тіркелген. Балық өңдеу зауыттарында 400-ден астам адам жұмыспен қамтылған. 2024 жыл-дың 11 айында 3900 тоннадан астам балық өнімі дайындалып, 7,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Өнімдер республикамызбен қатар шетелдерге де шығарылған.
Негізгі шикізаттардың бір бөлігі Атырау, Арал, Балқаш су қоймаларынан әкелінуде. Оны азайту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып, кәсіпкерлер көлдер мен жасанды тоғанда балық өсіріп, сатуды қолға алуда. «Хамит» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі шабақтарды торлы шарбақта өсіруді қолға алған. №16 колледжде балық өсіру курстары ашылып, онда кәсіпкерлер біліктілігі мен тәжірибесін арттыр-ған.
Жиында көтеріліп отырған мәселе бойынша сөзге шыққан Шардара ауданы бойынша кірістер басқармасы басшысының орынбасары Талғат Сарманов балық өсіріп, сату бойынша салық органына 15 заңды тұлға мен 41 кәсіпкер тіркелгендігін, олардың үш түрлі салық режимі бойынша салық төлейтінін атап өтті. Атап айтқанда, жалпыға бірдей салық төлемі, оңайлатылған декларация және бөлшек салығы режимі қолданыл-ған.
Сол сияқты аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Абитаев Құрманәлі Пердебайұлы ауданда табиғатты қорғау саласы бойынша бес қылмыстық іс орын алғандығын атап өтті. Заңсыз балық аулаудың алдын алу бойынша рейдтік шаралар өткізіліп, кінәлілерге әкімшілік айыппұлдар салынған.
Жиында сұрақ-жауап кезінде айтылған негізгі мәселе жеке үйлерде рұқсатсыз, ілеспе құжатсыз балық қабылдап, оны сату жөнінде болды. Прокуратура қызметкерлері, балық қабылдаушылар, балық инспек-циясы мен балық зауыттарының өкілдері бұл жөнінде өз пікірлерін білдірді. Қалай болғанда да заңсыз балық аулауды тоқтату, одан ешкімнің зиян көрмеу жолдары қарастырылды.
Жиында аудан прокуроры мен аудандық полиция бөлімінің басшысы заңсыз балық аулау, мен оны жеке үйлерде заңсыз қабылдап, сатуды жою мақсатындағы жұмыстардың әлі жалғасатынын, заңға бағын-бағандар тиісінше жазаға тартылатындығын, теңізге таңертеңнен кешкі мезгілге дейінгі уақытта қармақпен 5 келі мөлшерінде балық аулауға болатындығын, түнде суда балық аулауға мүлдем рұқсат етілмейтінін ескертіп, балық инспекциясына, аудандық кәсіпкерлік бөліміне, аудандық жер қатынастары бөліміне балық өсіріп, сатамын деушілерге қажетті қолдау көрсету қажеттігін айтты.
Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Қаратунов жиынға қатысып, қажетті мәселені көтеріп, оны жою бойынша өз пікірлерін білдірген қатысушыларға ризашылығын білдіріп, бұл көтерілген мәселе аудан әкімдігінің де назарында болатындығын айтты.
Жаңабай ӘЛІҚҰЛҰЛЫ
Made on
Tilda