ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Газет пен оқырман – егіз ұғым

Құрметті «Шартарап–Шарайна» ақпараттық-танымдық газетінің оқырмандары!
Сіздерді Жаңа түсі суық болғанымен жайлы болып келетін Жылан жылының басталуымен шын жүректен құтықттаймыз! Сіздермен бірге тағы бір жылды тарих қойнауына шығарып салғалы отырмыз. Әр жылдың өзіне тән ерекшеліктері болатыны анық.
Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып саналатын газеттің әрбір отбасында алатын орны ерекше. Өйткені, тың төсінде түрен салып, табысқа кенелген еңбек адамы болсын, ауруымен арпалысқан жанға шипа іздеген дәрігер болсын, болмаса бір жаңалықтың жаршысы болсын, олар туралы алғаш халықты хабардар етіп, ерліктерін елге жеткізетін бұқаралық ақпарат құралы – газет. Сол сияқты еліміздегі, әлемдегі болып жатқан жаңалықтарды халыққа жеткізіп, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, түсіндіретін де, мемлекеттік қолдауларды оқырманына жеткізетін де осы газет. Газетте жарияланған мақала – ол мәңгілік жоғалмайды, өшпейді.
Ал аудандық газет – аудан өмірінің айнасы. Облыстық, республикалық басылымдарда аудандарға бөлінген орынның шектеулілігі себепті аудандық газет аудан өмірін толық қамтып, ақпараттарды үздіксіз, мезгілінде халыққа жеткізіп отыратын газет болып есептеледі.
Аудандық «Шартарап-Шарайна» ақпараттық-танымдық газеті 23 жылдан бері үздіксіз шынайы ақпараттардың көзі болып, мемлекет мүддесін, ұлт мұраты мен ұрпақ болашағына бағытталған мақалалар жариялап, аудандағы жетістіктерді насихаттап, өз оқырмандарын тауып, шығарылып, таратылып келеді.
Оқырмандарымызға рухани, танымдық ақпараттарды көбірек беріп, газетімізбен байланысты бұрынғыдан да арттыру, ақпаратты толығырақ беру мақсатында газетімізге кейбір жағымды жаңалықтарды сіздер үшін QR-код арқылы енгізіп, сілтеме арқылы мазмұнды ақпарат беруді қолға алынып отыр. QR-код қолдану әдісі де оңай әрі жылдам. Ол үшін ұялы телефон камерасын кодқа әкелесіз де, онда шыққан сілтемені белгілеп ақпаратты аласыз.
Газет беттерінде ауданымыздың дамуына үлестерін қосып жүрген еңбек адамы, кәсіпкерлер, ұстаздар, дәрігерлер, әлемдік додаларда топ жарып көк Туымызды көкке көтерген спортшылар, көпшілікке салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттап жүрген абзал ардагерлер жайлы көптеген мақалалар жарық көрді.
Аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың жеке демеушілігімен Шардара-Абай жолының бойында, қаланың көрнекті жерлеріне ауданымыздың дамуына үлес қосқан мекемелер мен азаматтардың суреттері бильбордта ілініп қойылды. Ауданымыздың 60 жылдығы аясында 30 азаматымыз құрметке бөленіп «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атанды. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ жаңа ғимаратқа көшті. 200-ден астам тұрғын үй салынып кезекте тұрғындарға берілді. Тағы да осынша үй мен 1200 орындық «Жайлы мектеп», «Жүгері өңдейтін крахмал заводы» пайдалануға берілу сәтін күтіп отыр. Кеңес Одағының Батыры Сейітқасым Әшіровтің 100 жылдығы, тарихи тұлға, «Халық губернаторы» Аман Төлеев, ауданымызды басқарған Өстемір Тілегеновтің 80, Сүткент ауылының 80 жылдығына орай мақалалар топтамасы берілді.
«Шартарап–Шарайна» ақпараттық-танымдық газеті осындай жағымды жаңалықтарды жариялап, апта сайын оқырмандар назарына жеткізіп отырды. Сонымен қатар газетте оқырмандар шығармашылығы, кәсіпкерлердің іс-тәжірибесі насихатталып, жастарды отансүйгіштікке, халықтың салт-дәстүрін сақтауға, ата-ананы құрметтеуге бағытталған көптеген мақалалар мен сұхбаттар жарияланды. Газетте көп мекемелер мен мектептер жайлы айқара қос беттік арнайы шығарылым ұйымдастырылып тұрды. Аудан құрылған кезде еңбек еткен жандардың іс-тәжірибелері жастарға насихатталды. «Ардақты ардагер», «Тұлға», «Мерей», «Поэзия» және оқушылар шығармашылығына арналған «Алтын ұя» айдарымен де жарияланымдар берілді.
Жаңа жылда да бұл дәстүріміз өз жалғасын тауып, жаңа тақырыптарда материалдар жариялау да қолға алынбақ. Осы бағытта қалам тербеген оқырмандардың материалдарын үздіксіз жариялап жыл соңында марапаттауды қолға алмақпыз. Сол сияқты газетке ең көп оқырман жазылған мекеме, мектептер жайында арнайы беттер ұйымдастырылып, оларды да марапаттамақпыз.
Құрметті оқырман!
«Шартарап–Шарайна» ақпараттық-танымдық газеті 23 жылдан бері өздеріңізбен үздіксіз байланыс жасап келеді. Бұл байланыс алдағы кезде де нығая бермек. Сондықтан өз басылымыңыздың мазмұнды шығуына Сіз де атсалысыңыз! Мақалалар жазып, өз ойларыңызбен бөлісіңіз. Сіздерді қолдап, мақалаларыңыз бен шығармаларыңызға газет бетінде орын беруге біз дайынбыз! Сонымен қатар алдағы жылға «Шартарап-Шарайна» газетіне жазылған барша оқырмандарымызды, жазылуды ұйымдастырған мекеме, ұжым басшылығына, 100 басылымнан артық газетке жазылуды қамтамасыз еткен аурухана, мектеп басшыларына газет ұжымы атынан алғысымызды білдіреміз. Жаңа жылда жаңа жетістіктеріңіз көп болсын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз!
2025 жыл баршамызға бақ, береке алып келсін!
«Шартарап-Шарайна» ақпараттық –
танымдық газетінің редакторы Қары Нұрмахан
Газеттің меншік иесі «Нұр-МБК»
өндірістік кооперативінің төрағасы Қариев Нұрболат
Made on
Tilda