ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Оқушылар «SYR QURTY» брендін жасауда

Білім
Шардара аудандық білім бөлімінің 2024 жылғы 22 ақпандағы №49 бұйрығымен білім беру ұйымдарында Lesson Study тәсілін ұйымдастыру, ауданда мұғалім тәжірибесіндегі білімді жетілдіруге бағытталған зерттеу педагогикалық тәсілін жүзеге асыру бойынша «Сырдария» жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, 3 «Ә» сынып жетекшісі Утегенова Гүлжан жоспарлаған сабағын өткізді.
Ол «Құрт – қазақтың ұлттық тағамы» тақырыбындағы зерттеу сабағында тізбектелген сабақтар топтамасын жасап, диалогтік оқыту модулін енгізу арқылы айтылым, оқылым дағдыларын дамытуды мақсат етіп, сабақта бірнеше тәсілдерді қолданды.
Мектепте 26 сәуір күні «Lesson Study жаңаша оқытудың ерекше зерттеу тәсілі» атты аймақтық семинар өтті. Семинардың басты мақсаты – оқыту үдерісінде жаңаша әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану арқылы түсінік бере отырып, ұстаздармен өзара ой бөлісіп, тәжірибе алмасу.
Осы аймақтық семинарда Гүлжан Утегенова «Қазақтың ұлттық бренді – құрт» тақырыбында сабақ өтті. Сабақтың мақсаты – деңгейлік тапсырмаларды орындауда мұғалімнің оқушыға сұрақтарды жүйелі түрде қою арқылы оқу материалдарын меңгерулеріне көмектесу болды. Диалог сабақта оқушылардың қызығушылықтарын арттырумен қатар білім деңгейінің өсуіне едәуір үлес қосу, ой-өрісін, тілдерін, сөздік қорларын дамыту болды.
Қазақтың ұлттық тағамдарын ажырата білуге үйрету мақсатында Гүлжан Утегенова әрбір сабағында диалогтік оқытуды қолданып топтық, жеке, жұптық жұмыстар арқылы оқушылардың сабаққа, ұлттық тағамға деген қызығушылықтарын арттыра түсті. Оқушылармен сөйлесу мен тыңдау арасындағы байланыс нәтижеге жетелеп отырды. Олар пікір алмасып, өз идеяларын ортаға салып, бір-біріне түсіндірді.
Жауаптарын дәлелдеуге тырысты. Әсіресе, «Екі оқушының әңгімесі» диологі керемет үйлесімін тапты. «Сағаттың тілі» әдісі бойынша оқушылардан үй тапсырмасын сұрау өте тиімді әдіс болды.
3 сынып оқушыларына алғашқы сабақтарында «Сүт қайдан алынады?», «Айранның пайдасы және құрамы», «Сары майдың жасалу жолдары», «Сарысудың маңызы», «Ірімшік қалай жасалады?», «Сүзбеден жасалатын тағамдар» туралы мәліметтер берген Гүлжан Акбарқызы соңғы сабақтарында құрттың құрамындағы дәрумендерін, пайдасы, түрлері туралы өтіп семинарда «Қазақстанның ұлттық бренді – құрт» тақырыбындағы жұмысын таныстырды.
– Қазақта сиыр, қой, түйе, ешкі басқа да жануарлардың сүтінен дайындалатын бөрте, сықпа секілді құрттың елуге жуық түрі бар. Оған әртүрлі қоспалар, дәрумендер қосу арқылы неше түрлі пішінде құрт дайындап ұсынуға болады.
Біз мектеп оқушыларымен бірге өзіміз қалаған пішінде құрт дайындап, оның құрамын, дайындалу жолдарын көрсетіп «SYR QURTY» этикеткасын жапсырып, тетра-пакетке салынған түрінде семинарға келушілерге ұсындық. «SYR QURTY» деп атауымызға себеп мектебіміздің «Сырдария» атауын және Сырдария өзені бойында орналасқандығын көрсеткіміз келді.
Осылайша қазақтың құртын дәріптедік. Пайдалы, табиғи өнім, бірнеше жыл сақтауға болады, ағзаға пайдалы. Шырыны бүйректегі тасты шаяды. Басты мақсатымыз дүкендердегі әртүрлі газды сусындардың орнын келешекте сүт, құрт өнімдерімен алмастыру, – деді Гүлжан бұл жұмыстарды жүргізуге аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрғали Жұманның көп көмегі болғандығын айта келіп.
Педагог – зерттеуші, 25 жылдық іс-тәжірибесі бар кәсіби маман Утегенова Гүлжан Акбарқызының бұл іс-тәжірибесін аудан, облыс мектептеріне насихаттап, таратуға толық негіз бар сияқты. Білікті ұстазға алда жаңа жетістіктер тілейміз.
Жаңабай ӘЛІҚҰЛҰЛЫ
Made on
Tilda