ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Кітапханашылар күні аталып өтті

Білім
Кітапхана – ақыл мен білімнің ордасы. Ал кітапханашылар білімге, адамгершілікке жол сілтейтін шамшырақ тәрізді. Олар «кітап» деп аталатын асыл қазынаны білім шуағымен қатар, көңіл шуағын да шашып, бар мейірім, махаббатымен оқырманға жеткізеді.
2022 жылғы 18 қазандағы ҚР Үкіметінің қаулысымен кітапханашы мамандығын жанына серік еткен жандардың мәртебесін үстем ету, кітапханашы мамандығының имиджін көтеру мақсатында «24 қазан – Кітапханашылар күні» мерекесі болып бекітілді.
Осы мерекеге орай, Шардара аудандық білім бөліміне қарасты «Шардара» мектеп-лицейінде «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты мерекелік кеш өтті.
Мерекелік кешке ауданымызға қарасты мектептердің кітапхана қызметкерлері, ардагер кітапханашылар, ұстаздар қауымы және оқушылар қатысты.
Мерекелік кешті аудандық білім бөлімінің әдіскері Магитова Тұрсынай Бегімқұлқызы ашып, кітапханашыларды мерекемен құттықтады.
– Қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп атап өткен болатын. Ал кітаптағы рухани-мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, өз оқырманына таныстырып, табыстырушы – кітапханашы. Аталған мамандық иелерінің мерекесі, белгілі датаға қойылғаны көңіл қуантады. Өйткені, кітапханашылар барлық марапатқа лайықты. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін бұл мамандық иелері оқырманға қызмет етіп қана қоймай, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыруға күш салатын тұлға деп атап өтсем қателеспеймін. Өмірде сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығының өзіндік ерекшелігі бар. Кітапханада күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет, журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап алып жатқан оқырмандар, оқытушылар, қызметкерлер легі толастамайды. Сондықтан, кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне аса қажет. Құрметті қітапханашылар, мерекелеріңіз құтты болсын! - деген Тұрсынай Бегімқұлқызы, бір топ мұғалімдер мен кітапханашыларды мереке қарсаңында құттықтап, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұсатаева Жанаттың атынан «Алғыс хаттар» табыстады.
Олардың арасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп» жобасының жүзеге асуына өз үлестерін қосып және оқырмандардың әлемдік әдебиеттермен танысуына ықпал етіп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және «КітапХАН@» кітап оқу сайысына белсене атсалысып, үлес қосқан Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Айтенова Айнұр, «Сырдария» жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қалауова Шолпан, «Қазақстан» жалпы білім беретін мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мүғалімі Мажитова Салтанат, «Ұзын ата» жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Жүнісова Баян сынды ұстаздарымыз марапатқа ие болды.
Сонымен қатар, оқушыларға адамгершілік, имандылық тәрбиені қалыптастыру мақсатында аянбай еңбек етіп келе жатқан кәсіби мереке иелері Сәуле Мүсілімқызы, Феруза Тасыбай, Жақсыгүл Жәдігерқызы, Жамила Пірназарқызы, Күлпараш Қыдырбекқызы сынды кітапханашылар да мереке қарсаңында мерейлері тасып, аудандық білім бөлімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
«Шардара» мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Дәрменова Бибігүл де кітапханашыларды мерекелерімен құттықтай келе, оларға зор денсаулық, ұзақ өмір, қызметтерінде абырой биігінде көріне берулеріне тілектестігін білдірді.
Мереке қарсаңында рухани орталықтың дамуына, өлшеусіз үлес қосқан, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған Алмагүл, Рабия, Ару, Күлайша, Зина, Рахима, Қарлыға сынды ардагер кітапханашылар өз естеліктерімен бөлісті.
Іс-шара барысында мектеп оқушылары «Қаламмен жазғанды, қылышпен өшіре алмайсың» атты тақырыппен сахналық қойылым көрсетті. Онда өткен ғасырдағы ұлы ғұламалар Әбу Насыр әль-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сынды тұлғаларды сахналап, олардың кітап туралы ғылым мен білімге үндейтін өсиеттерін айтты. Оқушылар мәнерлеп өлең оқып, флешмоб, ән-би және сұрақ-жауап кезеңдері өткізілді. Аралбай Көркем мен Қындыбай Аяулым «Кітапхана» әнін орындаса, Ұзын ата мектебінің кітапхана меңгерушісі Байларбекова Күлпараш көпшілікке «сұрақ-жауап» ойынын ұйымдастырды. Бұл кеште көркемсөз оқу шеберлері де өнер көрсетіп, Айтенова Сәуле ақын, журналист Жұмабек Мұхановтың «Ей, Лесбек» өлеңін оқыса, Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің оқырмандары өз шығармашылықтарынан кітапханашыларға арнап жазған туындылары мен елімізге белгілі ақындардың өлеңдерін оқып, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Одан кейін Б.Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің кітапхана меңгерушісі Айдарова Гүлайна «Жолыққан қандай жақсы» әнін орындады.
Кітап. Кітапхана. Кітапханашы! Үш-ақ ауыз сөз болғанмен мағынасы тым тереңде. Бір-бірінсіз толыққанды бола алмайтын рухани ошақ. Бір-бірін жалғастырып тұратын, оларсыз қоғамды елестету мүмкін емес киелі ұғымдар.
Кітапханашыларға кітапхана жұмысының сан қилы әдістерін меңгеріп, кәсіби шеберліктерін одан әрі шыңдап, білімді де білікті маман ретінде оқырман көңілінен шығып, олардың талаптарын қанағаттандыру бағытында еңбектеріне толағай табыстар тілейміз.
Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda