ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ҚОҒАМДАҒЫ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МӘРТЕБЕСІ: ЖЕТІСТІКТЕР МЕН МӘСЕЛЕЛЕР

Денсаулық
Адам өмірінде екі нәрсені бағалау керек. Ол – Алланың берген өмірі мен денсаулығы. Ал, осы денсаулықты сақтайтын, ауыра қалсаң жаныңа дауа болатын адам ол – медицина қызметкері. Медицина қызметкерлері – адамның ең басты құндылығы саналатын денсаулықты сақтап, өмірді қорғауға атсалысатын мамандар. Қоғамдағы медицина қызметкерлерінің мәртебесі олардың жауапкершілігі мен еңбегіне тікелей байланысты. Бұл мәртебе тек олардың кәсіби біліктілігін ғана емес, сонымен қатар адам өміріне деген мейірімділік пен адалдықты да көрсетеді.
Медицина қызметкерлері адам өмірін сақтау және аурудың алдын алу миссиясын атқарады. Олар күнделікті ауыр жұмыс пен моральдық жауапкершіліктің үлкен жүгін көтереді. Әсіресе, Covid-19 пандемиясы кезінде дәрігерлер мен мейірбикелердің қоғамдағы орны айқындала түсті. Олардың еңбегі тек емдеу ғана емес, сонымен қатар үміт сыйлау, қолдау көрсету, тіпті өмір мен өлім арасындағы көпір бола білді.
Қазіргі уақытта медицина қызметкерінің мәртебесі әрдайым жоғары деңгейде деп айта алмаймыз. Көптеген елдерде медицина қызметкерлері төмен жалақы, артық жұмыс, стресс және қоғам тарапынан әділ бағаланбау сияқты мәселелермен бетпе-бет келеді. Медицина саласындағы қиындықтарға қарамастан, бұл мамандықты таңдаған адамдардың адамгершілікке деген ұмтылысы ерекше құрметке лайық екені сөзсіз.
Сонымен қатар, қоғамда дәрігерлердің мәртебесі денсаулық сақтау жүйесінің сапасына, олардың жұмыс шарттарына және халықтың бұл мамандыққа деген көзқарасына тәуелді. Егер қоғам дәрігерлерді жоғары бағаласа, бұл болашақта денсаулық сақтау саласына көбірек жастарды тартып, жүйені жақсарта түсуге мүмкіндік берер еді.
Менің ойымша, медицина қызметкерінің мәртебесін арттыру жолдары келесідей қадамдардан тұрады:
1. Жалақы мен еңбек шарттарын жақсарту: Медицина қызметкерлеріне лайықты жалақы төлеу және олардың еңбек жағдайларын жақсарту – олардың мәртебесін арттырудың маңызды қадамы.
2. Қоғамдық қолдау көрсету: Дәрігерлердің еңбегін түсіну және бағалау үшін қоғамда оларға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру қажет.
3. Білім беру мен кәсіби даму: Медицина қызметкерлерінің үздіксіз білім алып, кәсіби біліктілігін арттыруына жағдай жасау олардың мәртебесін күшейтеді.
4. Медицина саласының беделін көтеру: Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы медицина қызметкерлерінің жетістіктерін көрсету, олардың рөлін насихаттау – бұл мамандыққа деген сенім мен құрметті арттырады.
Медицина қызметкерлері – қоғамдағы ең ізгі мамандықтардың бірі. Олардың мәртебесі тек олардың кәсіби біліктілігіне ғана емес, сонымен қатар олардың адамгершілігіне, жанашырлығына, адалдығына байланысты. Адам өмірін сақтауға арналған бұл мамандыққа әрқашан ерекше құрмет көрсету – әрбір саналы азаматтың борышы.
Қорытындылай келсек, қоғамның дамуы медицина қызметкерлерінің еңбегіне тікелей тәуелді. Сондықтан олардың мәртебесін арттыру – денсаулық сақтау саласын ғана емес, жалпы қоғамды жақсартуға ықпал етеді. Қоғам медицина қызметкерлерінің қадірін түсініп, оларды әрдайым қолдап отырса, бұл салада адал еңбек ететін кәсіби мамандардың қатары көбейеді. Медицина қызметкерінің еңбегін бағалау – адамгершілік пен өркениетті қоғамның белгісі.

БЕКМҰРАТ Құттықыз Сыдыққызы
Ақалтын дәрігерлік емханасының
аға дәрігері және инфекционист дәрігері, «Жыл үздігі – 2024»
Made on
Tilda