ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Мемлекеттің дін саласындағы саясаты

Дін
Қазақстан Республикасының дін саласындағы негізгі ұстанымы — зайырлылық. Зайырлылық — мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси және құқықтық негізгі жүйесінің аз да болса діни қағидаларға сүйенбеуін білдіреді. Мемлекет пен зайырлылық ұстанымы ешқандай дінге бөгет жасамайды, тек мемлекеттің дін саласына араласпауы және белгілі бір діни ұстанымға басымдық бермейтініне кепілдік береді. Егемен еліміздің ең үлкен жетістіктерінің бірі — ел азаматтары арасындағы бірлік. Біздің көпұлтты еліміз үшін қоғамдық-саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім маңызды рөлге ие. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім — Тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік Елге» айналу жолындағы басты игіліктерінің бірі. Әртүрлі этникалық және көп конфессиялық көрсеткіштер елдің демократиялық бағытта дамуына ықпал етуде. Ұлт-аралық және дінаралық келісімнің нығаюы, 140-қа жуық ұлт пен ұлыс, 18 конфессия өкілдерінің тату-тәтті, бейбіт өмір кешіп жатқан Қазақстан бүгінде әлем елдеріне үлгі-өнеге. Қазақстанда татулық пен келісімде өмір сүруде. Конфессияаралық келісім саласындағы қазақстандық тәжірибе көп жағдайда бірегей. Республикада дәстүрлі діни бірлестіктерден (ислам және христиан) бастап елде бұрын болмаған жаңа діни нанымға дейінгі діни бірлестіктердің кең ауқымы бар. Түрлі көзқарастардың, дәстүрлер мен мәде-ниеттердің сан алуан болғанына қарамастан, Қазақстан діни тұрғыдағы қақтығыстар туындамайтын мемлекет болып қалады.
Қандай да болмасын мемлекет діни саясатты тарихы мен мәдениетін, байырғы халықтың ұстанған діні мен оның даму тенденцияларын зерттеу арқылы қалыптастырады. Қазақстанда да осы факторлар мен басқа да жайлар ескеріліп, арнайы заңы қабылданып, мемлекеттік дін саясаты құқықтық реттелген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Конституциялық негіздегі зайырлы ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық — дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол — мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөліне алмайды. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады. Діни сенім бостандығы — адамның жеке өзі немесе басқалармен бірге қандай да бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға, еркін таңдауға, діни сенімде болуға және таратуға, соған сәйкес әрекет етуге құқықты адамның негізгі жеке бостандықтарының бірі. Діни сенім бостандығы демократияшыл қоғамның іс-әрекет етуінің қажетті өмірлік шарты, адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында «Ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халықтың рухани өміріндегі тарихи рөлін мойындайтынымызды» айтылады. Тарих қойнауына көз салсақ, қазақ даласында Ислам діні бастауын VIII ғасырдан алып, бүгінгі күнімізге дейін өміршеңдігін жоғалтпай, ұлт болып ұйып отырғанымызға өзіндік ықпалын тигізді. Христиан дінінің православ бағыты да елеулі орындардың бірін алады. Қазақстан жеріне жер аударылған орыстар, украиндер және ұлт өкілдерінің негізгі діні болып саналды. Осылайша, екі дін Қазақстан халқының бірлігінің артуына айтарлықтай үлес қосуда. Қазақстан үшін дәстүрлі әрі мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылатын едәуір ірі конфессиялар — исламның суниттік ағымына жататын ханафи мәзһабы мен орыс православие сенімі болып табылады. Ислам Қазақстан территориясында 10-ғасырда, ал православие болса 18-ғасырда ресми дін болып таныла бастады.
Еліміз бастан өз халқының тыныштығы мен жерінің тұтастығын мақсат еткендіктен, діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу шараларын жүзеге асырудың сындарлы әрі нәтижелі әдістерін таңдайды. Зайырлы мемлекетімізде экстремизм көріністерінің алдын-алудың бірден-бір тиімді жолы – халық арасында, әсіресе жастар арасындағы діни сауаттылық деңгейін барынша көтеру болып табылады.
Осы орайда еліміздің барлық аймақтарында дін істері басқармалары мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, басқа да өкілетті мекемелер тарапынан, бүгінгі күнде радикалдық діни ағымдардан келетін қауіп-қатерлерді халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында, еліміздегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға, нығайтуға, халықтың діни сауатын арттыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-насихат түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізілуде.
Қорыта айтқанда, дін мен мемлекет байланыстары адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу және қорғау аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы деуге болады. Демек, біздің қоғамымыз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға жауап бере алатын дін мен мемлекет қарым-қатынасын нығайтуға оң ықпал ету басты міндет болып табылады.
А.ДАНИЯРОВ – Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы
Made on
Tilda