ШАРТАРАП ШАРАЙНА

ШӘКІРТІМ – ЕЛ ҚОРҒАНЫ! Астанадағы әскери парадқа менің де шәкіртім қатысты

«Ұстаздан шәкірт озса – қуаныш,
Шәкірттен ұстаз туса – жұбаныш» дейді дана халқымыз. Білім мен тәрбие берген шәкірттерің ел қорғанына айналып, Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып жүрсе, ұстаз жүрегі шаттыққа бөленбей қайтсін?!
Жуырда Астана төрінде, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты әскери парад өтті. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясын паш еткен, ел намысы мен ерлік дәстүрін ұлықтаған тарихи сәт болды. Салтанатты шеруді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі ашып, барша жұртты ұлық мерекемен құттықтады. Ел Президенті Қарулы Күштердің Тәуелсіздік тұғырын нығайтудағы маңызын ерекше атап өтіп, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.
Бұл күні астаналықтар мен еліміздің әр өңірінен келген қонақтар заманауи әскери техника мен бөлімдердің сап түзеген көрінісін зор мақтанышпен тамашалады. Парадқа қатысқан сарбаздардың бірқатары – ел ертеңі болар, еліміздің әр түкпірінен шыққан білімді де тәртіпті, Отанға адал ұлдар бола-тын.
Солардың арасында менің шәкіртім – Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты 14-Бекет елді мекеніндегі А.Иманов атындағы жалпы білім беретін мектептің 2022 жылғы түлегі, үздік оқушысы Айтхали Тілектес Бейсенбекұлы да сап түзеп, салтанатты шеруге қатысты. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш, жүрекке мақтаныш ұялатар сәт! Шәкіртімнің осындай ұлы іс-шарада сапта тұруы – мектептің ғана емес ауданымыздың мақтанышы. Менің ұстаздық еңбегімнің нәтижесі.
Тілектес – мектеп қабырғасында жүргенде-ақ алғырлығымен, тәртіптілігімен, білімге құштарлығымен дараланған шәкірт. Оның әскери өмірді таңдауы – азаматтық жауапкершіліктің, отансүйгіштіктің жарқын көрінісі.
Мен – өз шәкірттерімен мақтана алатын бақытты ұстазбын! Олардың әр жетістігі – менің де еңбегімнің жемісі.
Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің елге қызмет етіп, абыройлы жолмен жүріп келе жатқанын көру.
«Шәкірттің жақсысы – ұстаздың айнасы» демекші, олар ел тірегі болып, Отан намысын қорғап жүрсе – мен үшін одан артық бақыт жоқ.

ШАҒДАРОВА Гүлсара Төлегенқызы – Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
Made on
Tilda