ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Соңғы қоңырау қалай өтеді?

Биыл бекітілген кестеге сәйкес 24 мамырда барлық мектептерде тақырыптық сынып сағаттары өткізіледі. 9.00-де «Білімім – Отаныма» тақырыбында 1-11 сынып бойынша бірыңғай тәрбие сағаты өтеді. Тәрбие сағаты еліміздің Әнұранымен басталып, тәрбие сағатында балалардың жыл бойы білім жетістіктері мен қоғамдық белсенділіктеріне тоқталып өтеді.
Сонымен қатар, Отанға деген құрметін арттыру мақсатында патриоттық тақырыпта шығармалар мен өлеңдер оқылып, Қазақстанның географиясына тоқталып, еліміздің маңызды да көрікті жерлері туралы ақпараттар беріліп, тарихи-мәдени ескерткіштері мен Қазақтың батырлары туралы әңгіме аңыздардан үзінділер келтіріледі. Оқушылар (9, 11 сынып түлектері) «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбында эссе жазады. Онда өзінің оқып шыққан мектебіне деген ыстық ықыласын, ұстазға алғысын білдіреді.
Оқу жылының қорытынды салтаннатты іс-шарасы 11-сынып оқушылары үшін 25 мамыр күні өткізіледі. Салтанатты іс-шараның басталу уақыты - сағат 8.30, ұзақтығы 45 минуттан аспайды. Мектеп ауласы, мектептің мәжіліс немесе спорт залдарында (көлеңкелі орындар) өткізілуі тиіс. Оқу жылының қорытынды салтанатты іс-шарасына қатысушылар міндетті түрде мектеп формасында болуы қажет.
Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында бітіру іс-шаралары өткізілетін күні білім алушылармен де, олардың ата-аналарымен де алкогольді ішімдіктерді ішуге қатаң тыйым салу туралы міндетті түрде түсіндіру жұмыстары жұргізілуі керек. Жергілікті полиция қызметкерлерін тарта отырып, мектептердің барлық үй-жайлары мен аумағында кезекшілікті қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының, төтенше жағдай және денсаулық сақтау қызметкерлерін қоғамдық тәртіпті қорғауға тарту да көзделген.
Сынып сағаттарын, соңғы қоңырау, аттестат тапсыру шараларын өткізу барысында Педагогикалық этика және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында іс-шараны өткізуге ата-аналардан ақшалай қаражат жинауға, әкімшілік және педагогикалық қызметкерлерге сыйлықтар алуға немесе беруге, аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, мектеп бітіру кешін сән-салтанатты өткізуге (сыныпты безендіру, түлектің сыртқы келбеті және т. б.), аспанға шар ұшыруға; мерекелік үстелдер, салтанатты дастархан ұйымдастыруға; жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала бойынша көшпелі экскурсиялар өткізуге; мектеп бітіру іс-шарасын мейрамханаларда, кафелерде және басқа да ойын-сауық орындарында ұйымдастыруға, «Алтын белгі» және ерекше үлгідегі аттестат иелерін бұқаралық марапаттауды алаңдарда (ауыл округтерінің, аудандардың, қалалардың, облыс орталықтарының алаңдарында) өткізуге тыйым салынады.
Биыл аудан бойынша 11 сыныпты 1273 оқушы бітіреді. Оның 68-і «Алтын белгіге», 94 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Сондықтан биылғы оқу жылының белгіленген тәртіпке сай өткізілуіне атсалысайық.

Дариға НҰСҚАБАЕВА
Made on
Tilda