Жаз айы – балалар үшін ең қымбат мезгіл. Мектеп қабырғасынан босап, жаңа серуендер мен қызықтар әлеміне аттанатын кез. Біздің елімізде балаларға деген қамқорлық барлық жағынан жасалған. Денсаулықтарын сақтаумен, сапалы білім алуымен қамтылған олар сонымен қатар жазғы демалыстарын жақсы жасақталған лагерлерде түрлі мәдени, спорттық шараларға қатысып, жаңа достар тауып, көңілді өткізеді.
Сондай оқушылардың керемет демалатын лагерлерінің бірі – Кентау қаласындағы «Үркер» балалардың демалыс лагері. Бұл лагердің ерекшелігі мен жұмысының сапасы жоғары деңгейде. Оның дәлелі – облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің осы жайдың жұмысымен танысып, жоғары баға бергені. Мұнда олар өздерінің жасырын таланттарын ашады, жаңа дағдыларды меңгереді, достық қарым-қатынастар орнатады.
Кеше таңертең ауданымыздан осындай керемет лагерде жазғы демалыстарын өткізуге 400-дей шардаралық оқушы сегіз автобуспен аттанды. Жылы да жақсы рәуіште өткен шығарып салу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Төребеков Бейсенбай Тасболатұлы оқушыларға арналған жылы лебіздерін білдірді. Ол балаларға жақсы демалып, жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастауларына тілектес екендігін айтты.
«Балалар, сіздерді керемет лагер күтіп тұр. Сол жерде көңілді өткізіп, пайдалы уақыт өткізіңдер. Жаңа достар табыңдар, жаңа білімдер алыңдар. Денсаулықтарыңызға мұқият болыңдар», – деді Бейсенбай Тасболатұлы.
Балаларын бекітілген мұғалімдерге сеніммен табыстап, шығарып салған ата-аналары лагерді ұйымдастырушыларға деген алғыстарын білдірді. Олар үшін ең бастысы – балаларының қауіпсіз және пайдалы демалысы.
«Біздің балаларымыз сапалы демалыс алып, жаңа ізденістерге толы болып қайтады деп сенеміз. Мұндай мүмкіндік жасаған барлық адамдарға алғыс айтамыз», – деді балаларын шығарып салған ата-аналардың бірі.
Жалпы биыл «Үркер» балалар лагерінде мың оқушының демалатыны жоспарланған. Бірінші кезекте 400 бала жіберіліп, қалған 600 бала алдағы екінші, үшінші маусымда жолға шығарылатын болады.
Сонымен қатар аудан мектептерінде де бастауыш сыныптардың оқушыларына лагерлер ашылып, жұмыс жасауда. Бұл – үй жанындағы балаларға да сапалы демалыс мүмкіндігін беру мақсатында іске асырылып отырған шара.
Осылайша біздің ауданның оқушыларының биылғы жазғы демалысы ерекше көңіл-күйде өткізілмек. Балаларға жасалған осындай қамқорлық олардың дамуына, денсаулығына және рухани өсуіне зор ықпал етеді.
Мемлекетіміздің балаларға деген назары мен қамқорлығы арқасында жас ұрпақ жан-жақты дамып, келешек елдің мықты азаматтары болып өседі. «Үркер» лагеріндегі демалыс балаларға ұмытылмас әсер қалдырып, олардың өмірлік тәжірибелерін байытады.
Ж.ЖІГЕРҰЛЫ