ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Ағын су тапшы, үнемділік қажет.Қоғамдық кеңес мәселе қарады

Төтенше жағдайлар
Көктемде Шардара аудандық Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы сайланып, жасақталған болатын. Шардара аудандық мәслихатының 2025 жылғы 18 наурыздағы №35-186-VIII шешімімен аудандық мәслихаттың төрағасы Мүтәлиев Бұлтбай Лесбекұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрахов Ержан Сапарұлы, Ұзыната жалпы білім беретін мектебінің пән мұғалімі Дүйсенов Дархан Нұрәділұлы, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» басшысының орынбасары Қасымов Мақсат Талғатұлы, аудандық пошта байланыс торабының басшысы Құлшаева Ақмарал Әбдіқадірқызы, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Шардара аудандық филиалының төрайымы Көшекеева Бибігүл Тасқұлқызы, патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облысы фи-лиалының мүшесі Ахметов Сапаралы Әбдрахманұлы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы Шардара аудандық филиалы төрағасының орынбасары Рахматуллаев Байдулла, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лаханов Сәбит Қоспанұлы, аудандық мәслихаттың депутаты Тлешова Құралай Құралбекқызы, аудандық мәслихат депутаты Жалғасбай Талғат Серікбайұлы, кәсіпкер Қарабаев Ержан Қошқарұлы, зейнеткер Сахов Таңсықбай Өтегенұлы, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының консультанты Қияш Еркебұлан Тәттібайұлы, зейнеткер Сапаров Нұрмаханбет Нартайұлы құрамында бекітіліп, Шардара аудандық Қоғамдық Кеңесінің төрағасы болып Сапаров Нұрмаханбет Нартайұлы сайланған.
Шардара аудандық қоғамдық Кеңесінің алғашқы отырысында кеңес мүшелері өздерінің атқаратын жұмыстарын белгілеп алған болса, бұл жолғы отырысында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мен Түркістан облысы ветеринария басқармасының «Ветеринариялық қызметі» ШЖК МКК Шардара аудандық филиалының 2025 жылы атқарылатын жұмыстары туралы есептері тыңдалды.
Қоғамдық Кеңестің жұмысына аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудан әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешов, аудан әкімі аппаратының басшысы Бауыржан Шомпиев қатысты.
Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің өткен бес айдағы атқарған жұмыстары туралы бөлім басшысының орынбасары М.Исаевтың есепті баяндамасы тыңдалды.
Көктемгі дала жұмыстарын уақтылы ұйымшылдықпен өткізу мақсатында ағымдағы жылдың 13 қаңтарындағы аудан әкімінің №2-5 Ө өкімімен аудандық штаб құрылған.
Қазіргі таңға 1200 гектар күздік бидай, 1500 гектар жаздық арпа, 4100 гектар жаңа жоңышқа, 600 гектар көкөніс, 11770 гектар мақта, 6058 гектар бақша, 4100 гектар сүрлемдік жүгері, 4330 гектар дәндік жүгері, 250 гектар картоп, 50 гектар күнбағыс, 6058 гектар күріш және 1100 гектар жерге маш егілген.
Мемлекет басшысы, ел Президенті Қ.К.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақтарға ауыл шаруашылығының егіс алқаптарында суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, мейлінше құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту, су үнемдейтін технологияны көптеп ауқымды түрде енгізу қажеттілігі, суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру жөнінде тапсырма берген болатын.
Осыған орай, Түркістан облысы аумағында 2030 жылға дейін суармалы егіс алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізу Жол картасы әзірленіп, ауданда ағымдағы жылы су үнемдеу ендірілетін алқап 8000 гектар болып жоспарланды. Бүгінгі күнге өз бетінше тиісті қаржысымен 64 агроқұрылым тарапынан 3800 гектар жерге су үнемдеу технологиясы ендіріліп мақта, бақша және көкөніс дақылдары егілген.
Отандық су үнемдеу технологиясын ендіруші кәсіпорын «BNK Group LTD» (БНК групп) компаниясымен ауылдық округтердегі жалпы жер көлемі 1730,0 гектар құрайтын 39 агроқұрылым жұмыс жасауда. Оның ішінде 32 шаруаның жобалық сызбасы дайындалған, 18 шаруаның өтінімі мен құжаттары мемлекеттік қолдау инвестициялық субсидияға ұсынылған, 10 шаруаның құжаттары мақұлданып қаржы бөлінуде. Инвес-тициялық субсидияның 50 пайызы республикалық, 30 пайызы облыстық бюджеттен, жалпы 80 пайыз көлемінде бөлінеді.
Қолда бар 2229 ауыл шаруашылығы техникаларының 99,1 пайызы көктемгі дала жұмыстарына қатысқан. Оның ішінде 2024 жылы 246 брлік, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында 18 бірлік жаңадан ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынған.
2025 жылға көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға 2147,0 тонна дизель отыны бөлініп, орташа сату бағасы 1 литрі – 253,0 теңгеден болып белгіленді. Қазіргі таңда оператор тарапынан ауданға 1606,9 тоннадан астам дизель отыны әкелініп шаруаларға таратылған.
«Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын (ВПР) жүргізуге несие қаржы алу үшін жалпы 504 шаруа қожалығы 2 799,6 миллион теңгеге өтінім берген. Бүгінгі таңға 497 шаруа қожалығының өтінімі 2 685,4 теңгеге қаржыландырылған.
Ауыл округтеріне 10 010,0 тоннадан астам тыңайтқыш тасымалданып, шаруаларға таратылған. Қосымша тасымалдауға 1000,0 тоннаға өтінім берілген.
Қоғамдық кеңес мүшелері Таңсықбай Сахов, Сапаралы Ахметов, Дархан Дүйсеновтердің сұрақтарына орай Ж.Бердешов пен М.Исаев биылғы жылы ағын судың тапшы болып тұрғандығын айтты. Көрші мемлекеттен келетін ағын сумен әлі келісім жасалмаған. Теңіздегі су қоры азайып барады. Шілдеде су қоры таусылады деген болжам да бар. Теңізде қала тұрғындарын сумен қамтуға да белгілі бір мөлшерде суды ұстап тұру керек екен. Жердің құнарын жақсарту мақсатында күріш көп егілуде. Биыл жоспарланғаннан мың гектарға артық егілген. Дегенмен бұл суды көп қажет еткенімен жердің сорын шаюда өте маңызды іс.
Ауданда 8 мың гектар жер тамшылатып суғару жүйесіне өтуі керек. Дегенмен игерілетін алқап 30 гектардан кем болмау керек деген талапқа сай 2-3 гектары бар диқандар бірікпей, оған көшу де қиындық тудыруда екен.
Қоғамдық кеңес төрағасы Нұрмаханбет Сапаров мұндай жағдайда диқандарға түсіндірме жұмыстарды жүргізе отырып, насос арқылы қашыртқылардағы суларды пайдалану, егілген өнімді қуаңшылықтан қалайда сақтап қалу керектігін айтты.
Сонымен қатар минералды тыңайтқыштың қай түрі болса да тапсырыспен алуға болатындығын, ал шаруаларды несиемен қамтуға олардың қажетті құжаттарының тура еместігі негізгі себеп екендігі, құжаттарын ретке келтірсе мың шаруаға дейін несиемен қамтуға мүмкіндік бар екендігі айтылды.
Нұрмаханбет Нартайұлы шаруалардың өнімді жұмыс жасауы үшін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан әр дақылдың өсіру картасы жасалып, оған жұмсалатын шығын мен пайда көлемі, өткізу орындары көрсетілуі тиіс екендігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екенші мәселе – аудандық ветеринариялық іс-шаралардың орындалуы бойынша ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шардара аудандық аумақтық инспекциясы басшысы Аймұратов Кәрім Орынбасарұлы өткен бес айдағы атқарылған жұмыстарды атап өтті.
2025 жылы аса қауіпті аурулардың профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, 9 түрлі ауру-ға қарсы 886 100 доза вакцина егу жоспарланған.
Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізу (аса жұқпалы мал ауруларына қарсы егу, аллергиялық тексеру, дегельментизация жасау) жұмыстары бойынша Республикалық ветеринариялық қордан 6 түрлі вакцина, 2 түрлі аллергендік сал ауруларына қарсы 458097 доза ветеринарлық препараттар алынып, ауыл шаруашылық жануарларына жылдық жоспарға сәйкес мүйізді ірі қара, жылқы, түйелерге, уақ мал мен ит-мысықтарға егу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңға дейін егу жұмыстары 31 пайыз орындалған.
Диагностикалық іс-шаралар бойынша 1000 бас ірі қара малдан, 210680 бас уақ малдан қан сынамаларын алу және ветеринариялық зертханаға жеткізу жоспарланып, жылдың басынан бруцеллез ауруына қарсы 11931 бас ірі қарадан, 55830 бас уақ малдан қан сынамалары алынып, тексерілген.
Нәтижесінде, ауруға 6 бас уақ малдан «оң» нәтиже анықталып Сайрам ауданы, Ақсукент ауылдық округіндегі ЖШС «ДС и Братя» мал сою бекетіне өткізілген.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу бойынша, ағымдағы жылы 134250 бас мүйізді ірі қара, 71115 бас ұсақ мал, 430 бас түйелердің төлдерін бірдейлендіру жоспарланып, ағымдағы жылы 5947 бас мүйізді ірі қара, 30348 бас ұсақ мал, 154 бас түйе бірдейлендіріліп, дерекқор базасына енгізілген.
Ұсақ малдарды тоғытуға арналған филиалға қарасты 13 дана мал тоғыту әуіттері бар, қосымша шаруалардың жеке меншігіндегі мал тоғытуға арналған ванналары да мақсатты пайдаланылуда.
Осы жылдың 8 мамырына 37609 (55%) бас ірі қара мал бүркілді, 102272 (41%) бас ұсақ мал тоғытылды, 1003740 (58%) шаршы метр ішкі және 501420 (60%) шаршы метр елді мекен сыртында орналасқан қора-жайлар залалсыздандырылды, буфер аймағы толық біткен.
Адамдарды кене шағу бойынша 2025 жылдың 4 айында аудан аумағында 6 жағдай тіркелді, бұл былтырғы жылдың осы айларымен (15 жағдай) салыстырғанда едәуір төмен.
«Қаңғыбас ит-мысықтарды аулап, жою» бағдарламасы шегінде 2025 жылға Шардара ауданына бекітіліп берген жоспар 1125 болатын. Оның ішінде 1100 ит және 25 мысық. Қазіргі таңда жыл басынан бері тұр-ғындардың өтініші негізінде 158 бас ит ауланып жойылды. Сонымен қатар ауданымызда 1 дана қаңғыбас ит, мысықты уақытша ұстайтын жері дайын.
ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы-ның 21-бабы 2 тармағына сәйкес үй жануарларының иелеріне 2023 жылғы 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын есепке қоюға (тіркеуге) міндеттелген болатын, Заң жобасын іске асыру мақсатында 2025 жылы «Таңба» дерекқор базасына тіркеу оны есепке алу бойынша 2767 ит-мысық есепке алынып, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда.
Аудан бойынша мал өлексесін тастайтын шұңқырлар 13 нысан, мал тоғытатын орындар 13 нысан, ірі қара малды бүркіп, шомылдыру орны 1 нысан, ірі қара малды қолдан ұрықтандыру пункттері 6 нысан.
Баяндамашы Кәрім Орынбасарұлы Қоғамдық кеңес мүшелерінің ауданда қаңғыбас ит-мысықтың көптігі, ауланға-ны тым аз екендігі жөніндегі сұрақтарына, ауданда ит, мысық аулайтын кәсіпкерлердің жоқтығымен байланыстырып, бұл жұмыстарды көрші Жетісай ауданының кәсіпкерлері екі аптада бір рет келісім арқылы келіп, аулау жұмысын жүргізіп жатқанын мәлім етті. Сонымен қатар Ж.Бердешов ауданда алдағы жылдан бастап бір кәсіпкердің ит, мысықты аулау және уақытша ұстау жұмысымен айналыса бастайтындығын айтты.
Сол сияқты баяндамашы, мал өлексесі полигондары, мал шомылдыратын орындардың қазіргі жұмысы мен сапасы жайлы қойған сұрақтарына жауап берді.
Қоғамдық кеңес отырысының соңында аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауданда алдағы кезде атқарылатын жұмыстарды атап өтіп, оның орындалуына Қоғамдық кеңестің де ықпалы мол болатындығына сенім білдірді. Сонымен қатар күн тәртібіндегі көтерілген мәселеге орай ағын суды тиімді пайдаланып, егілген өнімді сақтап қалу мәселесін күнделікті бақылауда ұстау қажеттілігіне тоқталды.
Қоғамдық кеңесте тиісінше қаулы қабылданып, тиімді шаралар жоспары ұсынылды.

Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ
Made on
Tilda