ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Өсімдік аурулары

2025-06-04 10:23
Өсімдіктер ауруы- фитопатогенді организмдердің немесе қоршаған ортаның қолайсыз жағдайынан өсімдік жасушалары мен мүшелерінің қалыпты зат алмасуының бұзылуы, сырт пішінінің өзгеруі, солуы, шіруі, опат болуы.
Өсімдік ауруларын анықтау үшін ең алдымен олардың туындау себептерін білген жөн. Олар жұқпайтын немесе физиологиялық, жұқпалы яғни инфекциялы деп екі топқа бөлінеді. Соңғылары микоздар немесе саңырауқұлақтар, бактериоздар – бактериялар және вироздар-вирустар қоздыратын ауруларға жіктеледі.
Аурулардың дамуы – өсімдіктер мен патогенді микроорганизмдердің арасындағы аса күрделі байланыстың нәтижесі. Ол қоршаған ортаның жағдайына да тығыз байланысты келеді. Ауру қоздырғышының өсімдік ұлпасына еніп, өсімдікті залалдауы үшін бірнеше шарт қажет.
Патологиялық үдерістің негізгі кезеңдері. Біріншіден, белгілі бір аурудың дамуы үшін, оны қоздыратын микроорганизм болуы шарт. Ауа-райының қолайлы болуына қарамастан фитопатоген мен иеөсімдіктің бір ареалда қатар кездеспеуінен аурудың көп уақытқа дейін таралмауы мүмкін.
Екінші шарт – ауруға бейім сорттар мен оның қоздырғышының өсімдікті залалдауға қабілетті нәсілдерінің болуы.
Үшінші шарт – аурудың дамуына ауа райы қолайлы болуы керек. Мәселен, 1998, 2004 және 2010 құрғақшылық жылдары еліміздің солтүстік аймақтарында астық дақылдарында тат ауруы байқалмады.
Аурулардың таралуы мен дамуы ауа райы жағдайына тығыз байланысты келеді. Фито-патогенді организмдердің өніп-өсуі мен инфекция үдерісінің дамуы қоршаған ортаның жағдайына, әсіресе ауа температурасы мен оның салыстырмалы ылғалдылығына байланысты. Көптеген саңырауқұлақтардың спораларының өніп-өсуіне 20-27 С , ал бактериялар үшін 25-35 С аралығындағы температура қолайлы. Біріншілердің споралары өсімдік мүшелерінің үстінде өніп, ұлпаға мицелийлері енеді. Олардың көпшілігі тек тамшыылғал болғанда ғана өнеді немесе ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 90-100%- дан кем болмауы қажет. Ал переноспоралардың немесе жалған ақұнтақ саңырауқұлақтарының өнуіне ғана 60-70% ылғалдылық жеткілікті.
Еліміздің біраз аймақтарында егілетін көкөніс дақылдарының ішінде негізгілері: қызанақ, қырыққабат, қияр және пияз. Бақша дақылдары республикамыздың оңтүстік және оңтүстік – шығыс аймақтарында егіледі. Олар саңырауқұлақтар, бактериялар мен вирустар қоздыратын ауруларға шалдығады.
Қоңыр дақ – Бурая пятнистость. Ауру негізінен қызанақ егілген жылыжайларда кездеседі. Өсімдік жапырақтарының жоғары бетінде сарғыш-қоңыр түсті дөңгелек дақтар, ал төменгісінде саңырауқұлақтың конидия сағағынан, конидияларынан және жіпшумағынан тұратын қалың өңез түзіледі. Конидия сабақтары ұзын тізбек түзеді, бұтақталған конидиялары сарғыш-қоңыр түсті, тегіс, бір жасушалы, 1-3 пернелі, мөлшері - 12-47х4-10мкм. Патоген өсімдік қалдықтарында және топырақта сақталады. Өсімдіктің өсу кезеңінде конидиялар жаңбыр тамшыларымен және ауа ағынымен таралады.
Жемістің жоғарғы ұшының шірігі – Вершинная гниль. Бұл ауруға жаңадан пісіп келе жатқан жемістер шалдығады. Жемістердің төбесінде жалпақ немесе батыңқы ашық немесе қою-қоңыр түсті дақтар пайда болады, кейін олар жайыла өсіп, қараяды да, ішіне қарай басылады. Өсімдіктің залалданған жеріне сапрофитті микро-организмдер қоныстанып, ол шіри бастайды. Бұл ауру өсімдіктің жеткілікті қамтамасыз етілмеуінен, әсіресе жеміс байлау кезінде нашарлығының салдарынан болады.
Асқабақ пен қарбыздың антракнозы – бұл ауруға жапырақтары, желі сабақтары және жемістері шалдығады. Жапырақтарында сарғыш-қоңыр түсті жайылған дөңгелек, желі сабақтарда ұзынша немесе сопақ дақтар пайда болады. Жемістерінде саңырауқұлақ спорасынан тұратын ойық дақтар байқалады. Ауруға шалдыққан жемістер қатпарланып, шіри бастайды, дәмі ащы болады. Ауру қоздырғышының кони-диялары бір жасушалы, иілген эллипс тәрізді, мөлшері - 10-40х 3-8 мкм. Патоген склероций қалпында өсімдік қалдықтарында және топырақта сақталады. Сонымен қатар ауру тұқыммен де таралады. Сондықтан да, қорыта айтқанда өсімдік ауруларын болдырмау, таралуына жол бермеу, алдын алу, олардың экологиялық таза мол өнімдер беретінің кепілі деуге болады.
Н.ОРАЗБАЕВ - Шардара аудандық аумақтық инспекцияның мемлекеттік инспекторы.