ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Мектебі жақсы елдің – ертеңі жақсы

Б.Соқпақбаев атындағы білім беретін мектептің директоры Ақбердиев Еркінәлі Дүйсенбайұлы

«Ғаламдық өркениет» күннен-күнге қарыштап дамуда. Жаңа қоғамдағы мұғалімнің рөлі ХХІ ғасырда шығармашылық ізденіс пен зерттеуді талап етеді. Білім беру мазмұнын жаңарту білім берудің қазіргі заманғы білім берудің үздік практикасын кіріктіруге бағытталған, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруде. Біз жаңаша ойлап, өзгерістерге жаңаша қарауды қажет ететін жаңа технологиялар мен инновациялар заманында өмір сүріп отырмыз. Осы өзгермелі заман талаптарына ілесе алатын, жетістікке жету үшін өмір бойы білім алуға бейім азамат тәрбиелеумен қатар тұлғаның жеке басының адами қасиеттерін дамыту сияқты ұлы міндеттер ұстаздарға жүктелетіні даусыз.
Түркістан облысының Шардара қаласындағы Б.Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымы оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, заманауи әлемге бейімделген азаматтарды тәрбиелеу жолында жұмыла еңбек етуде. Қазақтың біртуар жазушысының атын иемденіп отырған мектеп ұжымы 2023-2024 оқу жылында жазушының 100 жылдық мерейтойын аудан көлемінде үлкен абыроймен атап өтті.
Ауызбіршілігі мықты ұжымда ата-аналармен және жергілікті тұрғындармен бірге жұмыс жасау жақсы жолға қойылған. «Ашық есік күні» іс-шарасы жүйелі ұйымдастырылып, мектептегі идеологияны түсіндіріп, олардың пікірін тыңдап, бірге талқылау үрдіске айналған.
Мектептегі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы бірізділік, талапшылдық та өз нәтижесін беруде.
Дарынды, ерекше қабілетті балалар жетістіктеріне тоқталатын болсақ, 5-11 сынып оқушыларына арналған Республикалық пән олимпиадасына 55 оқушы қатысып, 31оқушы ауданнан, 3 оқушы облыс көлемінде жүлделі орындарды иеленді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Г.Арынова «Абай оқулары» байқауынан жүлделі І орын иеленсе, химия пәні мұғалімі А.Асқарованың жұмысы «Үздік авторлық жоба» байқауында өз нәтижесін көрсетті. Мектеп ұжымы мен оқушылардың осындай бірлесе жасаған нәтижелі жұмыстары білім ордасының биік қадамдарын айқындай түседі.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың бұйрығымен орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Э.А.Цой жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
Жауапкершілікті бірге көтеріп, өзара ынтымақтаса қызмет ететін ұстаздарымыз мектеп мәртебесі үшін аянбай еңбек етуде. Табысты ұстаз және болашағынан үміт күттіретін шәкірт – болашақ, бәсекеге қабілетті мемлекеттің кепілі.
Made on
Tilda