Ауданда дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Қармақшы жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ауқымды іс-шара өтті. ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен оқу бағдарламасына сәйкес, Шардара аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің 504 оқушысы – дала оқу-жаттығу жиынына қатысып жатқан 10-сынып оқушыларына арналған кездесулер ұйымдастырылды. Кездесулер «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу», «Дін және қоғам», «Есірткісіз өмір ғажайып» тақырыптарында өтті. Шараға Әуе қорғаныс күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері 10216-Е әскери бөлімінің сарбаздары мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Қамқорлық» отбасын қолдау орталығы» КММ қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Е.Нұрахов сөз алып, жас сарбаздарға Отан алдындағы азаматтық борыштың маңызын атап өтті. Ол: «Әскери оқу-дала жиыны – оқушылардың алғашқы әскери дайындық барысында алған білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдауға таптырмас мүмкіндік. Туған елге қызмет ету – әр азаматтың қасиетті парызы», – деп жиынның сәтті өтуімен құттықтады. Сондай-ақ, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог-маман А.Данияров жастарды діни сауаттылыққа баулудың маңызын ерекше атап өтті. «Діни экстремизм – бұл дінді саяси мақсатта пай-далану. Мұндай қауіптің алдын алу үшін жастардың діни, саяси және мәдени сауаттылығын арттыру қажет. Ді-німізді бұрмалап, халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық болмысынан ажыратуға тырысатын ағымдардың қар-мағына көбіне психологиялық тұрғыдан әлсіз, әлеуметтік жағдайы төмен жастар түсіп жатады. Сондықтан діни ақпаратты сенімді дерек-көздерден алу – аса маңызды», – деді ол. Ал аудандық орталық аурухананың салауатты өмір салтын насихаттау дәрігері Ж.Байдулла өз сөзінде нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында басым бағыттардың бірі ретінде белгіленгенін жеткізді. Сонымен қатар, ол 2023–2025 жылдарға арналған есірткіге қарсы күрестің ведомствоаралық кешенді жоспары бекітілгенін және бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде атқарылып жатқанын атап өтті. Аталған кездесулер жастар арасында құқықтық, діни, патриоттық сана қалыптастыруға, олардың бойын-дағы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. А.ТӘЖІ.