ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Асық ату – ұлттық мұра және болашақ чемпиондар спорты

Спорт
Қазақтың ұлттық ойындарының бірі – асық ату спорты жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды құралына айналды. Бұл өнер шапшаңдықты, ептілікті, мергендікті талап ететін ерекше спорт түрі. Асық ату тек ұлттық мәдениеттің бір бөлігі емес, сонымен қатар балалардың денсаулығына, ойлау қабілетіне және тәртібіне оң әсер ететін пайдалы ойын.
Асық ату спортының қыр-сырын меңгеріп, жас спортшыларды тәрбиелеп жүрген жаттықтырушылардың бірі – Халбай Әмірхан Жүсыбекұлы. Ол ауданымыздағы «Ұлттық спорт және өнер клубының» жаттықтырушысы болып қызмет етеді.
Әмірхан Жүсыбекұлы 1997 жылы наурыз айында Түркістан облысы, Шардара ауданы, Сол жағалау елді мекенінде дүниеге келген. Спортқа бала кезден қызығып, футбол, волейбол және қашықтыққа жүгірумен айналысқан. Кейін асық ату спортына бет бұрып, бұл салада үлкен жетістіктерге жетті.
Бала күнгі спортқа деген қызығушылығымен Шымкент қаласындағы Халықаралық Silkway университетіне денешынықтыру мамандығына оқуға түсіп, білім алады. Ол қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеп, жастарды спортқа баулып жүр.
– Көпшілік асық ату ойынын жай ғана дәлдікке негізделген ойын деп ойлауы мүмкін. Бірақ шын мәнінде, бұл – үлкен физикалық дайындықты қажет ететін спорт түрі. Мысалы, бір ғана таймда 15 минут ішінде ойыншылар бірнеше шақырымға дейін жүгіріп, үнемі жылдам қозғалыста болады. Сондықтан бұл ойын тек мергендікке емес, шыдамдылыққа, ептілікке және дененің икемділігіне де үйретеді. Логикалық ойлау қабілеті де дамиды, себебі әрбір асық ату белгілі бір стратегияны талап етеді. Ең бастысы – ойыншы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, қазақ халқының дәстүріне деген қызығушылығын арттырады, - дейді жас жаттықтырушы.
Әмірханның асық атудағы жетістіктері де аз емес. Өзінің табандылығы мен талмай еңбектенуінің арқасында ол Түркістан облысы чемпионатында бірінші және екінші орындарды иеленді. Сондай-ақ, облыстық, республикалық турнирде шеберлігін танытып, жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Облыстық спартакиадада да қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетіп, күміс жүлдегер атанды. Ал 2023 жылы Көкшетау қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында мықтылардың қатарынан көрініп, қола жүлдені қанжығасына байлады. Оның жетістіктері – қажырлы еңбектің, тынымсыз жаттығудың және спортқа деген шексіз сүйіспеншіліктің нәтижесі.
Жеке жетістіктерімен қатар, оның шәкірттері де жоғары нәтижелер көрсетуде. Әмірхан Жүсыбекұлы шәкірттерімен бірге екі рет Түркістан облысы чемпионатында жеңіске жетті. Ақтау, Астана, Арал қалаларында өткен Қазақстан чемпионаттарында үш рет бас жүлдені иеленді.
Асық ату – ұлттық дәстүр мен спортты ұштастыратын ерекше ойын. Бүгінде бұл спорт түрі қайта жанданып, халықаралық деңгейге көтерілуде. Халбай Әмірхан секілді жаттықтырушылардың арқасында жас жеткіншектер ұлттық спорттың қыр-сырын меңгеріп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Бұл спортты дамыту – ұлттық құндылықтарды сақтау, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу деген сөз. Демек, асық атуға деген қызығушылық тек ауыл-аймақтарда ғана емес, республика көлемінде артып, халықаралық аренада Қазақстанның атын шығаруға мүмкіндік береді.

Аяжан СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
Made on
Tilda