ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН КҮРЕСЕМІЗ

Төтенше жағдайлар
Соңғы уақыттарда әлемді есепке алмағанда, Қазақстанның өзінде-ақ табиғи апаттар орын алып жатқанын ескерсек, сол жағдайлардан сақтану және алдын алу шаралары күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелер қатарында тұр. Өмірімізге қай күні, қай тұстан, қалай қауіп келерін білмейміз, біз оған дайын болып үлгереміз бе?! Осы ретте барша төтенше жағдайлар бөлімдеріне артылған жауапкершілік те жоғары болмақ. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Жолдаулары мен тапсырмаларында аталмыш сала мамандарына барынша қолдау көрсетіп, оларды заманауи техникалармен, құрал-жабдықтармен, қажетті арнайы киімдермен қамтамасыз етуді, жалақыларын көтеруді тапсырған болатын. Жақын уақытта аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біз ауданымыздағы төтенше жағдайлар бөліміне барып, оның тыныс-тіршілігімен танысып, аталған бөлімні басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Сартбаевпен сұхбаттасып, түрлі апат кезінде адамдарға бірінші болып көмекке ұмтылатын батыл жандардың қызметі мен шомылу маусымна қатысты алдын алу шаралары жайында көбірек білуге тырыстық.

–Саламатсыз ба? Елімізде соң-ғы уақытта орын алған оқиғаларға байланысты Төтенше жағдайлар саласында өзгерістер болды ма? Мемлекетіміз және төтенше жағдай министрлігі тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жайына тоқталсаңыз.
– Саламатсыз ба! Иә, қазіргі таңда елімізде соңғы уақытта орын алып жатқан төтенше жағдайларға байла-нысты біздің саламызға өте қатты көңіл аударылып жатыр. Айта кетсек, материалдық, техникалық базадағы өрттен құтқару техникалары мен техникалық жабдықтар жаңартылуда, қатардағы қызметкерлердің жалақысы көтерілді. Алдағы уақытта ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды ескерту комитеті құрылу жоспарлану-да.
–Бүгінде өзіңіз жұмыс жасап отырған Төтенше жағдайлар бөлімінде төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы, қызметкерлер құрамы мен техникалық базасы қандай?
–Шардара ауданында Төтенше жағдайлар бөлімі, Шардара қаласында №4 өрт сөндіру бөлімі, Алатау-батыр ауылында №38 өрт сөндіру бекеті, Шардара қаласында құтқару жасағы бар. Шардара ауданында Төтенше жағдайлар саласы бойынша жалпы 69 қызметкер жұмыс істейді. Ауданда 6 негізгі техника, 4 көмекші техника, 2 темір қайық, 1 резина қайық бар.
–Қазіргі таңда аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
–2024 жылдың 5 айлық мерзімінде бөлім қызметкерлерімен Шардара ауданы аумағында орман, дала өрттерінің алдын алу және болдырмау, суда қауіпсіздік ережелерін сақтау және адам өлімін болдырмау мақсатында 2 рет телеарнада көрсетілім жүргізілді, жергілікті БАҚ арқылы 5 мақала жарық көрді, әлеуметтік желілер арқылы 6 рет бейнероликтер көрсетілді, 1 дана бильборд ілінді, жергілікті атқарушы орган, жергілікті полиция қызметкерлерімен және еріктілермен үгіт-насихат, рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, табиғат аясында демалушыларға 780 дана ескерту жадынамалары таратылды.
–Төтенше жағдай кезінде ең бастысы құтқарушылардың дайындығы. Өзіңіз айтып өткендей, біздің ауданда көбінесе өрт оқиғалары орын алып отырады. Алайда оқыс оқиғалардың түрі көп қой. Осы ретте біздің ауданымыздағы төтен-шеліктердің оларға деген дайындығы қалай? Әзірлік ретінде өтетін науқандық оқу-жаттығулар жылына неше рет өткізіледі?
–Басқару органдарын, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарын әртүрлі ТЖ жою кезіндегі іс-қимылдарға дайындау мақсатында Республика көлемінде жыл сайын 4 рет Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді, бұдан басқа күнделікті туын-дайтын төтенше жағдайларға дайын-дықты қамтамасыз ету мақсатында ай сайын бекітілген жоспар кестеге сәйкес Өрт тактикалық сабақтар өткізліп тұрады.
–Сөз соңында шомылу маусымында тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?
–Шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түспей, тек рұқсат етілген жерлерде ғана суға түсу керек, суға шомылғанда қауіпсіздік ережелерін сақтап, балаларды қараусыз қалдырмау керек, масаң күйде суға түсуге болмайды және жүзу білмейтіндер, суға белінен жоғары суға түспеуі керек. Соңғы 3 жылда ауданымызда 8 адам, оның ішінде 5 баланың суға кетуі тіркелді. Айта кетсек бұл жағдайлардың бәрі суға масаң күйде түсу, жүзу білмеу, балаларды қараусыз қалдыру және суға түсуге тыйым салынған жерде суға түсудің нәтижесінен болып отыр. Құрметті Шардара ауданының тұрғындары мен қонақтары, қауіпсіздік ережелерін сақтап өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтаңыздар дегім келеді.
–Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбатты жүргізген:
Бота БОЛАТОВА

Made on
Tilda