ШАРТАРАП ШАРАЙНА

АЛАТАУ БАТЫР АУЫЛЫНДА АЛҚАЛЫ ЖИЫН ӨТТІ

Шардара аудандық ардагерлер кеңесі Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің «Ұрпақ тәрбиесіндегі бет-бұрыс» жобасы аясында Алатау батыр ауылдық округінде семинар-кеңес ұйымдастырып, оған Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ә.Сапарбеков, аудандық мәслихат төрағасы Б.Мүтәлиев, Аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры М.Мұсабеков және ау-дандағы барлық мектеп директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, «Әкелер мектебінің» төрағалары, «Әжелер алқасының» мүшелері және Медиаторлар кеңесінің төрағасы Ж.Нұрымбет қатысты.
Семинар кеңесті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков ашып, жүргізіп отырды. Кеңесте Ә.Сапарбеков ардагерлердің ұрпаққа тәрбиесі, өскелең ұрпақтың дамуы турасында кең мағынада баяндама жасады. Облыстық деңгейдегі маңызды шараға қатысқан Бұлтбай Мүтәлиев аудан ардагерлерінің жиыны туралы пікірін білдіріп, алдағы уақыттарда да мұндай келелі кеңестердің жалғасын таба беретініне сенім білдірді.
Сонымен қатар семинар барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ардагерлер кеңесі жанындағы «Әкелер мектебінің» төрағасы Нұрғали Ибрайым, «Әжелер алқасының» төрайымы Гүлзакира Исаева және аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрғали Әбілдаевтар да баяндамалар жасап әке мен әженің мектеп жасындағы балаларға берер оң тәрбиесі мен ықпалы туралы түрлі мәліметтер берді.
Сонымен қатар Алатау батыр ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ақжаров семинар-кеңестің өзі басшылық ететін ауылда ұйымдастырылғанына ризашылығын жеткізіп, ауыл ардагерлерінің мемлекетіміздің дамуы жолындағы атқарған ілкімді істеріне тоқталды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің тікелей ықпалымен жүзеге асқан жиында Алатау батыр ауыл округіндегі ардагерлердің бастауыш ұйымының жаңа қызметтік кабинеті ашылып, ондағы ардагерлердің жан-жақты жұ-мыс атқаруына қолайлы жағдай жасалды. Жаңа кабинеттің лентасын қиған Ә.Сапарбеков мұнан әрі аудандық Мәдениет сарайы, ауылдық Мәдениет үйі және «Ақ әжелер» халықтық ансамблінің, «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұйымдастырған концерттік бағдарламасын тамашалап, бала тәрбиесіне байланысты мағынасы зор қойылымдарды көрді. Сахналық көріністі тамашалаған көпшілік қауым ондағы кез-келген адамға терең ой салар қазіргі қоғамдағы түйіткілді мәселелерді көріп, көздеріне жас алды. «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» тақырыбындағы семинар-кеңесте ауылдағы игілікті істердің бел ортасында қоғамдық жұмыстардың ұйытқысы болып жүрген жергілікті белсенді ардагерлер Алғыс хаттар алып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің тікелей бастамасымен жүзеге асқан жиынды ұйымдастыруда ерекше белсенділік танытқан Алатау батыр ауылдық округінің әкімі М.Ақжаров пен бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қ.Сейсен және Әжелер алқасының төрайымы М.Ақжароваларға Т.Бердібековтың атынан арнайы алғыс айтылып, марапаттар табысталды.
Семинар-кеңесті қортындылаған Тоқсанбай Бердібеков аудан ардагерлерінің алдағы уақыттарға жоспарлаған жүйелі жұмыстарына сәттілік тіледі.
Made on
Tilda