ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Құтыру ауруының алдын алу

Денсаулық
Құтыру ауруы адамдар мен жануарлар арасында кездесетін табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы ауру. Қоздырғышы вирус (РНК) (оқ пішінді) орталық жүйке жүйесін зақымдай отырып өлім жағдайына әкелетін аса қауіпті жұқпалы ауру .
Ауру қоздырғышының негізгі тасымалдаушы «көзі» ит, мысық, қасқыр, түлкі, шибөрі, сілеусін, жабайы мысық (мәлін), басқа да жабайы аңдар, жарқанат және үй жануарлары.
Эпидемиологиясы: (Құтыру ауруы қалай жұғады?)
Құтыру ауруының вирусы иесіз қаңғыбас ит, мысықтарға жабайы аңдармен таласқанда жұғады. Ал адамдарға ауру жануарлар тістегенде, тырнағанда және сілекейлегенде жұғады. Жұғу көзі көп жағдайда итттерден 60-70 пайызда жұғады. Құтыру ауруының алдын алу шараларының ішіндегі ең маңыздысы жануар тістегенде, тырнағанда, сілекейлегенде тез арада емханаға дәрігерлік қабылдауға барып, құтыруға қарсы вакцинамен ем қабылдау керек.
Құтырудың белгілері (клиникасы):
Аурудың басталу кезеңі 1-3 күнге созылады. Үрей және қорқынышпен сипатталады. Аурудың жалпы жағдайы нашарлайды, басы ауырады, дене қызуы 38-40 көтерілуі мүмкін. Науқас селсоқ болады, қорқынышты түстер көреді. Ұйқысыздық пайда болады. 2-3 күннен кейін тынышсыздық пайда болады. Жүрек соғуы мен тынысы жиілейді, тыныс алу және жұтыну қиындайды, кейіннен су көрсе немесе су деген сөзді естігенде судан қорқу (гидрофобия) ұстамасы пайда болады. Ауру су іше алмайды. Жарықтан қорқады. Ауруда ауа қозғалысынан қорқу белгілері (аэрофобия) пайда болады. Ауру желпігенде пайда болатын желден де қорқады. Осы кезеңде ауруда сандырақтау және есту, көру галлюцинациялары пайда болады. Адамды қинайтын сілекей ағу және қатты терлеу мазалайды. Науқас ұстама кезеңінде тыныс алудың және жүректің тоқтауынан қайтыс болады.
Құтырудың алдын алу шаралары:
Жарақаттанған жағдайда адамдар құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрғылықты жері бойынша меди-циналық пункттерге медициналық көмекке қаралуы керек. Тістеген жарақатты сабынды таза сумен жуып, жарақат айналасын йодпен залалсыздандырып, міндетті түрде антирабикалық егу алу тиіс. Әрбір жарақат алған адамды өлімнен алып қалудың жалғыз әдісі – жүйелі түрде құтыруға қарсы екпе алу. Құтыруға қарсы егу алдында және егу курсының аяқталуынан кейін кем дегенде 6 ай бойына алкоголь ішуге, ауыр дене еңбегімен айналысуға, қатты суықтауға болмайды. Бұл ережелерді сақтамау иммунды жүйенің қызметін бұзады, бұл құтырудың дамуына және өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Егерде белгілі жануардан жарақат алған болса жануарды мал дәрігеріне көрсету керек, мал дәрігері 10 күндік бақылаудан өткізіп, сау болса анықтама береді. Жарақаттанған адамға осы аралықта 3 рет егу тағайындалады. Ал егерде адамды жарақаттаған жануар жоғалып кетсе, өліп қалса немесе өлтірілген жағдайда 5 рет егу тағайындалады. Балаларды жануарлардан аулақ ұстап, дер кезінде мал дәрігерін шақыру керек. Адамды жарақаттаған жануарды өлтірмей қамап немесе байлап ұстау керек. Ит, мысық, мал асырайтын болсаңыз, мал дәрігеріне көрсетіп, кеңес алып, құтыру ауруына қарсы вакцина ектіріп тұрыңыздар.
Өз денсаулықтарыңыз өздеріңіздің қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар!!!
Құтыруға қарсы екпе тегін егіледі.
С.Ш.ОРАЗЫМБЕТОВ–
Шардара аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Made on
Tilda