«КЕЛЕШЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ – ЕРТЕҢГІ ТАҢДАУДЫҢ ІРГЕТАСЫ
2025-05-21 09:59
Әлемді дүрліктірген дағдарыстардың жаңғырығы қазірдің өзінде жақыннан естіледі, ал әлеуметтік саясаттағы немқұрайлылықтың құны жай ғана кестелердегі құлдырау емес, бүтін ұрпақтардың қасіретіне әкелуі мүмкін. Қазақстан үстірт шешімдерден саналы түрде бас тартып, терең себептерге үңілетін, салдары ұзаққа баратын ықпалға негізделген стратегиялық бағытты таңдады. «Келешек» бағдарламасы – жүйеге жамау ретінде қосылған кезекті бастама немесе бір реттік жомарттықтың көрінісі емес. Бұл – ертеңгі күннің қарыздан басталмауын көздейтін түбегейлі іргетас. 2025 жылдың 10 қаңтарында «Келешек» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін заңдық тұрғыдан бекіткен құжатқа қол қойылды. Бұл – пішіні қарапайым, бірақ мазмұны стратегиялық дәлдікпен түзілген тетік. Бағдарламаға енген әрбір бала үшін мемлекет бес жасынан бастап білім беру капиталының негізін қалайды: барлық балаға 60 АЕК (235 920 теңге), ал жетім балаларға – 120 АЕК (471 840 теңге) мөлшерінде. Бұл – жай ғана бастапқы салым емес, болашақ – миф емес, оны жоспарлау, уақытпен есептесу, жауапкершілікпен қарау қажет екенін мойындаудың белгісі. «Келешек» қатысушысы болу үшін ата-ана екінші деңгейлі банкте депозит ашуы немесе өмірді сақтандыру компаниясымен (ӨСК) шарт жасасуы керек. Өзі – барынша қолжетімді рәсім. Бірақ дәл осы таңдаудан болашақтағы отбасы тұрақтылығына әсер ететін шешімдер легі басталады. Бағдарламада ата-аналар үшін жыл сайынғы міндетті жарна қарастырылған: әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін – 12 АЕК, қалғандары үшін – 24 АЕК. Бұл сома – шамамен айына 4 000 немесе 8 000 теңге – күнделікті тұрмыста байқалмай кететін тұтынушылық шығындармен шамалас. Алайда «Келешек» аясында бұл сандар нақты бағдарға ие болады: олар болашақтың қаржылық архитектурасының бөлшегіне айналады. Әрине, сын көзбен қараушылар инфляциялық тәуекелдерді орынды алға тартады. Уақыт өте ақша құны төмендейді – бұл даусыз шындық. Бірақ бұдан да осалы – мүлде жинағы жоқ адам. «Келешек» инфляцияны жоймайды, бірақ оның салдарын жұмсартуға мүмкіндік береді. Жылдар өте сәл құнсызданған жинақтар – шешуші сәтте әлдеқайда көбірек таңдау еркіндігін береді. Мысал – қарапайым: он жыл бұрын 3 миллион теңгеге жабылатын шығындар мен бүгінгі мүмкіндіктер – әрине, өзгеше. Бірақ бұл сома бүгін де маңызынан айырылған жоқ. Көпшілік қазір де осы ақшамен маңызды мәселелерді шеше алар еді. Сол сияқты, «Келешек» бағдарламасы аясындағы жинақтар да – инфляцияға ұшыраса да – баланың білім алуына нақты қолдау көрсететін ресурс. Мұндай жинақ болмағанда, ата-ана кенеттен ірі сома табуға мәжбүр болар еді, несиеге жүгінуі ықтимал – оның пайыздары, әдетте, ауырлау келеді. Бұл – мүлде басқа деңгейдегі жүктеме.
Сонымен қатар, бағдарламаның ынталандырушы және тәртіпке келтіруші қырлары бар екенін атап өткен жөн. Ынталандыру – мемлекет тарапынан 5–7% көлемінде төленетін жыл сайынғы сыйақы. Ал тәртіптілікті талап ететін жайт – депозитті жүйелі түрде толықтыру қажеттілігі. Егер салымшы тарапынан қаражат құйылуы тоқтап қалса, әсіресе жинақталған қаржы мөлшері заңмен бекітілген ең төменгі 24 АЕК-ке жетпеген жағдайда, бұған дейін есептелген мемлекеттік үстеме ақының күші жойылуы ықтимал.
«Келешектің» айрықша қасиеті – ол тіпті мектеп қабырғасынан кейін де таңдау еркіндігін ұсынуында. Грантқа ие болдыңыз ба? Жинақталған қаржыны екінші жоғары білім алуға бағыттауға, оны Қазақстан Республикасының өзге азаматына табыстауға, сақтап қоюға, немесе баспана алуға жұмсауға мүмкіндік бар. Бұл тек «университетке түсу үшін» жинақ емес – бұл икемділік пен тәуелсіздік капиталы.
Бағдарламаның басты құндылығы да осында ашылады: «Келешек» – бұл қаражат туралы ғана емес, ең алдымен еркін таңдау мүмкіндігі жайлы. Банк пайызына алаңдамай, өз жолыңды айқындау туралы. Арқа сүйер біліміңізбен қатар, алдын ала есеппен және сеніммен қаланған қаржылық іргетасыңыз болғанда, нарық конъюнктурасына тәуелді болмау туралы.
Бұл – жеңілдіктерді ұсыну саясаты емес, бұл – саналы ұрпақты қалыптастыруға бағытталған кемелдік саясаты. Е.ТӘЖІБЕК.