ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Гектар өнімділігі артып келеді

Биыл Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осы мерекелі жылды берекелі жыл ету жо-лында ауданымыздың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де ерте көктемнен болашақ өнімнің негізін қалап, ала жаздай тер төгіп, ұйымдасқан түрде еңбек етті. Етілген еңбек зая кетпеді.
Диқандарымыз жаздың өзінде алғашқы жетістіктерге қол жеткізді. Егілген 1200 гектар күздік бидайдан 3732,0 тонна, 1500 гектар жаздық арпадан 4380,0 тонна өнім жиналып, жоспар артығымен орындалды. Сол сияқты күзде 9865 гектар бақшадан 262500,0 тонна, 600 гектар көкөністен 22900,0 тонна, 250 гектар картоптан 5750,0 тонна, 525 гектар күнбағыстан 1155,0 тонна және 1100 гектар маштан 1749,0 тонна өнім жиналды.
Қазақта «Қысқы қамыңды жазда ойла» деген сөз бар. Ауданымызда мал шаруашылығы да негізгі саланың бірі болғандықтан, оған қажетті мал азығындық дақылдарды егудің де маңыздылығы бар. Сондықтан да 4300 гектар жерге дәндік жүгері егіліп, одан 30100,0 тонна дән алынса, 4100 гектарға егілген сүрлемдік жүгеріден 144935,0 тонна мал азығы дайындалды. Сонымен қатар 14188 гектар ескі жоңышқалықтан 168130,0 тонна, 5250 гектар жаңа жоңышқалықтан 11605,0 тонна өнім жиналды.
Ал, қазіргі таңға дейін егілген 2505 гектар күріштіктен 18546,0 тонна, 12417 гектар мақталықтан 27808,0 тонна мақта жиналғанымен бұл жұмыстар ауданда әлі де жалғасуда.
Жақын күндерде аяқтау көзделуде. Ауыл шаруашылығы жұмыстарын атқаруда негізгі күш техника, оған қа-жетті жанар-жағар май, минералды тыңайтқыш пен қаржы екені мәлім. Айталық, күзгі жиын-терім жұмыс-тарын жүргізуге 1003 шаруа қожалығына 3500 тонна жанар-жағар май бөлінді. 17638 тонна аммиак селитрасы, 1140 тонна аммофос, 300 тонна аммоний сульфаты және 1360 тонна карбамид берілді. Сол сияқты ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін «Мырзакент» ЖШС 525,0 миллион, «АИСИСИ» ЖШС 600,0 миллион, «Ырыс» МҚҰ ЖШС 511,1 миллион, «Оңтүстік» АИО ЖШС 2442,0 миллион, «АИИГ Қазақстан» ЖШС 210,0 миллион теңгеге қаржыландырды. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары арасында 206 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған. Жалпы ауданда 1898 ауыл шаруашылығы техникалары дала жұмыстарына қатысуда.
– Қазақта «Жерді күз ай-да, күз айдамасаң жүз айда» деген сөз бар. Бұл күзде айдалған жерде шірінділер көбейіп, жердің құнарлылығы артады деген сөз. Бұны түсінген диқандарымыз егістіктен босаған жерлерді айдауды бастап та кетті. Сонымен қатар олар жердің құнарлылығын арттыру бағытында ауыспалы егісті де қолға алып, су үнемдеу технологиясын өндіруге де баса назар аудара бастады. Бұның өзі алдағы жылдарда гектар өнімділігі арта береді деген сөз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұл.
Жаңа технологияларды пайдалана отырып, гектар өнімділігін жыл сайын арттырып, «арық сөйлеп, семіз шығып» жүрген ауыл шаруашылығы диқандарына жетістіктеріңіз арта берсін дейміз!

Жаңабай ӘЛІҚҰЛҰЛЫ
Made on
Tilda