ШАРТАРАП ШАРАЙНА

БАҒЫ ЖАНҒАН БАСПАГЕР

Нұрмахан Қары туралы бір үзік сыр
Оңтүстік өңірі – журналистика мен шығармашылықты қатар ұштастырған тума таланттар мекені. Солардың бірі – Арыс ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Әбдімәлік Ағыбай. Оның Арыстың тас дәуірінен басталған бүгінгі компьютер заманынына дейінгі тарихи, мәдени жолы көркем тілмен кестеленген бірнеше көркемсуретті тарихи-танымдық, энциклопедиялық кітаптары мен ұзақ жылғы еңбегінің жемісі –
«Журналист жолы» еңбегі оқырман арасында кең танылған.
Биыл 65 жасқа толатын қаламгерге шығармашылық өрлеу мен жаңа табыстар тілей отырып, Шардара ауданының Құрметті азаматы, «Шартарап-Шарайна» газетінің редакторы Қары Нұрмахан Қауысұлы жайындағы «Бағы жанған баспагер» мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.

“Айда аял жоқ, жылда жілік жоқ” дегендей, өмірімде туған жерімнен ұзап, айлап, жылдап үш жерде болған екенмін. Оның бірі студенттік шағым өткен ару қала — Алматы болса, екіншісі әскер қатарында сап түзеген Беларуссия жері. Өмірдің осындай өткелдерінен өтіп, алғашқы шығармашылық еңбек жолымды шалғайдағы Шардарада бастап, шағалалы шаһарда екі жылымды өткердім. От ауызды, орақ тілді Жұмабек Мұханов, қасиетті қаламды қадір тұтқан қоңыр мінезді қаламгер Қадырбек Баударбеков, салмақты мінез, салиқалы ойдың иесі Нұрлан Ыбыраев ағалардан алған тәлімім мол болды. Құм басқан Қызылдың қойнауы мен толқыған Шардара теңізін тел емген ерекше қалада достарым да көп болды. Оңалбай Еспанов, Оңласын Төлегенов, Құдайберген Өтешов, Жолдас Сарманов сынды әріптестеріммен “Өскен өңір” газетінің қара қазанында бірге қайнасақ, Лесбек Аманов, Қазыбек Иса, Нұрғали Ыбырайымов, Бақтияр Спан, Әкім Мұсақұлов, Әмірхан Балқыбек, Нұрмахан Қары замандастарыммен иін тіресіп, өнер өрісінде бірге жүрдік. Бәріміздің иықтасып, қанаттасып жалындауымызға, мүдделес дос болуымызға ұйытқы болған газет аясындағы Төлеген Айбергенов атындағы “Ақ шағала” әдебиет және өнер бірлестігі еді.
“Былтыр құлын, биыл тай,
Бір күн кедей, бір күн бай.
Диірменнің тасындай,
Шыр айналған дүние-ай,– дегендей, жалынды жастық шағымызға куә сол бір кез күні кешегідей болып санамызда сайрап жатса да, одан бері де бақандай 35 жылдың жүзі болыпты. Бүгінде сол жігіттердің көпшілігі елге танымал айтулы тұлғалар. Мәселен, С. Есенин атындағы Халықаралық әдеби сыйлық — “Алтын күз” ордені мен Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлықтарының иегері, ақын Қазыбек Иса ҚР Парламенті Мәжілісінің төрінен ұлт жанашыры ретінде елдік мәселелерді көтеріп жүрген танымал мемлекет және қоғам қайраткері болса, ҚР Мәдениет қайраткері Бақтияр Спан Шымкент қалалық салт-дәстүр орталығының директоры. Марқұм Лесбек Амановтың есімі бір ғана “Қара бауыр қасқалдақ” әнімен саз әлемінің серісі болып, дүйім жұртқа танылды. Бұл дүниеден ерте өткен Әмірхан Балқыбек ақын, әдебиет сыншысы ретінде қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер. Қаламы қарымды журналист Оңалбай Еспанов, ақын Құдайберген Өтешов, фотосурет пен бейнебаян түсірудің шебері Оңласын Төлегеновтердің қолтаңбалары аудан асып, облыстық, республикалық газеттердің сарғайған беттерінде сайрап жатыр. Ал, енді, шардаралық достарымның бірі — Нұрмахан Қары жөні бөлек, жосығы ерек азамат. Мақтаарал ауданында туып, өскенімен өзін “байырғы шардаралықпын” деп санайтын Нұрекең Шардараға 1978 жылы келіпті. Содан бері Шардара ауданының тыныс-тіршілігімен біте қайнасып келеді. Нұрмахан ақын емес, ақынжанды азамат. Ол журналист те емес, десек те, қалам ұстаған талантты жастардың басын құрап, газет шығарып жүрген кәсіпқой баспагер. Оның осындай ерекше талантын танып, Қазақстан Журналистер одағына мүше болып қабылдануына ұсыныс берген облыстық “Оңтүстік Қазақстан” газетінің тұңғыш әйел редакторы Анар Аспан болатын.
Сонау тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағы ыдырап, Тәуелсіздікке қол жеткізген өтпелі кезеңде көпшіліктің не істерін білмей абдырғаны да рас. Шамасы келгендер ала дорбасын арқалап, ел кезіп, айшылық жолға шықса, көп адам жұмыссыздықтан үйлерінде жіпсіз байланып қалды. Міне, осындай ел басына күн туып, ауыздықпен су ішкен сындарлы шақта қоғамдағы өзгерістерді тап басып, дамудың бет алған бағдарын бағамдап, көрегендік жасаған Нұрмахан дос кәсіпкерлік жұмыстарын қолға алды. Социалистік жүйенің тәртібі қанына сіңіп, күнделікті дағдысына айналған халыққа жекеменшік кәсіппен айналысу тосын да жұмбақ әлем болатын. Осы өлшеммен қарағанда Нұрмаханның тәуекел етіп бастаған ісі ерлікпен пара-пар еді. Алғашқыда мекемелерді қат тауар болған кеңсе заттарымен қамтамасыз етіп жүрді. 1993 жылы “Нұр-МБК” ӨК-ін ашып, шағын баспаханасы мекемелер мен кәсіпорындарға қажетті түрлі бланкілерді, іс қағаздарын шығара бастады. Іскер азаматтың ерекше қабілетін байқаған аудан әкімшілігіндегілер оны жұмысы тұралаған аудандық баспахананың директор лауазымды қызметіне шақырды. Баспа ісіне біратала ден қойған іскер жан кәсібін одан әрі жетілдіру үшін үнемі ізденіс үстінде жүрді. Бармаған тауы, баспаған жері қалмады.
— Менің баспа ісіндегі жетістігіме облысымызда тұңғыш шыққан “Жібек жолы” журналының бас редакторы Төрегелді Байтасов ағамыздың берген бағдары зор болды, — дейді Нұрмахан дос Қауысұлы. — Олардан үйренген тәжірибемді аудан көлеміндегі ақын-жазушылардың жыр-жинақтарын, мұғалімдер мен оқушылардың шығармашылықтарынан түрлі тақырыптағы танымдық әдістемелерді шығаруға пайдаландым.
Шынында, тыңнан түрен салып, үнемі жаңа бастамалардың басы-қасында жүретін Нұрекең 2002 жылы “Шардара-Шарайна” ақпараттық-танымдық газетін ақпарат айдынына алып келді. Тәуелсіз басылымды ашу жөніндегі барлық жоспарын жайып салып, осы бір қиын да қызықты, міндеті ауыр жұмысты бірлесіп атқаруға танымал журналист Оңалбай Еспановты шақырады. Жаны жайсаң Оңекең Нұрмаханның талабына бірден қолдау көрсетіп, газеттің алғашқы редакторы қызметіне кіріседі. (Екеуі газеттің алғашқы нөмірін шығарып жатқан сәтіне куә болып, арқа-жарқа болып бірге қуаныштарын бөліскенім дәл бүгінгідей есімде...) Уақыт өте шартарапқа қанат жайған газет географиясы кеңейіп, “Шартарап-Шарайна” атауына ие болған басылым күні бүгінге дейін қалың оқырманның көңілінен шығып келеді. Қандай бастама болмасын бір арнаға түсіп, қалыпты жұмыс ырғағы қалыптасқанға дейін талай кедергілерге кезігіп, қиыншылықтарды бастан өткеретіндігі сөзсіз. Алғашқыда газет жұмысына маман жетіспеушілігі, материалдық-техникалық құралдардың жетімсіздігі көп кедергі келтірді. Соның салдарынан түнімен көз ілмей газет шығаратын күндер де аз болған жоқ. “Көш жүре түзеледі” дегендей, редакция қабырғасында әр жылдары еңбек еткен Әділ Әбдраманов, Сәбит Лаханов, Ұлжанат Исмайлова, Аман Жайымбетов, Бақтыгүл Ауданова, Ғазиза Қойлыбаева, Зұлхымар Ділдәбек, Жаңабай Сейдуәлиев сынды бүгінде Оңтүстік жұртшылығына танымал қаламы қарымды журналистер “Шарайнаның” шырайын келтіріп, таралымы мен танымалдылығын арттыра түсті.
“Жігітке жеті өнер де аз” дейді атам қазақ. Егер біз Нұрмаханды тек баспа ісінің маманы деп қана танысақ, онымыз азамат еңбегін толық бағаламаған болып шығады. Ол, ең бастысы, ізденістің адамы. Алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын қасиеті тағы бар. “Ізденген жетер мұратқа” дегендей, оны күнделікті жұмысымыздың маңызды саласына айналған компьютерлік бағдарламаларды, қазіргі жасанды интеллектінің нейрожелілік неше түрлі нұсқаларына дейін еркін игеріп алған білікті маман десек те болады. Өткен жылдан бері “Шартарап-Шарайна” газетінің оқырмандар қолына QR-код бағдарламасы көмегімен видеотүсірілімімен бірге берілуі осы айтқанымызға дәлел. Алдыңа жайып алып оқып отырған газетіңнің бетіне телефонды бір қаратып, видеосын тамашалауға болады. Ол, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды істердің бірі — биогумус өндірудің де шебері. Елімізде биогумус өндіретін вермифермерлердің қызыл шылаушындарының өңдеуінен өткен табиғи тыңайтқыштары мыңдаған гектар құмшауыт егістік алқаптың құнарын арттыру үшін пайдаланылуда.
Нұрмахан құрдасымның жеке басына байланысты тағы бір әңгіменің құлағын қылтитып кетейін. Онымен әлеуметтік желі, қалта телефоны арқылы байланыс жасап тұрғандығым болмаса, көптен бері бетпе-бет кездесіп, жүздескен емес едім. Бұдан екі жыл бұрын Шардараға жолым түсіп, әріптес досымның хал-жайын білу мақсатында ат басын шаңырағына тірегенім бар. Оны көрген алғашқы сәтімде өз көзіме өзім сенбей қалдым. Жаратылысында тынымсыз жан қоларбаға таңылып, өздігінен жүре алмайтын халге жетіпті. Мән-жайды білгенімде оқиға былай болыпты. 2020 жылдың наурыз айында Бурабай санаториясына ем алып, демалуға барады. Бөлмесінде алаңсыз демалып жатқан жерінен бір тылсым күш лақтырып жібергендей болады. Есте қалғаны сол-ақ. Есін жиса, демалыс жайындағы дәрігерлер мұны қоршап, төбесінен төніп тұр екен. Кейін анықталғандай, сүйектеріндегі кальцийдің тапшылығынан бір шошығанда омыртқа мен иығы бірнеше жерден сынып кеткен. Елге келіп, емделіп, енді дұрыс болдым ба дегенде тура солай ұйықтап жатқанда жамбасы сынып, бұл жағдай тағы қайталанады. “Жығылғанға — жұдырық” дегендей, осылайша қозғалыссыз төсекке таңылған ауыр күндерді бастан өткеруіне тура келеді. Бұл жайында біреуге мұңын айтып, тіс жармайды. Қара уайымға да салынбайды. Біздің досымыздың бұл жағдайынан көптен бері бейхабар болуымыз да оның осындай өмірлік ұстанымының беріктігі екендігіне көз жеткіздік.
Одан кейін де араға айлар салғанымызбен, жыл құрғатпай достарымызбен Нұрекеңнің хал-жайын білуге үйіне барып тұрдық. Сондағы бір байқағаным: саналы шешім қабылдай алатын адам ғана ештеңеге абыржымайды екен. Оның ерік-жігерінің мықтылығы сонша, бір барғанымда қабырға жағалауға жарап қалыпты. Бес жылғы азапты күндерді артқа тастап, биылғы жылдың басында таяқ ұстап, сыртқа шыққанының куәсі болдық. Бұл көріністердің бәрі де айтуға оңай болғанымен, қаншама күш-қуат пен ерік-жігердің, қиындыққа мойын ұсынбаудың нәтижесі. Қанша жыл төсекке таңылып, жатып қалса да сол күш-қуаты, сол ерік-жігері оны сүйікті кәсібі – газет шығарудан бір сәт те айыра алған жоқ. Қайта газет шығарудың онлайн тәсілін жетік меңгеріп, газет жұмысына күнделікті қатысып отырды.
Кішіпейіл де іскер жандардың басты қасиеті — бойына ана сүтімен біткен қарапайымдылығынан біреуге салмақ салмай, “бетегеден биік, жусаннан аласа” болып, елеусіздеу жүре беретіндігінде. Шын мәнінде, олардың бойында асыл қасиеттер тұнып тұратындығына Нұрмахан достың осынау адами қасиеті мен азаматтық ұстанымы дәлел.
Нұрмаханның ел алдындағы талай жылғы еткен еңбегі, төккен тері зая кеткен жоқ. Оның кеудесінде мемлекеттік “ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы”, “ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы”, мерекелік “ҚР Мәслихатына 25 жыл”, Ауған соғысы ардагерлері Одағының Б. Момышұлы атындағы “Батыр шапағаты”, салалық “Ерекше еңбегі үшін”, “Еңбек даңқы” медальдары жарқырайды. Ол, сондай-ақ, Қазақстан Президентінің “Алғыс хатымен” 2 рет марапатталған, облыс, аудан әкімдері мен мәслихат төрағаларының “Алғыс хаттарының” иесі.
Біздің кейіпкеріміздің еңбегі осыдан үш жыл бұрын ерекше бағаланып, көпшілік алдында ұлықталды. Аудан мәслихатының кезекті сессиясында өкілетті органның арнайы шешімімен ол “Шардара ауданының Құрметті азаматы” атанса, өткен жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оны өз кәсібінің үздігі деп танып, кеудесіне “ҚР Ақпарат саласының үздігі” төсбелгісін қадады.
Нұрмахан Қауысұлы ынтымағы жарасқан үлкен шаңырақтың ұйытқысы. Құдай қосқан қосағы Тұрсынай ханым екеуі екі ұл, бір қызды дүниеге алып келіп, олардан немере сүйіп отырған үлкен шаңырақтың иелері. Перзенттері түрлі салада еңбек етіп еліміздің өркендеуіне лайықты үлестерін қосып жүр. “Табысты жігіттің артында көрінбей ақылды келіншегі тұрады” деген тәмсіл бар. Осы сөз нақ Тұрсынай құрдасымызға арналғандай. Келген қонақтарын қашан да жылы қабағымен, дәмді тамағымен күтіп алатын оны отбасының мерекесі де, берекесі десек артық айтқандық емес.
22 ақпан – әңгімеміздің өн бойына арқау болған Нұрмахан досымыздың туған күні.
–Жөргем ілер дегендей жүрген аяқ,
Еңбек еттің күн демей, түн демей-ақ.
Елдің мынау айқайлап жатқандарын,
Бітіресің сен, досым, үндемей-ақ.
Маңғаз жандар туады маң даладан,
Ақын аз-ау саған жыр арнамаған.
Шартарапқа Шарайна болып тұрып,
Шаршамай бір сөйлей бер Шардарадан! –деп, кезінде “қанды көйлек” ақын досымыз Қазыбек Иса жырлағандай, біз де бағы жанған баспагер досымызды 65 жасқа толған қуанышымен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына ынтымақ, кәсібіне береке тілейміз!

Made on
Tilda