ШАРТАРАП ШАРАЙНА

АУҚЫМДЫ ӨТКЕН АУДАНДЫҚ СЕМИНАР

Білім
Түркістан облысы, Шардара ауданы, Достық ауылындағы «Достық» жалпы білім беретін мектеп КММ базасында 2024 жылдың 11 желтоқсаны күні «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында біртұтас тәрбие мен ұлттық құндылықтарды тиімді қолдану» тақырыбында аудандық тәжірибелік семинар өткізілді.
Семинар білім беру үрдісінде бір-тұтас тәрбие мен ұлттық құндылықтарды сабақпен ұштастыра отырып, оқушылардың өздігінен білім алуына ықпал ету, белсенді әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана отырып, оқушылардың қабілеттерін арттыру, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.
Мектеп директоры Абилов Сырым Қасқарбекұлы семинар басталмас бұрын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне сәттілік тіледі. Семинардың тақырыбына сай мектеп алдындағы алаңға қазақтың киіз үйі тігіліп, іші ұлттық құндылықтармен толық безендірілді. Келген қонақтарды ұлттық дәмнен ауыз тигізіп, әжелер шырқаған ауылдың алты ауызымен, домбыра үйірмесінің жетекшісі Жұмажанов Ералының күйші шәкірт-терінің күмбірлеген күйімен, би үйірмесінің жетекшілері Қозыбекова Жанат пен Нахипова Ділбардың мың бұралған биші қыздарының биімен ерекше қарсы алды.
Семинарда мұғалімдер оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді және оқыту мен бағалауда жасанды интеллектіні қолдану аясы тиімділігін сабақ сәтінде көрсете білді. Атап айтқанда, 8 «ә» сыныбына қазақ тілі пәнінен Қозыбекова Шамшат «Ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ», 9 «б» сыныбына әдебиет пәнінен Авазова Алмагүл «Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті», 5 «а» сыныбына әдебиет пәнінен Алтынбекова Алтынай «Хобби», 11 «а» сыныбына әдебиет пәнінен Е.Әбікенұлының «Пәтер іздеп жүр едік…» әңгімесіндегі замана шындығы тақырыбына Шыныбекова Айгүл, 10 «а» сыныбына «Мұнай индустриясы» тақырыбына қазақ тілі пәнінен Төлепова Зылиха айшықты ашық сабақтарын өте жоғары деңгейде көрсете білді. Мен де 6 «б» сыныбына қазақ тілі пәнінен «Ахметтің даналық тағылымы» тақырыбында ашық сабақ өттім.
Мектептің ұйымдастырушы педагогтері Нұргүл Абдалиева, Табия Шораева, ҚББП Юлдашева Ізет тағы да басқа мұғалімдермен бірге келген қонақтарға әрбір сабақ арасындағы үзілісте ұлттық ойындар ұйымдастырдық.
Сонымен бірге күмбірлеген күй, әдемі көрме қонақтарға ерекше әсер сыйлап, шынайы эмоцияларын жасыра алмай жүректен шыққан ақ тілектерін жаудырды. Ары қарай орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Магомеди Мира «Тиімді әдіс-тәсілдер мен тәжірибе» тақырыбында коучинг дәрісін өткізген соң мектептің өнерлі оқушыларының қатысуымен «Тәуелсіздік – тұғырым» атты ашық тәрбие сағаты өте шынайы, әсерлі өткізілді.
Семинар соңында мектеп директоры Абилов Сырым Қасқарбекұлы мен АББ әдіскері Айнұр Туреханова ашық сабақ көрсеткен пән мұғалімдеріне алғыс білдіріп, марапаттады.
САЛИМБАЕВА
Алтын Нұралықызы —
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестік жетекшісі
Made on
Tilda