ШАРТАРАП ШАРАЙНА

Құтыру ауруынан сақтаныңыз!

Денсаулық
Құтыру – адамдар мен жануарлар арасында таралатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Бұл аурудың қоздырғышы – РНК құрамды вирус, ол орталық жүйке жүйесін зақымдайды және өлімге әкелуі мүмкін.
Аурудың негізгі тасымалдаушылары: Құтырудың басты қоздырғыштары – ит, мысық, қасқыр, түлкі, шибөрі, сілеусін, жабайы мысық (мәлін), жарқанат, басқа да жабайы аңдар мен үй жануарлары.
Эпидемиологиясы
(Құтыру ауруы қалай жұғады?): Құтыру вирусы көбінесе иесіз қаңғыбас иттер мен мысықтардан, сондай-ақ жабайы аңдармен таласу кезінде жұғады. Адамдарға бұл ауру жануар тістегенде, тырнағанда немесе сілекейлегенде жұғады. Құтыру ауруының жұғу көзі көбінесе иттер болып табылады – бұл жағдайда жұғу мүмкіндігі 60-70 пайызды құрайды. Егер жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда, дереу емханаға барып, құтыруға қарсы вакцина алу қажет.
Құтырудың белгілері (клиникасы): Аурудың бастапқы кезеңі 1-3 күнге созылады, оның негізгі белгілері: қорқыныш, үрей, жалпы әлсіздік, бас ауруы, дене қызуының 38-40 градусқа дейін көтерілуі. Науқас селсоқ болып, қорқынышты түстер көреді, ұйқысыздық басталады. 2-3 күннен кейін тынышсыздық, жүрек соғуының жиілеуі, тыныс алу мен жұтылудың қиындауы байқалады. Судың көрінісі немесе «су» деген сөз естілуі ке-зінде гидрофобия (су қорқынышы) пайда болады, науқас су іше алмайды. Ауру жарықтан және ауа қозғалысынан қорқатын болады. Сонымен қатар, сандырақтау, есту және көру галлюцинациялары пайда болуы мүмкін. Науқас сілекей ағу және қатты терлеуден зардап шегеді. Ұстама кезеңінде тыныс алу мен жүректің тоқтауынан өлім жағдайы болуы ықтимал.
Құтырудың алдын алу шаралары: Жарақаттанған жағдайда, ең алдымен, медициналық көмекке жүгініп, құтыруға қарсы вакцинаны алу керек. Жарақаттанған жерді сабынды сумен жуып, йодпен өңдеп, антирабикалық егу алуға міндетті түрде назар аударыңыз. Құтыруға қарсы екпе алу – бұл аурудан сақта-нудың жалғыз тиімді әдісі. Екпе алғаннан кейін және курстың аяқталуынан кейін кем дегенде 6 ай бойы алкогольден, ауыр дене еңбегінен және қатты суықтан аулақ болу қажет, өйткені бұл ережелердің сақталмауы иммундық жүйені әлсіретуі мүмкін.
Егер адам белгілі бір жануардан жарақат алған болса, ол жануарды мал дәрігеріне көрсету керек. Мал дәрігері 10 күн бойы бақылап, сау екендігін анықтаған жағдайда, науқасқа 3 рет вакцина беріледі. Ал егер жануар жоғалып кетсе немесе өлсе, онда 5 рет вакцина егу тағайындалады.
Балаларды жануарлардан аулақ ұстап, қажет болған жағдайда мал дәрігерін шақыру қажет. Жарақаттанған жануарды өлтірмей, оны қамап немесе байлап ұстау керек.
Егер ит, мысық немесе басқа да үй жануарларыңызды асырайтын болсаңыз, мал дәрігеріне көрсетіп, құтыруға қарсы вакцина ектіріп тұруды ұмытпаңыз.
Өз денсаулықтарыңыз өз қолдарыңызда екенін ұмытпаңыз!
Құтыруға қарсы екпе тегін егіледі.
О.ЖИЕНАЛИЕВ
Шардара аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Made on
Tilda