«Құрметті бүгінгі шараға қатысушылар! Мына Зәмзагүл мен Ботакөз сонау жерден еріккенінен келіп отырмағанын, барлық мақсат қоғамдағы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың олқылықтарын түзету болып жатқанын біліп отырсыздар. Бұл қоғамдағы қазіргі жағдайларға бірінші кезекте аналардың жандарының ауыратындығын көрсетіп отыр. Қазір қандай істің болсын басы-қасында аталарымызбен бірге әжелеріміздің де жүргені жасырын емес. Өйткені ұрпақ тәрбиесі, салт-дәстүр баршаға ортақ. Күні кеше осындай ауқымды шара Алатау батыр ауылдық округінде де өтті. Әсіресе, жастардың алдағы өмірлеріне қауіп төніп тұр. Ата-аналары ие бола алмай қалды. Бәрі телефонның, интернеттің жетегінде кетті. Ақыл-кеңесті ата-анадан емес интернеттен сұрайтын болды. Жастар ешнәрседен қорықпай, алдында не болатынын болжай алмай неше түрлі оқиғаларға кездесіп жатыр. Сондықтан да бірінші кезекте әр отбасы тәрбие мәселесін өз шаңырағында қолға алып, ұл-қызға үлгі болатындай болуы керек. Отбасында жақсы тәрбие алған ұрпақ келешекте де оның пайдасын көреді. Ауданда бірлестіктер де, қоғамдық ұйымдар да баршылық. Бәрінің алға қойған мақсаттары бір болғандықтан бірлесіп жұмыс атқарғандары дұрыс деп санаймын. Бибігүлге мына бастаған жұмысында мол жетістіктер тілеймін.